жұма, 22 қараша, 2024 19:41

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Жас ғалымдардың халықаралық форумы өтті

Жас ғалымдардың халықаралық форумы өтті
Фото: дереккөз
Бүгінде Астана медицина университетінде оқып жатқан 2 мыңға жуық білім алушы ғылыми және инновациялық белсенділікті дамытуға бағытталған студенттік ұйымдарда зерттеу жұмыстарымен айналысып жүр. Бұл туралы Жас ғалымдардың халықаралық форумында АстМУ-ның басқарма төрағасы-ректор Камалжан Надыров айтты.

Елорданың бас медициналық білім ордасында жас ғалымдардың халықаралық жиыны өткізіліп жатыр. 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күніне орайластырылған форум жастардың арасында ғылымды дәріптеп, осы бағыттағы жетістіктер туралы пікір алысу платформасын құруды көздейді. Алқалы басқосуға құрметті спикер ретінде ғылым саласында танымал тұлғалар шақырылып отыр. Астана медициналық университетінің басшысы Камалжан Талғатұлының сөзінше, былтыр ғылыми жобалар бойынша университеттің ішінде гранттар бағдарламасы іске қосылған. Осы орайда 200-ден астам студент түрлі халықаралық конкурс пен конференцияның жүлдегерлері атаныпты.

«Биыл ғылыми блокты жаңғырту бойынша бірқатар пәрменді шараны іске асыру жоспарланған. Айталық, университеттің барлық ғылыми әлеуетіне ревизия жүріліп, ғылыми саясат қайта құрылымдалады, қорғау құжаттарын алу үшін сыйақы беру мүмкіндігімен зияткерлік меншік саласында жаңа саясат енгізіледі. Коммерцияландыру және бизнес-инкубация кеңсесі құрылды. MedHubAstana жеке инкубациялық және акселерациялық бағдарламасы іске қосылып жатыр. Білім шаңырағында алғаш рет Университеттің бизнес-серіктестер клубы ашылып отыр», – деді К.Надыров.

Бұл тұрғыда озық ойлы жастардың жиынына еліміз бен шетелдік университеттер мен ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысып жатқанын айта кету керек. Халықаралық басқосу Денсаулық сақтау министрлігі, Жоғары білім және ғылым министрлігі мен «Ғылым қоры» АҚ, сондай-ақ ірі медициналық компаниялар мен бизнестің басқа да құрылымдарының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ форумның MedX форматындағы сессияларында ғылыми салада белгілі 15-тен астам құрметті спикер жастарға табысты кейстер туралы баяндайды.

Бұдан басқа DemoDay аясында үздік стартап жобалары таныстырылады. Ғылыми жобалардың презентациясына 40-тан астам өтінім берілген. Олардың ең үздіктеріне арнайы жүлде тағайындалады, тиісті жобаны болашақта іске асыру мақсатында қаржылай қолдауға ие болмақ.

Айта кетейік, форум Астана медицина университетінің 60 жылдығын мерекелеу аясында қолға алынған алғашқы ауқымды іс-шара. АстМУ-де медициналық ғылымды дамытуға, сондай-ақ осы саладағы ынтымақтастыққа айрықша көңіл бөлініп келеді. Бұл ұстаным университеттің алдағы үш жылға арналған Даму стратегиясында қамтылған. Форумға еліміздегі 14 ірі жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ ТМД, Еуропа және Азия елдерінен келген шетелдік жас ғалымдар қатысты.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар