Lufthansa ұшағы Алматыға шұғыл қонды: бортта жолаушы көз жұмды
- авторОймақ
- 26 желтоқсан, 2025
- 35
Оқиғаға байланысты әуе кемесі Алматы халықаралық әуежайына шұғыл қонуға мәжбүр болған.
Қазақстан авиациялық әкімшілігінің мәліметінше, оқиға 26 желтоқсанда LH 0722 рейсінде болған. Ұшу барысында 30 жастағы жолаушының жағдайы күрт нашарлап, ер адам есінен танған. Экипаж шұғыл қону туралы шешім қабылдап, ұшақ Алматы халықаралық әуежайына бағытталған.
"Әуе кемесіне әуежайдың медициналық қызметі мен жедел жәрдем бригадасы жедел жеткізілді", – деп хабарлады ведомство.
Дәрігерлер келген кезде жолаушының ұшу кезінде көз жұмғаны анықталған. Барлық қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін ұшақ Алматыда жанармай құйып, рейсті қайта жалғастырған. Әуе кемесі жергілікті уақытпен 07:56-да Бейжің қаласына ұшқан.
Дереккөздердің хабарлауынша, марқұм 30 жастағы шетел азаматы. Көліктегі полиция департаменті бұл дерек бойынша іс қозғалғанын айтты.
"Алдын ала болжам бойынша өлім себебі: жедел жүрек жеткіліксіздігі. Қайтыс болған азамат шетел мемлекетінің азаматы. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады полиция.
Өзге мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





