дүйсенбі, 9 қараша, 2026 15:28

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Қазақстанда жалақыдан ұсталатын салықтар бір батырмамен есептеледі

Қазақстанда жалақыдан ұсталатын салықтар бір батырмамен есептеледі
Magnific.com
Жаңа сервис міндетті төлемдердің сомасын өздігінен есептеп, төлем тапсырмаларын қалыптастырады және оларды төлеу үшін банктерге жібереді.

Қазақстанда жұмыс берушілерге қызметкерлердің жалақысына байланысты салықтар мен әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде есептеуге мүмкіндік беретін «Бір батырмамен есептеу» пилоттық жобасы іске қосылады, деп хабарлайды Kazinform.

Тиісті бұйрыққа Қаржы министрінің міндетін атқарушы 2026 жылғы 30 қазанда қол қойған.

Жаңа сервис қалай жұмыс істейді?

Пилоттық жоба қызметкерлердің табысынан есептелетін салықтар мен әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді автоматты түрде есептеу және орындау тетігін сынақтан өткізуге бағытталған.

Жоба Қазақстанның бүкіл аумағында жүзеге асырылады. Сервис 2026 жылғы 1 қазаннан бастап туындаған міндеттемелерді қамтиды. Ал пилоттық жобаның өзі 31 желтоқсанды қоса алғанға дейін жалғасады.

«Бір батырмамен есептеу» сервисі Мемлекеттік кірістер комитетінің цифрлық жүйесінің бір бөлігі болады. Оның көмегімен салық агенттері еңбекақы төлеу қорынан міндетті төлемдерді есептеп, жеке және жиынтық төлем тапсырмаларын қалыптастырып, оларды екінші деңгейлі банктерге жібере алады. Сондай-ақ міндеттемелердің орындалуын бақылай алады.

Жобаға мемлекеттік кірістер органдары, салық агенттері және екінші деңгейлі банктер қатысады. Оған қосылу ерікті түрде жүзеге асырылады.

Жұмыс берушіден не талап етіледі?

Сервисті пайдалану үшін салық агенті «Салық төлеушінің кабинеті» веб-қосымшасына кіріп, «Бір батырмамен есептеу» функциясын таңдауы керек.

Одан кейін:

қызметкердің ЖСН-ін енгізу;

оған есептелген жалақы сомасын көрсету;

енгізілген деректердің дұрыстығын растау қажет.

Осы мәліметтер негізінде жүйе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелері арқылы қызметкердің әлеуметтік мәртебесі туралы ақпарат сұратады.

Бұдан соң сервис барлық қажетті төлемдерді автоматты түрде есептейді. Олардың қатарына жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналары, тиісті негіздер болған жағдайда міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар, әлеуметтік салық, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары мен аударымдары, сондай-ақ жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары кіреді.

Есептеу аяқталғаннан кейін жүйе нәтижені жұмыс берушінің тексеруіне ұсынады.

Есептің дұрыстығына кім жауап береді?

Салық агенті алынған нәтижелерді өзі тексеріп, растауға тиіс. Төлем құжаттарын дайындау кезінде расталған сомалар пайдаланылады.

Төлем тапсырмаларын қалыптастыру және жіберу туралы түпкілікті шешімді салық агентінің өзі қабылдайды. Сервис кейіннен төлеу үшін салықтар мен әлеуметтік төлемдердің барлық түрі бойынша құжаттарды автоматты түрде дайындауға мүмкіндік береді.

Қалыптастырылған жеке және жиынтық төлем тапсырмалары екінші деңгейлі банкке жіберіледі. Электрондық құжаттарға салық агентінің электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылуы керек.

Есепті қандай жағдайда өзгертуге болады?

Қағидаларда автоматты түрде есептелген нәтижелерді түзету мүмкіндігі қарастырылған. Бұл мынадай жағдайларда қажет болуы мүмкін:

жалақы сомасы қате көрсетілсе;

бастапқы есептеуден кейін жалақы қайта есептелсе;

қызметкерге қосымша төлем жасалса;

оның әлеуметтік мәртебесі туралы мәліметтерді өзгерту қажет болса;

бенефициардың банкі төлемді қайтарса.

Құжатта жүйенің өзінде туындауы мүмкін қателер де жеке көрсетілген. Оларға қызметкердің әлеуметтік мәртебесін қате анықтау, жеңілдіктерді немесе төлемнен босатуды дұрыс қолданбау, салық салу объектісін, сондай-ақ міндетті төлемнің мөлшерлемесін немесе мөлшерін қате белгілеу жатады.

Жобаға қатысудан бас тартуға бола ма?

Салық агенті пилоттық жобаға қатысуды кез келген кезеңде тоқтата алады. Ол үшін «Бір батырмамен есептеу» сервисін пайдалануды доғарса жеткілікті. Мемлекеттік кірістер органдарына қосымша хабарлау талап етілмейді.

Бұйрық 2026 жылғы 17 қарашада күшіне енеді. Оның күші 2026 жылғы 1 қазаннан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады және 2026 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанға дейін жалғасады.

Бұған дейін экономистер Kazinform тілшісіне қазақстандықтар үшін жалақыны «конвертпен» алудың неліктен тиімсіз екенін түсіндірген.

Бөлісу:
Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар