сәрсенбі, 25 ақпан, 2026 12:33

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

"Маған ешкім актриса болуды үйреткен жоқ" – Меруерт Өтекешова

"Маған ешкім актриса болуды үйреткен жоқ" – Меруерт Өтекешова
фото: ашық дереккөз
Бүгін Қазақстанның Халық әртісі 75 жасқа толды.

Бүгін – Қазақстанның Халық әртісі Меруерт Өтекешова 75 жасқа толды. Ол "Қыз Жібек" фильміне түскен кезде небәрі 17 жаста еді. Кинодан кейінгі өмірі қалай өзгерді. Жас қыздың Кеңес Одағына танымал болуы қиын соқпады ма?  Бұл туралы естелігінде актриса былай деген еді: 

– Мен де мектепте оқы­дым. Сендер қазір 11-сыныпты бітірсеңдер, біз ол кезде мектепте 10 сынып оқитынбыз. Мектеп бітіргеннен кейін «Қыз Жібек» фильмі­нің кастингіне қатыстым. 1968 жыл­дың 1 қаңтарында «Лениншіл жас» газетіне Ғ.Мүсірепов сценарийінің үзіндісін жарияларда жазылған алғы сөзде студия атынан газет оқырмандарына өтініш-тілек айтылған еді. «Осы Жібек рөліне түсуге лайықты-ау деген қыздардың суреттері мен аты-жөнін жазып, «Қазақфильм» кино­студиясына жолдаңыздар» деген болатын. Соған орай студияға аз уақыттың ішінде 400-ге жуық хат келіп түседі. Олардың ішінен 40-қа жуығы іріктеліп алынды да, олардың 15-ін киноға түсіріп көруге Алма­ты­ға шақырылады. Ол кезде киноның қалай түсірілетінін білсем де, басты рөлде ойнаймын деп ойлаған жоқпын. Себебі актриса болу үшін талант керек. Қазір Қа­зақ ұлттық өнер университетінде сабақ беремін. Біз студенттерге 4 жыл білім бере­міз, мамандықтың қыр-сырын үйретеміз. Ал ол кезде маған ешкім актриса болуды үйреткен жоқ. Түсірілім кезінде де ондай сөз көп болған жоқ. «Қыз Жібек» киносына ең мықты әртістермен бірге түстім. Тек Құман ағаларың 3-курстың студенті еді. Бірақ ол кісі киноны қалай түсіретінін, рөлді қалай сомдайтынын білді. Талантының арқасында Төлегеннің рөліне бірден өтті. Ал небәрі 16 жастағы мен үшін Қыз Жібектің рөлін ойнау қорқынышты болды. Себебі Әнуар Молдабеков, Фарида Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаев, Гүлфайрус Ысмайлова, Асанәлі Әшімов сияқты біртуар азаматтармен бір алаңда жұмыс істедік. Жалпы, әртістердің көбісі М.Әуезов театрынан еді. Киноның режиссері Сұлтан Қожықов өз ісінің нағыз маманы ғана емес, керемет адам еді. Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер болатын. Соғыс аяқталғаннан кейін Мәскеудегі инс­ти­тутқа киномотографияға оқуға түсіп, бітір­геннен кейін Алматыға келіп киносту­дияда жұмыс істеді. Киноның операторы – Асхат Ашрапов. Оператор болу, кадр түсіру өте қиын. Ол кезде кино камера да, қоятын жарықтар да көлемі үлкен, салмағы ауыр еді. Оған қарамастан, шығармашылық топ аянбай жұмыс істеп, жақсы фильм түсірді. Биыл белгілі күйші Нұрғиса Тілендиевтың 100 жылдығы тойланып жатыр. Атақты ком­позитор «Қыз Жібек» киносына да ат­сал­ысты. Ал костюмдерді атақты суретші, Жібектің анасының рөлін ойнаған Гүлфайрус Ысмайлова тікті. Ал киноның сценарийін классик Ғабит Мүсірепов жазғанын бәріңіз білетін шығарсыздар. «Қыз Жібек» фильмі неге жақсы шықты? Се­бебі қазақ өнерінің ең мықты май­талмандарының бәрі осы киноға қатысты. Олар тек «Қыз Жібекте» емес, қазақ өнер­інде де із қалдырған. Кейін театр сахнасында «Ана – Жер-Ана» қойыл­ым­ында Фарида Шәріпова әже рөлін ой­на­са, мен келінін сомдадым. Кинодағы жолымды осындай азаматтармен бастаған, ең бақытты актрисамын. Кинодан кейін бір жылдан соң Құрманғазы атындағы Өнер институтына түстім. Сол кезде комис­­сия «Сен Қыз Жібекті ойнадың ғой» деп қараған жоқ. Барлық студенттер емтиханды қалай тапсырса, мен де солай тапсырдым. Кейбірі «Ой, оған жеңілдік жасаған шығар» деп ойласа ойлаған шығар. Бірақ шындық – осы. Кейін театрға жұмысқа тұру үшін де іріктеуден өттім. Содан бері 50 жылдан асты М.Әуезов театрында еңбек еттім. Қазір театрдағы замандас серіктестерім де азайды. Жалпы, «Қыз Жібек» киносынан тек Асанәлі Әшімов екеуміз ғана қалып едік. Асанәлі де кетіп қалды.  Төлегеніміз де жүрек ауруынан кетті. Жүрек ауруына адам шыдамайды. Сондықтан жүректеріңді сақтаңдар. 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар