дүйсенбі, 29 желтоқсан, 2025 14:39

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

2026 жыл: атаулы күндер мен мерейтойлар

2026 жыл: атаулы күндер мен мерейтойлар
Фото: depositphotos.com
2026 дылы Қайрат Рысқұлбековтың туғанына 60 жыл толады.

2026 жылы Қазақстан мен әлем өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың, өнер мен ғылым қайраткерлерінің, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің айтулы мерейтойлары аталып өтеді. Олардың арасында кімдер бар? Атап өтейік. 

5 қаңтар – Қайым Мұқамедханұлының туғанына 110 жыл (1916–2004). Қазақ әдебиеттануындағы абайтану ғылымының негізін қалаған көрнекті ғалым, зерттеуші, жазушы әрі драматург. Ол Абай шығармашылығын ғылыми айналымға түсіріп, ақын шәкірттерінің мұрасын түгендеп, қазақ руханиятының тұтас бір саласын жаңа деңгейге көтерді. Еліміздің тәуелсіздік дәуірінде мәдени мұраны сақтауға бағытталған табанды еңбегімен де ерекше танылды.

7 қаңтар – Талғат Мұсабаевтың туғанына 75 жыл (1951–2025). Халықаралық ғарыш кеңістігіне үш рет ұшып, жүздеген тәулік орбитада болған Қазақстанның тұңғыш кәсіби ғарышкерлерінің бірі. Халық қаһарманы атанған ол ғылым, инженерия және ғарыш технологияларын дамытуға зор үлес қосып, тәуелсіз Қазақстанды ғарыш державалары қатарына жетелеген айтулы тұлға.

9 ақпан – Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл (1931–1976). Қазақ поэзиясының ең биік шыңдарының бірі саналатын лирик ақын, ерекше поэтикалық ойлауымен миллиондаған оқырманның жүрегін жаулаған тұлға. Оның мұңы мен сүйініші, өмір мен махаббат туралы терең толғаныстары ұлттық әдебиетті жаңа белеске көтеріп, қазақ сөз өнерінің көркемдік шегін кеңейтті.

10 ақпан – Кеңес Дүйсекеевтің туғанына 80 жыл (1946–2020). Саз әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған талантты композитор, әндері арқылы қазақ эстрадасын жаңғыртып, көптеген өнер жұлдыздарының шығармашылығына жол ашқан қайраткер. Оның әуендері ұлттық сезім мен заманауи музыкалық ізденісті шебер үйлестіріп, кең аудиторияға сүйікті өнер туындыларына айналды.

25 ақпан – Кәукен Кенжетаевтың туғанына 110 жыл (1916–2008). Әнші, актер, режиссер ретінде қазақ театр және кино өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан өнер саңлағы. Оның сахнадағы табиғи болмысы, драмалық және музыкалық рөлдерді бірдей меңгерген шеберлігі ұлт мәдениетінде айрықша орын алады. 

25 ақпан – Меруерт Өтекешова 75 жаста (1951).  Қазақ киносы мен театрында айшықты образдар сомдап, халықтың ыстық ықыласына бөленген талантты актриса. Қазақтың Қыз Жібегі. Кәсіби шеберлігі, табиғи қуаты және сахналық мәдениетімен бірнеше буын көрерменге ұмытылмас әсер қалдырған тұлға. 

28 ақпан – Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл (1846–1945). Қазақ поэзиясының дәстүрлі арнасын кеңейтіп, оны жаңа тарихи кеңістікке алып шыққан ұлы тұлға. Ақын, айтыскер, абыз жырау әрі жауынгер жыршы. Ол заманның тынысын, халықтың мұратын, қоғамның күрделі кезеңдерін поэтикалық қуатпен бедерледі. Ұлы жырау өз ұстазы Сүйінбай Аронұлының дәстүрін жалғап, оны жаңа биікке көтерді. Ал соғыс жылдарында оның жалынды жырлары майдандағы жауынгерлерге рух беріп, елді жігерлендірген үміттің, төзімнің, бірліктің үніне айналды.

5 наурыз – Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл (1866–1937). Ұлт-азаттық қозғалыстың көшбасшысы, Алаш Орда үкіметінің жетекшісі, энциклопедист ғалым әрі публицист. Ол қазақ қоғамын жаңғырту, ұлттық мемлекеттілік идеясын қалыптастыру жолында күресіп, саяси, ғылыми, экономикалық ой-өрістің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Әлиханның мұрасы – тәуелсіздік идеясының мәңгілік тұғыры.

7 наурыз – Сатыбалды Нарымбетовтің туғанына 80 жыл (1946–2021). Қазақ кино өнерінің көрнекті тұлғасы, режиссер, кинодраматург әрі жазушы. Оның «Мұстафа Шоқай», «Көзімнің қарасы» секілді фильмдері ұлттық тарих пен адам табиғатын терең толғаумен ерекшеленеді. Нарымбетов шығармашылығы – қазақ киносының көркем деңгейін көтерген құнды мектеп.

8 наурыз – Манарбек Ержановтың туғанына 125 жыл (1901–1966). Қазақ ән өнерінің шоқтығы биік майталманы, актер, композитор, күйші, халық әртісі. Оның қоңыр даусы мен сахналық шеберлігі ұлт музыкасына жаңа тыныс сыйлап, халық мұрасын кеңінен танытты. Манарбектің орындаушылық мәдениеті бүгінде қазақ өнерінің алтын қорына енген.

13 наурыз – Қайрат Рысқұлбековтің туғанына 60 жыл (1966–1988). 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің символына айналған ержүрек жас, еркіндік пен әділдік жолында күрескен қайсар тұлға. Оның қысқа ғұмырында көрсеткен батылдығы мен азаматтық ерлігі қазақ жастарының тәуелсіздікке деген жігерін оятқан тарихи оқиға ретінде есте қалды.

22 наурыз – Мәкілқожа Құланбаевтың туғанына 100 жыл (1926–1993). Кино және театр өнерінің сарабдал актері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі. Оның бейнелері ұлттық сахна өнерінің дамуына айрықша серпін беріп, актерлік мектептің қалыптасуына үлес қосты. Табиғи талант пен кәсіби шыңдалудың үйлесімі Құланбаевты қазақ мәдениетінің көрнекті өкіліне айналдырды.

25 наурыз – Қаршыға Ахмедияровтың туғанына 80 жыл (1946–2010). Күйшілік мектептің көрнекті өкілі, домбырашы, Қазақстанның халық әртісі. Оның орындаушылық шеберлігі, күрделі күйлерді жаңа қырынан дамытуы және шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі қазақ музыкасының өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосты. 

7 сәуір – Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 155 жыл (1871–1948). Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіпқой балуан, әлем ареналарын бағындырған дара спорт шебері. Ол бірнеше елдің чемпионы атанып, ұлттық күш өнерін халықаралық деңгейде танытқан. Қажымұқанның ерлігі мен қайсар мінезі халықтық батырлық ұғымының символына айналып, оның аты қазақ рухының мызғымас белгісі ретінде есте қалды.

15 сәуір – Шөмішбай Сариевтің туғанына 80 жыл (1946–2021). Терең лирикасымен, нәзік мұң мен сырға толы жырларымен ерекшеленетін ақын, еңбек сіңірген қайраткер. Ол шығармашылық жолында қазақ өлеңіне жаңа бояу, жаңа тыныс әкеліп, сөз өнерін биіктеткен тұлға. Философиялық ой мен жан жылуын тоғыстырған жырлары оқырман жүрегінен ерекше орын алды.

24 сәуір – Қабдеш Жұмаділовтің туғанына 90 жыл (1936–2021). Қазақ әдебиетінің классигі, тарихи романдардың шебері, халық жазушысы. Оның шығармалары ұлт тағдыры, елдік болмыс, шекараның арғы-бергі бетінде өмір сүрген қазақтардың тарихы мен мұңын тереңнен толғайды. Қаламгердің әдеби мұрасы – қазақ прозасының ең биік жетістіктерінің бірі.

25 сәуір – Күләш Ахметованың туғанына 80 жыл (1946–2025). Патриоттық рух пен нәзік лиризмді ұштастырған ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол қазақ поэзиясына өзіндік үн мен жігер әкеліп, ұлттық мінезді айқын көрсететін жырларымен танылды. Ақынның шығармашылығы бірнеше буын оқырманға шабыт сыйлап келеді.

29 сәуір – Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл (1906–1968). Ұлттық музыка өнерінің іргесін қалаушылардың бірі, көрнекті ғалым, композитор және дирижер. Ол қазақ музыкасын ғылыми жүйеге түсіріп, Абай атындағы опера және балет театрының, Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінің дамуына үлкен үлес қосты. 

5 мамыр – Фатима Балғаеваның туғанына 100 жыл (1926–2005). Қазақтың қобыз өнерін кәсіби деңгейге көтеріп, орындаушылық мектебін қалыптастырған көрнекті қобызшы, халық әртісі. Ұстаздық жолында көптеген талантты шәкірт тәрбиелеп, ұлттық музыканың дамуына елеулі ықпал етті. Оның өнері – қобыздың сырлы үні мен дәстүрін жаңғыртқан алтын арқау.

6 мамыр – Ілия Жақанов 90 жаста (1936). Жазушы, композитор, өнер зерттеушісі, қазақ музыкасының тарихын зерделеген ірі тұлға. Оның зерттеулері мен әншілік мұрасы ұлттық өнердің биіктеуіне жол ашты. «Екі жұлдыз», «Әсел», «Жайлаукөл кештері» секілді туындылары халық жүрегінен мықтап орын алған.

6 мамыр – Жақсылық Үшкемпіровтің туғанына 75 жыл (1951–2020). Грек-рим күресінен олимпиада чемпионы, қазақ спортын әлемге танытқан даңқты палуан. Оның еңбекқорлығы, табандылығы мен жеңіске деген жігері жас спортшыларға үлгі болып келеді. Үшкемпіров – спорт тарихында есімі алтын әріппен жазылған қайсар тұлға.

18 мамыр – Олжас Сүлейменов 90 жаста (1936). Ақын, қоғам қайраткері, түркітанушы, халықаралық деңгейде танылған ойшыл. «Аз и Я» еңбегі мен поэзиялық туындылары арқылы ол ұлттық тарих пен мәдениетті жаңаша түсінуге жол ашты. Қоғамдық белсенділігі мен рухани көшбасшылығы оны қазақ зиялыларының алдыңғы қатарлы өкілдерінің қатарына қосты.

4 шілде – Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл (1926–2013). Қазақ опера өнерінің әлемдік деңгейде танылған жұлдызы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі. Оның барқыт дауысы, мінсіз вокалдық техникасы мен сахналық мәдениеті қазақ музыкасын жаңа биікке көтерді. Серкебаевтың өнері – ұлттық опера мектебінің қалыптасуына жол ашқан, ұлт мәдениетінде өшпес із қалдырған дара мұра.

Оқи отырыңыз: Екі алыптың мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтеді

17 шілде – Латиф Хамидидің туғанына 120 жыл (1906–1983). Қазақ музыкасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан композитор, педагог, халық әртісі. «Менің Қазақстаным» әнұранының авторларының бірі ретінде ол ұлттық рухты асқақтатып, музыкалық мұрамыздың алтын қорын жасақтады. Хамидидің шығармашылығы мен ұстаздық еңбегі бірнеше буын музыканттың қалыптасуына ықпал етті.

27 шілде – Тоқтар Әубәкіров 80 жаста (1946). Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Қазақстанның Халық Қаһарманы. Ол өз ерлігімен, қайсар мінезімен және кәсіби біліктілігімен тәуелсіз Қазақстанды ғарыштық держава ретінде танытып, ұлттық ғылым мен авиация саласының дамуына зор серпін берді. 

1 тамыз – Сахи Романовтың туғанына 100 жыл (1926–2002). Қазақстан бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі, халық суретшісі, кино суретшісі және график. Оның қолтаңбасы ұлттық кескіндемеге жаңа леп әкеліп, көптеген фильмдердің көркемдік стилін қалыптастырды. Романовтың шығармашылық мұрасы – қазақ өнер тарихындағы кәсіби шеберліктің биік үлгісі.

28 тамыз – Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл (1931–1998). Мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, этнограф, ұлттық мәдени мұраны қайта жаңғырту ісінің көшбасшысы. Ол тарихи жәдігерлерді сақтап, киелеу, ұлттық салт-дәстүрді жандандыру бағытында үлкен еңбек атқарды. Жәнібековтің қызметі қазақ руханияты мен мәдениетінің жаңару дәуірінің негізін қалаған ерекше феномен саналады.

2 қазан – Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл (1926–1983). Қазақ киносының алтын қорын қалыптастырған көрнекті режиссер, «Менің атым – Қожа» секілді ұлт мәдениетінің асыл мұрасына айналған фильмдердің авторы. Оның шығармалары қазақ баласының рухани әлемін, адамдық қасиеттерін терең ашып, ұлттық кинематографияның көркемдік деңгейін айқындады. 

15 қазан – Сайын Мұратбековтің туғанына 90 жыл (1936–2007). Халыққа жақын лирикалық прозасымен танылған жазушы, аудармашы, еңбек сіңірген қайраткер. Оның адам жанының терең қатпарларын аша білетін әңгімелері мен хикаяттары қазақ әдебиетіне ерекше нәзіктік пен көркемдік серпін әкелді. Шынайылыққа толы кейіпкерлері арқылы ол қазақ прозасының ұлттық болмысын айшықтап, әдебиеттің сүйікті классигіне айналды.

2 қараша – Ыбырай Алтынсаринның туғанына 185 жыл (1841–1889). Қазақ даласындағы алғашқы мектептердің негізін қалаған ағартушы, педагог, жазушы, этнограф әрі фольклортанушы. Ол білімді халықтың болашаққа апарар басты күш деп танып, жаңа оқу жүйесін енгізді, оқулықтар жазып, балалар әдебиетінің іргесін қалады. Алтынсариннің ағартушылық мұрасы – ұлтты өркениетке жетелеген жарық жол.

7 қараша – Жақып Ақбаевтың туғанына 150 жыл (1876–1934). Қоғам қайраткері, заңгер, Алаш қозғалысының белсенді мүшелерінің бірі. Ол қазақ халқының құқықтық санасын дамытуға, отарлық қысым жағдайында әділдік пен бостандық идеясын қорғауға күш салды. Ақбаевтың күрескерлік жолы – ұлттық құқықтық ойдың қалыптасуындағы тарихи кезең.

16 қараша – Манаш Қозыбаевтың туғанына 95 жыл (1931–2002). Белгілі тарихшы, профессор, академик, Қазақстандағы ғылыми тарихнаманың жаңа бағыттарын қалыптастырған көрнекті ғалым. Ол ХХ ғасырдағы қазақ тарихын терең зерттеп, ұлттық сананың жаңғыруына ықпал еткен еңбектерімен танылды. 

19 желтоқсан – Әбубәкір Ахметжанұлының туғанына 170 жыл (1855/56–1932). Қазақ фольклортану ғылымының бастауында тұрған көрнекті фольклоршы, этнограф. Ол ел ішіндегі жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтел, жыр үлгілерін жүйелеп жинап, халық шығармашылығын ғылыми айналымға енгізді. Қазақ этнографиясының негізін қалаған тұлғалардың бірі ретінде оның еңбегі ұлттың рухани жады мен мәдени болмысын сақтауда ерекше маңызға ие.

25 желтоқсан – Әбікен Бектұровтың туғанына 125 жыл (1901–1985). Техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстандағы химия ғылымының дамуына жол ашқан көрнекті ғалым. Ол еліміздегі химиялық зерттеулердің ғылыми негізін қалыптастырып, өндірістік технологияларды жетілдіру бағытында іргелі еңбектер жазды.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар