«Білім жүйесі бизнеске айналды»: Математика мұғалімі аттестация мен ақылы олимпиадаларды сынға алды
- авторОймақ
- Бүгін, 10:58
- 21
Қазақстандық математика мұғалімі Азамат Самбетқұлов білім беру жүйесіндегі ақылы олимпиадалар, сертификаттар мен педагогтерді аттестациядан өткізу тәртібін қатаң сынға алды. Оның айтуынша, мұғалімдердің кәсіби жетістігін бағалау жүйесі табыс табудың құралына айналған. Педагог бұл мәселені Мемлекет басшысының назарына жеткізуге шақырды, деп хабарлайды Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап Oimaqnews.kz.
Әлеуметтік желіде жариялаған бейнеүндеуінде Азамат Самбетқұлов мұғалімдер мен оқушыларға арналған ақылы олимпиадалардың қалай ұйымдастырылатынын өз тәжірибесі арқылы көрсеткен.
«1900 теңгеге бірінші дәрежелі диплом алдым»
Мұғалім ақылы олимпиадалардың біріне қатысып, бірінші дәрежелі диплом алғанын айтады. Оның сөзінше, тапсырмаларды орындау кезінде басқа адамның көмегін пайдалануға мүмкіндік болған.
«Негізгі мақсатым үш минуттың ішінде тапсырып шығу еді. Бірақ интернеттің нашарлығына байланысты 20 минутқа жуық уақытым кетті. 1900 теңгеге бірінші дәрежелі диплом алдым», – дейді ол.
Педагог мұндай олимпиадалардың қаржылық айналымына да назар аударды. Оның есебінше, 400 мың мұғалім 1900 теңгеден төлесе, ұйымдастырушыларға 760 млн теңге түседі.
Ал оқушыларға арналған олимпиадалардың кейбіріне қатысу құны 1000 теңге екенін жеткізді. Егер оған 3 млн оқушы қатысса, бір олимпиаданың өзінен 3 млрд теңге жиналуы мүмкін.
«Осындай 3 миллиардтық олимпиададан жылына 30-40-ын өткізсе, қанша ақша болады? Есептеп көріңіз», – дейді мұғалім.
«Мұғалімдерді заң жүзінде осы бизнестің мүшесіне айналдырдық»
Азамат Самбетқұловтың пікірінше, мәселе ақылы олимпиадалардың көптігінде ғана емес. Олардың нәтижелері педагогтердің рейтингі мен аттестациясына әсер ететіндіктен, мұғалімдер түрлі сертификат пен диплом жинауға мәжбүр.
Ол осы тұрғыда «Дарын», «Өрлеу», және басқа да білім беру құрылымдары мен платформалардың қызметіне қатысты сұрақ көтерді.
«Осы сорақылықты біз қалай заңдастырып жатырмыз? Оны білім бөліміндегі рейтингке қосып жатырмыз. Ал мемлекеттік деңгейде қалай қолдау көрсетіп жатырмыз? Аттестацияға жарамды етіп жатырмыз», – дейді педагог.
Оның айтуынша, мұғалімдерді бес жыл сайын аттестациядан өткізу талабы түрлі ақылы курстар мен қызметтерге сұранысты арттырады.
Бейнеүндеу барысында педагог аттестацияға дайындық бойынша ұсынылатын ақылы сүйемелдеу қызметінің жарнамасын да көрсетеді. Онда мұндай қызметтің құны 150 мың теңге екені айтылады.
«Ашық түрде сүйемелдеу қызметі ұсынылады. 150 мың теңге. Сондықтан мұның бәрі бизнес», – деп мәлімдеді ол.
«Мұғалімнің білімі бес жыл сайын қуаттайтын батарейка емес»
Педагог аттестациядан өту мерзімін қайта қарауды ұсынды. Оның пікірінше, мұғалімнің кәсіби тәжірибесі мен еңбек өтілі біліктілік санатын анықтауда маңызды рөл атқаруға тиіс.
«Екі жылдан асқан мұғалімге – модератор, бес жылдан асқанға – сарапшы, он жылдан асқанға – зерттеуші, он бес жылдан асқанға шебер санатын беру керек. Қаласаң да, қаламасаң да, тәжірибең сені шебер мұғалім етеді», – дейді ол.
Азамат Самбетқұлов педагогтерді аттестациядан өткізу мерзімін бес жылдан сегіз немесе он жылға дейін ұзартуды ұсынды.
«Мұғалімнің білімі батарейка емес, бес жылда бір зарядтап тұрмаса, отырып қалатын», – деп түйді ол.
«Мұғалімнің бала оқытуға уақыты қалмады»
Бейнеүндеуде көтерілген тағы бір мәселе – мұғалімдердің негізгі жұмысынан алшақтауы.
Педагогтің пікірінше, рейтинг, аттестация, сертификат жинау және түрлі платформалардағы есептілік мұғалімдердің уақытын алып, оқушылардың білім сапасына кері әсер етіп отыр.
«Мұғалімдер осындай сергелдеңге түсіп жүргендіктен, оқушылардың тәрбиесі мен біліміне бөлетін уақыты жоқ. Оқушылар арасында буллинг, суицид мәселелері бар, білім сапасы өте төмен. Ал біз өтірік сапа көрсетіп жатырмыз», – дейді ол.
Оның айтуынша, мектептегі білім сапасына көңілі толмаған ата-аналар балаларын қосымша білім беру орталықтарына беруге мәжбүр. Бұл отбасыларға қосымша қаржылық салмақ түсіреді.
«Ата-аналар баланың тәрбиесі мен білімін қадағалай алмай, сол қаражатты табу үшін күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Бір мұғалімнің аттестациясының салдарынан бүкіл қазақ елінің тамырына балта шабылып жатыр», – деп мәлімдеді педагог.
«Президент араласпай, ештеңе оң шешімін таппайды»
Азамат Самбетқұлов білім беру жүйесіндегі жалған көрсеткіштер мен қағаз жүзіндегі жетістіктердің зардабына да тоқталды. Оның пікірінше, мұғалімдерді рейтинг қуалауға мәжбүрлеу білім сапасына ғана емес, жас ұрпақтың тәрбиесіне де кері әсерін тигізіп отыр.
«Қазір рейтинг қуалап, өтіріктен ұрпақтарды арлы азамат қыламыз деп, алаяқ адамзат тәрбиелеп жатырмыз», – деді ол.
Педагог мұндай жағдайдан мұғалімдердің өздері де әбден шаршағанын жеткізді. Әсіресе, түрлі платформаларды толтыру, есеп беру, сертификат пен диплом жинау ұстаздарды негізгі міндетінен алшақтатып отырғанын айтты.
Ол білім беру жүйесіндегі мәселелерге жауапты лауазымды тұлғалардың назар аударуын талап етіп, Президентке үндеу жасады.
«Президент араласпай, біздің елде ешқандай мәселе оң шешімін таппайды. Себебі барлығы бизнес», – деді мұғалім.
Азамат Самбетқұлов әріптестерін аттестация, ақылы олимпиадалар мен білім беру саласындағы өзге де мәселелер туралы ашық пікір білдіруге шақырды. Сондай-ақ алдағы уақытта білім жүйесіндегі олқылықтарды көтеруді жалғастыратынын мәлімдеді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Ұқсас жаңалықтар
Үш үйірмеге айына 75 мың теңге: Қазақстанда қосымша білім кімге қолжетімді?
- авторОймақ
- 11 қараша, 2026
TikTok-та бейәдеп сөз айтқан маңғыстаулық жігіт 7 тәулікке қамаққа алынды
- авторОймақ
- 11 қараша, 2026






