жұма, 22 қараша, 2024 18:46

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

ЕҰУ ғалым мерейтойын атап өтті

ЕҰУ ғалым мерейтойын атап өтті
ЕҰУ баспасөз қызметі
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған ғылыми-зерттеу, ағарту және мәдени-бұқаралық іс-шаралар кешенін өткізді.

Бұл күні ғылыми және академиялық қауым өкілдері, қоғам және мемлекет қайраткерлері, студенттер заңғар тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Мерейтойлық шаралар аясында Еуразия ұлттық университеті  Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаған Қаныш Имантайұлына арналған барельеф ашты. Барельеф негізгі елордалық оқу ордасының Қаныш Сәтбаев көшесінде жайғасқан бас ғимаратында орнатылды. Оның авторы – ЕҰУ сәулет кафедрасының аға оқытушысы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, белгілі мүсінші Талғат Анарбеков. Барельефтің өлшемі 60х80 см.

 «Мен бір апта бойы Қаныш Сәтбаевтың лайықты портретін іздеп, осы нұсқаға тоқтадым. Рельеф мүсіндік пластилиннен жасалған. Барельефті жасау барысында түпнұсқаға барынша ұқсатуға  тырыстым, біраз қиындықтарға тап болғанымды да жасырмаймын. Жалпы, мүсіндеу үшін бір айға жуық еңбек еттім», - деп атап өтті Талғат Анарбеков.

Бұл күннің басты оқиғасы - «Қаныш Сәтбаев – ұлт мақтанышы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы. Оған еліміздің ғылыми қоғамдастық өкілдері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер қатысты.

Конференция барысында ҚР Президентінің құттықтау хаты оқылды. Онда «Қаныш - Қазақстан тарихында айрықша орны бар тұғырлы тұлға. Академиктің мол мұрасын жан-жақты дәріптеп, есімін ұлықтау - ұрпақ парызы» деп көрсетілген.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев конференция қатысушыларына арнаған құттықтау сөзінде атап өткендей, Қаныш Сәтбаевтың бүкіл өмірі, отансүйгіштігі және өз халқына жанқиярлықпен қызмет етуі жастар үшін өшпес үлгі болып табылады. Сондықтан Қаныш Сәтбаевтың баға жетпес мұрасын насихаттау – бүгінгі ұрпақтың парызы. Біз Еуразия ұлттық университетінде бұл  жұмысты жүйелі түрде жүргізіп, жастардың бойына ғылымның, білімнің және адамгершіліктің жоғары құндылықтарын сіңіреміз.Қаныш Имантайұлы сияқты дарынды, кәсіби деңгейі жоғары, ұлтжанды тұлғаларды тәрбиелеу – мемлекеттіліктің нығаюына, инновациялық экономика мен әділетті қоғамның дамуына қосқан үлес. Ғылым қызметкерлерінің күні Қаныш Сәтбаевтың есімімен тығыз байланысты екенін білесіздер. Сондықтан бүгін университет еліміздің барша ғылыми қауымын осы конференцияда қарсы алуға қуанышты», - деп атап өтті Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.

Конференция барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясы жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Мақсат Жабағин сөз сөйледі.

«Академик Қаныш Сәтбаев – әлемдік деңгейдегі тарихи тұғырдан орын алуы, ғылыми және рухани мұраларының жалпыадамзаттық маңызға ие болуымен байланысты, сонымен қатар бір ұлттың шеңберінен шығып, бүкіл адамзат биігіне көтерілген қайталанбас планетарлық деңгейдегі біртуар тарихи тұлға. Әрине, "планетарлық деңгейдегі" тұлға Қаныш Сәтбаевтың, аса көрнекті ғалым, заңғар ғұламалығымен қатар Қазақ Елі ғылымының  басты ұйымдастырушы екендігі - еліміздің даму тарихындағы баға жетпес еңбегінің бір бөлігі ғана. Жалпы алғанда, академик Қаныш Сәтбаев ел дамуының экономикасы, өндірісі, ғылымы, мәдениеті, руханиятында бағасы өлшеусіз мол мұра қалдырғаны, Қазақ елінің болашағы зор болсын деп жасаған ұшан-теңіз еңбегі – бірнеше кітаптар жазарлық дүние болып табылады», - деп атап өтті ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Қ.И.Сәтбаев атындағы халықаралық қоры» қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алтынбек Нұхұлы.

Конференцияға қатысушылар Қаныш Имантайұлының мұрасын дәріптеу мәселелерін, Мемлекет басшысының Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің отырысында алға қойған міндеттерін талқылады.

 «Сәтбаевтың ойлау, қиял, философиялық түйсігі, энциклопедиялық білімі, кемеңгерлігінің ауқымын білу кейінгі ғасырларға берілген. Ол – «толық адам» бейнесі, қазақ ғылымының ұйытқысы, ұлттың ұлылығы, даналық пен мейірімділіктің символы», - деп атап өтті Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры  Серік Негимов.

   Сондай-ақ, бұл күні заңғар тұлғаны еске алу мақсатында Еуразия ұлттық университетінде «Планетарлық денгейдегі тұлға» көрмесі ұйымдастырылды. Бұл көрме бірнеше тақырыптық аймақтарға бөлінді.

    Конференцияға қатысушылар мен студенттер ЕҰУ қабырғасында ғұлама ғалымның туған жерінен арнайы әкелінген эксклюзивті жәдігерлермен танысты. Баянауыл мемориалдық мұражайы академиктің жеке заттарын көпшілік назарына  ұсынды.

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар