жұма, 22 қараша, 2024 19:07

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Медеу СӘРСЕКЕ:   ШЫНДЫҚТЫ АШУ – ОҢАЙ ЕМЕС, ЕСЕСІНЕ ОЙЫҢ ДА, БОЙЫҢ ДА  ӨСЕДІ...

Медеу СӘРСЕКЕ:    ШЫНДЫҚТЫ АШУ – ОҢАЙ ЕМЕС,  ЕСЕСІНЕ ОЙЫҢ ДА, БОЙЫҢ ДА  ӨСЕДІ...
Фото: пресс-служба МКИ
Екінші кітап «Бекмаханов» болуға тиіс еді.

 – «ЖЗЛ» сериясынан шыққан екінші кітабыңыз «Ебіней Бөкетов». Оның да шығуы осылай оңды шешілді ме?

       – Шындығын айтқанда, екінші кітап «Бекмаханов» болуға тиіс еді. Бірақ, іздеген деректеріме қолым жетпеді де, «Біртуар Бөкетовті» бұрын аяқтадым. Оны толғауға түрткі болған екі адам: алғашқысы – ғалымның тетелес інісі Қамзабай Арыстанұлы,  екінші жанкүйер – белгілі қаламгер, «Қазақстан» баспасының иегері әрі ұлттық намысы жоғары азамат Нұрмахан Оразбек. Екеуі де 2002 жылдың көктемінде Семейге телефон шалып, Ебіней Арыстанұлының 2005 жылғы 25 наурызда тойланбақ 80 жылдығына дейін ғұмырнама кітап жазуға тапсырма жасады. Менің ойлануым бірер аптаға созылды. Ақырында белді бекем буып, Қамзекеңе телефон шалып, «ағасының үйіндегі барлық қолжазбасын, кітаптарын, ғылыми еңбектерін, замандастарымен жазысқан хаттарын түп-түгел Семейге жеткізіп беріңіз, сол материалдар келген күні ғұмырнаманы бастаймын, ал кітапты бітірген сәтте бәрін де қайтарамын» дедім. Ол кісі мен сұраған дүниелерді, көлемі екі чемодан материалды жолаушылар автобусы арқылы жеткізді. Мен де дереу жазуға отырып, төрт-бес айда бес тараудың нобайын қарайттым. Қиналмай бастауыма Ебекеңді студент күнімнен білетіндігім, 1956 жылдары басталған сыйластық ақырғы күніне, 1983 жылдың 13 желтоқсанға дейін үзілмегені де мұрындық болғаны анық. Алайда? Академик Бөкетов Қарағандыға ауысқан кезеңіне жеткенімде қалам кібіртіктей бастады. Өйткені, сол кісінің қолынан инженер-металлургтің дипломын алсам да, кәсіби мамандығымнан едәуір қарайып қалыппын. Соны сезген соң Қарағандыға келіп, Ебекең негізін бекем қалаған ХМИ-да екі апта бойы табан аудармай отырып, байырғы достарым, Ебекең шәкірттерінен (бәрі дерлік техника ғылымдарының докторлары) ғылыми кеңес алдым. Құтыханаларды аралап, ғылыми сынақтарды бақыладым. Кейбір шәкірттерінен Ебекеңнің басшылығымен жүргізген тәжірибе туралы жазбаша деректер сұрадым. Мысалы, институтта бес жыл бірге оқыған досым, ғалым-металлург Сағынтай Исабаевқа барып, докторлық диссертацияңа жазбаша түсінік бергенше (ал ол улы элемент мышьякты даралаудың, сақтаудың құпиясын ашқан ірі ғалым, бұл әлемдік жаңалық!) ешқайда кетпеймін деп бірнеше күн  үйінде қонақ болдым. Ақыры, сұрағаныма қолым жетті. Төкен Ғабдолла баласына да соны істедім. Ол да ғылым докторы, алпыс жасқа жете алмай, бертінде шейіт болды. Сол сапарда, кейін де маған ерекше қызмет көрсеткен дарынды ғалым әрі Ебекең рухына ерекше адал шәкірті В. Малышев болды. Білім министрлігінің сол кездегі басшысы, техника ғылымдарының докторы  Н.Бектұрғанов пен Фитохимия институтының директоры, академик С.Әдекеновке де сондай міндет арттым. Қамзабай Арыстанұлының бастауымен Солтүстік Қазақстан облысына, Шал ақын атындағы ауданға барып, Ебекеңнің  жастық шағы өткен Есіл жағасын араладым. Сол сапардан да бірталай естелік алып қайттым. Әлқисса содан жазуға отырып, сенесіз бе, екі жарым жылда ғұмырнаманы аяқтадым. Көлемі 600 бетке тақады. Бастапқы ойым 25 табақ еді, жаза келе тың ойлар туып, неше алуан оқиғалар қосылып, ғұмырнаманың аясы ғылыми ғана емес, өмірлік тұрғыдан да кеңейіп, 34 баспа табаққа жетті. Нәтижесінде күллі өмірі айтыс-тартысқа толы ғалымның ғылыми алып тұлғасы тұлғаланып, әдеби еңбектері де дараланып өзгеше сипатқа ие болды. Қолжазбаны аяқтаған соң Алматы мен Қарағандыға апарып, шәкірттеріне оқыттым. Амал не, біздің қауымға әдет болып сіңген солақай тәрбие белең берді. Көптеген шәкірттері қазақша мәтінді оқи алмайтынын мойындасын. Жазған құлда шаршау бола ма, дүдәмал тұстарын өзім ауызша баяндап, ғылыми дәлдігін тексердім. Мен мәтінді ұсынғандардан қазақша нұсқаны құлшына оқығандар небәрі екі-үш адам: ҰҒА-ның президенті Мұрат Жұрынов, ерлі-зайыпты ғылым докторлары Әбдуәлі және Ажар Баешов және академик Серғазы Әдекенов. Ақырында ғылыми баяндауымның негізі дұрыстығына көзім жеткен соң 2004 жылдың желтоқсан айында қолжазбаны «Қазақстан» баспасына  тапсырдым. «Ғибратты ғұмыр» топтамасының кезекті кітабы болып, «Ебіней Бөкетов» келесі жылы, ғалымның туғанына 80 жыл толуы қарсаңында 2 мың дана таралыммен жарық көрді. Кітаптың алғысөзін академик М. Жұрынов жазды. Сол кітапты біз сатуға шығармай, республика кітапханаларына тегін тараттық.                            

       – Ебіней Арыстанұлының ғұмыры сыпыра күрес екені мәлім. Ғұмырнама кітапта соның бәрін көрсеттіңіз бе, кімдердің қастандық жасағанын, ҚарМУ-дың тұңғыш ректоры болған кезінде басынан кешкен зобалаңдарды қайттіңіз?

        Бәр-бәрін қаз қалпында бердім. Кімдердің ынтасымен қудалау көргенін, небәрі 59 жылға созылған өмірінің соңғы кезеңінде, 1979 жылғы 19 мамырда «Ленинская смена» газеті жариялаған «Хлестаковпен автор болған» деген сойқанды фельетонды кім жазғанын түре ашып, содан өрбіген қастандық өмірінің  ақтық сәтіне дейін тиылмағанын, бірде-бір ғылыми, әдеби еңбегін, көркем аудармаларын жариялай алмай запы болғанын, сорақы қудалаудың себептерін нақты айғақтармен түре аштым. Бұл менің – жазушылық кредом!..    

       – Сол үшін өзіңіз де қиянат көргеніңіз мәлім. Өйткені, академик Бөкетовті  қудалаушылар, естуімізше, билік басындағылар...

      – «Біртуар Бөкетовті» мен XXI ғасырда жаздым, бұл болса, билікті уысында ұстағандардың әлсіреген кезі. Солардың кейбірі қолжазбамның бір бетін оқымаса да деректі кітапта өздері үшін шатақ жайттар айтылатынын сезген сияқты, 2004 жылдың күзінде «Қазақстан» баспасының директоры Н. Оразбек маған телефон шалып:  «Ғибратты ғұмыр» сериясына жыл сайын бөлінетін үш кітаптың қаржысын Астанадағы шенеуніктер бермей отыр, мен сізге өтірікші болдым, не істейміз?» дегенде, мен: «Нұрмахан, ақша сұрап, ешкімге барма. Саған керек қаржыны мәтінмен бірге аласың, тек қанша керегін есепте, маған төлейтін қаламақыны да соған қос...» дедім. Шынында да солай болды: ҚР Кен шикізатын кешенді пайдаланудың ұлттық орталығы сол қаржыны қолма-қол аударды; бұл енді Ебіней Арыстанұлының рухына адал шәкірттерінің әрекеті...        

       – Медеу аға, сіз бұрнағы жылғы бір сұхбатыңызда 2005 жылдан бері «Бөкетовті» 6 рет шығарып, таралымын 15 мыңға жеткіздім депсіз. Соның бәріне демеушілер таптыңыз ба?

       – «Біртуар Бөкетов» жетінші мәрте биыл жарияланады. Демек, таралымы  жиырма мыңға жақындайды. Әлбетте кейбір басылымын Мәдениет министрлігінің қаржысымен шығардым. Ал, өзгесін? Ебіней Арыстанұлының ғылыми және азаматтық зор тұлғасына деген рухани сұраныстың әсері әрі менің де еңбегімнің жанкүйерлер тарапынан бағалануы деймін. Шынтуайтын айтқанда, Бөкетов біздің ұлт туған Сәтбаевтан кейінгі екінші алып тұлға. Бұл тұжырымды мен екеуінің ғылыми техникалық ойы мен ғалымдық тұлғасының үздігі атанып әрі сол салада өшпес із қалдырған ұлы еңбектері үшін даралап отырмын. Салыстырып көрейік: Сәтбаев металлогениялық ізденісте өз тұрғыластарынан кем дегенде елу, әлде жүз жыл алға шықса, Бөкетов Менделеев кестесіндегі галогендер тобы атанған 19 элементті айыруда өндірістік озық технологиясын теориялық тұрғыдан оңды бағдарлап, соларды айыруды іс жүзінде ұтымды шешкен ғалым. Оның 1966 жылы Мәскеуде қорғаған докторлық диссертациясы селен элементін айыру проблемасына арналған. Ол осы зерттеуді бастағанда селенді кентасының қалдықтарынан   айыру небәрі 60 пайыз болған, жиырма жылдан соң сол шама 90 пайызға жетті. Осы жетістік Ебіней Арыстанұлы ұсынған екі әдіспен жүзеге асқан. Жә, селен не үшін қажет десеңіз, Финляндия биологтары жер қыртысында селен жетпегендіктен фин халқының жүрек дертіне жиі шалынатынын зерттеумен біліп, селен элементін бөлетін өсімдіктер өсіруді мемлекеттік деңгейде шешкен. Демек, селенге сұраныстың ересен көбейетінін менің ұстазым 1960 жылдары болжаған. Ебекеңнің шәкірттері ол жасаған схема бойынша Жезқазғанның қалдық кентасынан осьмий элементін 99,99 пайыз тазалықта айыруды меңгеріп, сол элементтің небәрі 3 килосын Чехияға 240 миллион долларға сатқанын біздің газеттер он жыл бұрын дабыралай жазды. Шындығында Ебекең шәкірттері қолы жеткен жаңалықтың нарқын білмей, АҚШ-та алынған осьмийге қарап өздерінің ғылыми жетістігін кем бағалаған. Сөйтсе, америкалықтар өнімінің тазалығы небәрі 70 пайыздай ғана екен. Әлбетте одан кейінгі өнім бірнеше есе қымбаттады. Осьмийге де ділгерлік қазірде еселеп өсті, чех  ғалымдары одан обыр дертіне қарсы дәрі-дәрмек жасауды меңгерген...         

        – «Біртуар Бөкетов» кітабыңызды Мәскеуден қалайша шығардыңыз?  

       – Бұл енді детективке ұқсаған тарих. Мен сол кітапты аяқтауға тақаған кезімде Астанадағы «Фолиант» баспасының иесі Нұрлан Исабеков Семейге телефон соғып, «Нартұлға» деген атаумен жаңа топтама ашпақ едім, соның бірінші кітабы етіп, сіздің еңбегіңізді шығарайын, «Бөкетовті» маған беріңіз, қаламақыны да үстемелеп төлеймін» деді.  Мен бірақ:» бұл кітап әуелі тапсырыс жасаған «Қазақстан» баспасынан шығады, ал қажет десеңіз, жарым жылдан кейін мәтінін сізге де берейін, тек баспаңыздың кітабын көрмей, уәде етпеймін» дедім. Бұл енді «қаламгер атаулы баспаны өзі таңдауға тиіс, керісінше баспа қаламгерді емес...» деген шетелдік үлгіден шыққан озық дәстүр. Қысқасы, «Фолианттың» өндірістік мүмкіндігін ұнатқан соң қолжазбаны тағы бір мәрте редакциялап, «Нартұлға» топтамасына ұсындым. Ол кітап 2005 жылы жарық көрді. Алғашқы «Бөкетовтің» 250 данасын Ебекеңнің еліне, Солтүстік Қазақстан облысының кітапханасына сыйға тартқанымда, облыс әкімі Тайыр Мансұров («ЖЗЛ» топтамасынан тұңғыш елішіміз «Нәдір Төреқұлов» ғұмырнамасын жариялаған әуесқой әдебиетші): «Медеу аға, мына кітабыңызды тездетіп орысшаға аударыңыз, орысша басылымын мен көтерейін...» – деген-ді. Сол сөз қозғаушы болып ғұмырнаманың орысшасын дайындауға отырдым. Ол жұмыс біткен соң Қарағандыға барып, Ебекенің ғалым-металлург шәкірті әрі әуесқой әдебиетші В. Малышев пен ҚарМУдың профессоры, филолог-доктор Т.Савченко деген зиялы әйелге аударманы ұсындым. Екеуі де қолжазбаны жата-жастана оқып, бұл аударма емес, біздің пайымдауымызша, орыс тілінде еркін жазылған туынды. Еш нәрседен қысылмаңыз, кітап детектив сияқты тартымды оқылады, ең бастысы, біз білетін алып тұлғаның бейнесі ойдағыдай сомдалған десті. Сол пікірлерін екеуі де ауызша ғана емес, жазып та берді, кітап жарық көргеннен кейін мерзімді баспасөз жүзінде де жариялады. Қысқасы, «Евней Букетовтың» орысшасы «Фолианттың» топтамасынан 5 кітап болып,  орыс тілінде 2007 жылы жарық көрді. Екі рецензенттің құптаған пікірі мені ойға қалдырып, сол нұсқаны Мәскеуге ұсынғанмын. Бұл енді, маймөңкесі жоқ, «екі жеп биге шығудың амалы». Мәскеуден де жыл басында мәтінді құптаумен қоса 5 мың дана кітаптың шығыны есептелген калькуляция алдым. Сол құжатты Мәдениет министрі Ермұхамет Ертісбаевқа көрсеткенімде: «Ебекең менің ҚарМУ-де оқығанда «Болмасам да ұқсап баққан» сүйікті ұстазым. Мына қаржыны екі-үш айда үкіметтен алып, Мәскеуге аудартамын. Ештеңеге алаң болмай, үйіңізде де тыныш жатыңыз. Мәскеуге де іссапарға да қаржы беремін...» – десін.             

      –Бұл енді «Бөкетовтің 4-ші басылымы болды ма?

      – Төртінші басылымын 2006 жылы алпысқа толар қарсаңымда шығарған 6 томдық «Шығармалар жинағымның» 5-томы етіп шығарғанмын.

      – Орысша аудармашысы кім болды?      

      – Бұл жолы Ирина Игоревна Никифорова есімді саркідір тартқан орыс әйелімен жұмыс істедім. Мінезі байсалды әрі ерекше білгір адам екен. Мен Мәскеуге жеткенше қолжазбаның жартысын дайындап қойыпты. Еш жерін кескілемеген, тек сөйлемдерге ғана түзету жасапты. Онысы тіпті жарасымды.  Небәрі екі аптада  жұмысты бітірдік. Мүмкіндік барда қыдыртайын деп екі немеремді ала барғанмын, екеуі де қыз бала, үлкені – студент. Соларға Мәскеуді көрсетіп, үнемі қыдырумен уақыт ұзаттық. «Бөкетов» 606 бет көлеммен жыл аяғында жарық көрді. «Сарыарқа» қоры оны арнайы күзетпен жүк машинасын жіберіп, келер жылдың басында Қарағандыға алғызды. Кітаптың тұсаукесер тойын Ебекеңнің туған күні 23 наурызда Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың студенттер сарайында өткізді, Жер-жерден ғалымның шәкірттері шақырылды. Мен оған отбасыммен бардым. Лайықты құрметке шаш етектен кенелдім. Қарағандының қазақ театры Ебекең Шекспирден аударған драманы көрсетті.  Ебекеңнің қарағандылық ғалым шәкірттері жаппай қуаныштаған айтулы мереке болды. Бес мың  дана кітап кітапханаларға таратылды, шәкірттері де сыйлыққа алды. Маған да 500 дана кітап сыйға берілді. Тегінде қарағандылықтар Ебекеңнің сол өңірде 25 жыл ғүмырын ғылыми зор еңбекпен өткізген ерлігін, қалтқысыз зор еңбегін құрметтеуден жаңылған емес. «Молодая гвардия» баспасы шығарған «Ебіней Бөкетов» кітабын тойлау да сол құрметтің асқар шыңы болды десем – артық-ауыс мақтан емес, шынайы мерекеге айналғанын көзім көріп, көңілім сүйсінген қуаныш.

Жалғасы бар...

   

 

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар