"Әділет" партиясы қаза тапқан әскерилердің отбасына 1 млрд 500 млн теңге көмек көрсетті
- авторОймақ
- Бүгін, 13:54
- 7
«Әділет» партиясының мүшелері мен партия Іскерлік кеңесінің өкілдері Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсету үшін 1 млрд 500 млн теңге жинады. Барлық жарна ерікті түрде берілді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Атап айтқанда, Республикалық тау-кен және металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец 600 млн теңге аударды. «Alageum Group» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясов пен «ВД-Строй Инжиниринг» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Еркін Оқасов 300 млн теңгеден көмек көрсетті. Сондай-ақ Елбегі Әбдиев, Қанат Ибраев, Мұрат Әмірин, Юлия Якупбаева, Серік Аманғалиев және Талғат Темірханов 50 млн теңгеден берді. Олардың барлығы – «Әділет» партиясы мен Іскерлік кеңестің мүшелері. Қаражат жинауға партияның басқа да мүшелері атсалысып жатыр.
Жиналған қаржы қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсету үшін «Ұлттық рух» қорына аударылады. Қаражат жинау жалғасады.
«Әділет» партиясының мүшелері Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіреді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.




