сейсенбі, 23 қыркүйек, 2025 17:51

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Әдебиет – математика ма?

Әдебиет – математика ма?
Алматы әкімдігі
Алматыда дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын KITAP FEST  – оқырман мен қаламгерлерді жақындататын үлкен алаң. Биылғы фестивальде біз жазушы, журналист, халықаралық «Шабыт» фестивалінің проза номинациясы бойынша Гран-При иегері  Мақсат Мәлікпен жүздесіп, сұхбаттасу мүмкіндегіне ие болдық.

 

 

– Журналистикадан жазушылыққа қалай келдіңіз ?

– Мамандығым – журналист. 2001–2005 жылдар аралығында ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде оқыдым. Мектепте журналистикаға қызыққанымен, тарихшы боламын деп армандадым. Бала кезде «Ұлан» газетіне өлеңдерім шығып жүрді. Бірақ прозаға қалам тербеймін деп ойламадым. Шынымды айтсам, студент кезімде бірде-бір проза жазбағанмын. Тек төртінші курс аяқтар кезде алғашқы әңгімемді жаздым. Газетке жарияланған сәттен оқырман талқысына түсті.

– Әңгімелеріңізде жиі көтерілетін тақырып қандай ?

– Адамзатқа тән ортақ құндылықтарды, ұлттық мәселелерді жиі көтереміз. Кез келген қаламгер ұлттық тақырыптан бөлек, адамзатқа ортақ тақырыптар туралы жазса, өте жақсы болады деп ойлаймын. Мен мүмкіндігінше сол бағытта жұмыс істеуге тырысамын. Әрине өзіңе өзің баға бере алмайсың. Бізде сондай тақырыпта жазатын Төлен Әбдік секілді үлкен жазушылар бар. Бір ұлттың мәселесі де адамзатқа ортақ емес дей алмаймыз. Өйткені ол да адамзаттың бөлшегі.

Әдебиетті қарасақ әйелдер тақырыбы жиі көтеріледі. Оның ішінде әйелдер ер адамдардан төмен тұрады делінген пиғыл да кездесетіні өкінішті. Зайырлы әрі конституциясы дұрыс жұмыс істейтін мемлекеттерде әйел мен ер адамның қақы тең.

Әңгіме барысында қаламгерлерді жас, орта немесе кәрі деп бөлмеймін дедіңіз. Ендеше тәй-тәй басып келе жатқан қаламгерлерге қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз ?

– Біреуге ақыл айтқаннан оңай дүние жоқ. Оны тыңдай берудің қажеті бар ма, жоқ па – білмеймін. Әлдекімге мына жолмен жүр деп айтуды қатты қаламаймын. Себебі менің көрген шындығым бөлек, оның шындығы мен өмірге деген көзқарасы бөлек болуы мүмкін. Бірақ кеңес ретінде айтарым, идеяны алға шығарып, жазу ерекшелігі болғаны жөн. Жазған шығарма сынға ұшырап, қабылданбауы мүмкін. Дегенмен ол басқа біреуге баспалдақ болуы ықтимал. Әдебиет математика емес, оған аксиома жүрмейді. Әдебиетте тақырып пен тіл жаңарады. Қазір жастар қалай сөйлейді, біз сол заңдылыққа түптің түбінде бағынамыз. Жас қаламгерлер мүйізі қарағайдай авторлармен, олардың шығармаларымен танысқан дұрыс. Бұл канондық дүние. Әрі қарай өзіңізді қызықтыратын, зерттейтін тақырыптарға байланысты танымдық кітаптарды оқуға кеңес беремін.

– Жақында жарыққа шығатын «Телефон» атты повесіңіз туралы оқырмандарға қысқаша айта кетсеңіз.

– Менің ойымша, повестің мазмұнын алдын ала ашып айту ерте. Дегенмен, оқырманды күттіретін тұстары аз емес. Шығарманың арқауында жасанды интеллект тақырыбы өрбуі мүмкін. Ал атауы өзгермей, «Телефон» болып қала бермек.

Сұхбат бергеніңізге көп рақмет! Жаңа туындыңыз оқырманға қуаныш сыйлайды деп сенеміз.

 

                                                            

                                                                    Зере СЕЙСЕНҚЫЗЫ,

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы Медиажурналистика факультетінің  3-курс студенті

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар