Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы 2025–2026 оқу жылында еліміздің білім беру ұйымдарында қолданылатын оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің сараптамасын жүргізіп, 278 оқулық жобасының ішінен 266-сына оң қорытынды берді. Сараптау үш кезеңнен тұрды. Комиссия құрамына тәжірибелі педагогтер мен ғалымдар кірді. Олар әр оқулықтың бағдарламалық талаптарға сәйкестігін, тақырыптардың толық қамтылуын, құрылымы мен мазмұнын жан-жақты тексеріп, кәсіби шешімдерін шығарды. Нәтижесінде ғылыми-педагогикалық талаптарға сәйкес келетін оқулықтар бекітіліп, бұйрыққа енгізілді.
«Алматыкітап баспасының» оқулық дайындаудағы рөлі:
Қазіргі таңда оқулықтар дайындайтын 14-тен астам отандық баспа бар. Солардың ішінде «Алматыкітап баспасы» – оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін шығарумен ұзақ жылдардан бері айналысып келе жатқан жетекші баспалардың бірі. Баспа посткеңестік кеңістікте алғашқылардың бірі болып мектепке дейінгі білім беру кешендерін әзірлеп, жарыққа шығарды. Тәжірибе жинақтау барысында ТМД елдеріндегі үздік оқу кешендерін зерттеп, олардың озық үлгілерін негізге алды. Ал Білім және ғылым министрлігі мектептерде баламалы оқулықтарды пайдалануға рұқсат берген сәттен бастап бастауыш мектептің барлық пәндері бойынша оқу әдебиеттерін әзірлеуге кірісті.
Қазіргі таңда баспа - мектепке дейінгі, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған оқулықтар мен оқу құралдарын дайындауда көш бастап келеді. Тәуелсіздік жылдарында жинақтаған тәжірибесі мен жоғары біліктілігінің арқасында ол Қазақстандағы ең ірі баспалардың қатарына қосылды.
Оқу әдебиеттерін дайындау – үлкен жауапкершілікті талап ететін күрделі жұмыс. Мұнда тек оқулықтың мазмұны мен бағдарламалық талаптарға сәйкестігі ғана емес, авторлар мен баспа қызметкерлерінің кәсібилігі де маңызды рөл атқарады. Сондықтан атаулы баспа мамандары үнемі біліктілікті арттыру курстарынан өтеді, әлемдік тәжірибемен танысады және шетелдік компанияларда тағылымдамадан өтеді.
Мұғалімдерге оқулық таңдауға мүмкіндік беретін платформа:
Соңғы жылдары оқулықтарды таңдау үрдісі айтарлықтай жаңғыртылды. Былтырдан бастап отандық мұғалімдерге арналған «ETANDAU.GOV.KZ» платформасы іске қосылды. Бұл жүйе педагогтерге пәндік оқулықтарды таңдауға мүмкіндік береді және тек мұғалімдер, мектеп директорлары, әдістемелік бірлестіктер мен білім басқармаларының басшылары үшін қолжетімді.
Автоматтандырылған жүйе қабылданған шешімдердің объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді. Мұғалімдердің оқулық сапасын бағалауға тікелей қатысуы білім беру процесінің сапасын арттыруға ықпал етеді. Жазушының қаруы – қалам, ал ұстаздың қаруы – сапалы да саналы оқулық екендігін ескерсек, бұл жақсы жақтарға жетелейтін оң өзгеріс болғандығы хақ. Себебі, сабақ беруді сапалы ұйымдастыру оқулықты дұрыс таңдаумен тікелей байланысты. Міне «Алматыкітап баспасы» осыны ескере отыра, жыл сайын әр өңірдің педагогтерін жаңа оқулықтармен таныстыру мақсатында офлайн, онлайн режимде семинарлар ұйымдастырып, өткізуді алға қойған. Мәселен, былтыр баспа 3 сыныпқа арналған жаңа оқулықтарды ұстаздарға таныстыру үшін 123 онлайн, 88 офлайн іс-шара өткізілген.
Биыл да сол үдіріс өз жалғасын тапты. Ағымдағы жылдың 20-26 қаңтар аралығында өткен сараптама нәтижесінен соң, бірден, 4-сыныпқа арналған «Цифрлық сауаттылық», «Цифровая грамотность», «Бейнелеу өнері», «Изобразительное искусство», «Еңбекке баулу», «Трудовое обучение», «Русский язык» және 7-8 сыныптарға арналған «Химия», «Биология», “География” оқулықтардың макеттерін қолтыққа қыса алыс сапарларға жол тартты. Мақсаты – жаңа оқулықтардың құрылымы мен мазмұнына, мәні мен мағынасына, сырты мен ішіне түсініктеме беру. Семинар 27 қаңтар күні Семей қаласының №49 мектеп базасында бастау алып, артынша Өскемен, Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтау, Алматы, Шымкент, Түркістан, Талдықорған, Павлодар, Қостанай, Жезқазған және Қызылорда өңірлерінде жоғары деңгейде өтті. Бір сөзбен ұлаң байтақ мемлекетіміздің 17 облысы мен 3 ірі қаласындағы біраз педагогтер оқулық мәселесі жөніндегі ақпаратқа қанық болды. Іс-шараға бір облыстан кем дегенде 800 астам ұстаз қатысты. Баспа мамандары құр қол бармай, оқулықтар макеттерін, оған қоса авторларын ерте келді. Семинарлар барысында “ұстаз атты ұлы есімге” ие болған тұлғаларды толғандырған сұрақтарға жауап беріп, шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Мәселен, «Бейнелеу өнері» және «Изобразительное искусство» оқулықтарының авторы, педагог Мақпал Ерғалиқызы Ділдаева семинар барысында қолжетімді материалдар (кофе, тұз, су) арқылы ерекше сурет салу әдістерін көрсетті. Автордың бұл шеберлік сабағы өңірлік ұстаздардың қызығушылығын оятып, үлкен қошеметке ие болды. Мұғалімдер ароматерапия мен арт-терапияның оқушыларға тигізер оң әсерін өз көздерімен көрді. Сондай-ақ, баспа өкілдері Қазақстандағы алғашқы электрондық оқулық платформасы – «TopIQ.kz» туралы да ақпарат берді. Бұл платформаға жүктелген оқу ресурстары мұғалімдер мен оқушылардың оқу процесін жеңілдетуге бағытталған. Жүздеген өңір ұстаздары дәл осы білім беру платформасына жақсы пікірлер айтып, риясыз ризашылықтарын танытты. Платформа қолжетімсіз болған кейбір облыстардың мұғалімдері болса, оқыту процесіне қолдануға деген ынталарын білдіртті. Оларды “TopIQ.kz” - тін ішіне жүктелген мұғалімге көмек пен 1-11 сынып оқулықтары, тренажерлар мен ҰБТ – ға дайындық, ешбір қосымшалар мен браузерлерден табылмас, төлтумалы көрнекілік материалдары мен интербелсенді тапсырмалары, көркем әдебиеттер, әсіресе, жаңадан енгізіліп жатқан жасанды интеллект негізінде жасалған «QAMQOR” онлайн-ассистенті қатты қызықтырды. Көпшілікке «QAMQOR” – дың оқушыға қателерді түсініп, түзетуге, сондай-ақ күрделі тақырыптарды тереңірек зерттеу үшін қосымша ресурстарды ұсына отырып, бірден кері байланыс орнатуы, ұстаздарға әр сабаққа жоспар құруға көмектесуі ұнады.
Қазіргі таңда «Алматыкітап баспасы» 1 400-ден астам оқулық, оқу-әдістемелік кешен, көркем әдебиет және түрлі анықтамалық материалдар басып шығарды.
Баспа үйінің кіреберісінде самсаған жүлделер, халықаралық және отандық марапаттар – сапа мен еңбектің айқын дәлелі болса, әр іс-шара соңынан мұғалімдер тарапынан айтылған жылы лебіздер мен кері байланыс – баспа үшін ең құнды марапат пен прогресске жетелер жолдың нақ өзі.
Жалпы, жаңа оқулықтарды дайындау мен мұғалімдерге таныстыру семинарларлары білім беру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Баспа спикерлері алдағы уақытта да ұстаздар қауымымен тығыз байланыста жұмыс істеуді жалғастырмақ.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.