Қала әкімі Сапар Сатаевтың айтуынша, нысанды бұзу туралы ешқандай шешім қабылданбаған және мұндай жоспар да жоқ.
Танктің тағдырына қатысты мәселе жуырда болған оқыс оқиғадан кейін көтерілген. Танктің үстінен құлап кеткен бала қолын сындырып алған. Осы жағдайдан кейін прокуратураның нұсқамасы негізінде нысанның қауіпсіздігіне қатысты мәселе туындап, оны алып тастау мүмкіндігі талқылана бастаған.
Алайда бұл бастама жергілікті тұрғындардың қарсылығын тудырды. Олар танкті сақтап қалу үшін қол жинауға кірісті. Тұрғындардың пікірінше, бір рет болған оқыс жағдай бірнеше буынның балалық шағымен байланысты нысанды бұзуға себеп болмауы тиіс.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, танктің өз тарихы бар. 1980 жылдардың соңында оны металл сынығына өткізіп, балқыту жоспарланған. Алайда сол кезде тұрғындар танкті аулада сақтап қалуға қол жеткізген. Ол үшін қажетті көлемдегі металл сынығын өздері жинап өткізген. Содан бері танк осы аулада тұр және ауданның өзіндік көрікті орнына айналған.
Мәселені талқылау үшін тұрғындармен округ депутаты және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің өкілдері кездесті. Кейін жағдайға Теміртау әкімі Сапар Сатаев түсініктеме берді.
Қала әкімінің мәлімдеуінше, танкті демонтаждау туралы шешім қабылданған жоқ және оны алып тастау жоспарланбайды.
Дегенмен танк орналасқан аумақтың қазіргі жағдайы абаттандыруды және қауіпсіздік шараларын күшейтуді қажет етеді. Қаржы қарастырылған жағдайда қала билігі аумақты кешенді жаңарту мәселесін 2027 жылы қарастыруды жоспарлап отыр.
Оған дейін жауапты қызметтерге аумақтың тазалығы мен тәртібін қадағалап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырылды.
Осылайша, Теміртауда 35 жылдан астам уақыт бойы тұрған және жергілікті тұрғындар үшін аудан тарихының бір бөлігіне айналған танк бұрынғы орнында қала береді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






