
Бұлар өмір баспалдағында кездескен сүйікті жарың, жан аяспас досың, аптал ағалар мен әпкелер, тәлімі мен тәрбиесін сіңірген ұстаздарың болуы да кәдік. Бір ғана емес сан мыңдаған шәкірттерінің санасына сәуле түсіріп, білім-ғылым сіңіруде ерен еңбек ететін ұстаз ұғымы қашан да биік әмбе әрдайым асқақ тұрады. Қарапайым ісімен, көпшілік ортада көбік сөзден бойын аулақ ұстайтын ұстаз ұстанымы – алдымен оң-солын танымай келген шәкірттерін баурайтын басты қасиет болса керек. Сондай жандардың бірі филология ғылымдарының кандидаты, ойы сергек оқытушы – Сабырбаева Раушан Қойшанқызы.
Алғашқы таныстық әлбетте тоқсан жылдан астам мол тарихы бүгінгі Шәкәрім университетінің қабырғасынан басталды. Қазақ филологиясы факультетіне түскен үрпек басты, түбіт мұртты жігіттер мен желкілдеген ай дидарлы арулардың бірінші басқосуынан басталды. Ұстамды, ұнамды келбеті бар бізге төрт жыл бойы куратор болған (жарты шашы біздің кесірімізден ағарды-ау осы) Эльмира Мақсұтқызы мен Раушан Қойшанқызы кіріп келді. Оқуға қабылдап, құжаттарымызды аманаттаған факультет оқытушысы ұстаздарымызбен таныстыра бастады. Бізде суырылып шығып (қазір айтудың өзі ұят) өзімізді таныстыра бастадық. «Дарынды жазушы, арқалы ақын» деген сыңайдағы өзімізді мақтаған лепесті сөздер айтылды.
Екі ұстаз да жылы ұшырап қабылдады. Біз бөлінген топ Эльмира Мақсұтқызына, қалған қатар топ Раушан Қойшанқызына қарамағына, қамқорлығына ауысты. Өзіміз бір буын, ұстаздарымызда замандас болған соң екеуіне бірдей еркелей бердік. Шынын айту керек өзіміз қатарлы әлбетте сол кісінің тобындағы бозбалалар ақыны мен пақыры қатар жүргендер Раушан Қойшанқызының аналық әлпештеуін сезінді. Мейір-махаббатына мелдектеп тойды. Жоғары оқу орнын бітірмей қалғаны жоқ, орта жолдан омақаса құласа күнәсі де, кінәсі де өз мойындарында. Осы тарапта Р.Қойшанқызының қамқорлығындағы жандарға қызыға да, қызғана да қарадық. Ұрысқанын көрмедік, тырысқанын білмедік...
Қырық жылға тарта ұстаздық жолының алғашқы баспалдағы 1986 жылы Семей қаласындағы №39 жалпы орта білім беретін мектептен бастау алды. Дәл сол оқу орнында 1994-1995 жылдары мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 1996-2003 жылдарда №22 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып жұмыс істеді. 2003 жылдан бастап Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде, Семей мемлекеттік педагогикалық институтында ассистент, оқытушы, аға оқытушы болып өрісі кеңейді.
2007 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде профессор Балтабай Әбдіғазиұлының жетекшілігімен «Қалихан Ысқақовтың прозасы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.Ғылыми-зерттеу бағытында жазған мақалалары халықаралық, республикалық ғылыми конференцияларда жұртшылықтың жоғары бағасын алды. Ғалым-зерттеуші ретіндегі елеулі еңбектері «Шәкәрім», «Сұлтанмахмұт» тұлғалық энциклопедияларында жарияға шықты. «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Ізденіс», «Абай», «Шәкәрім»ғылыми-танымдық журналдарында жарық көрген сексеннен астам жаңа ілкімді ізденістегі ғылыми мақалалары Раушан Сабырбаева сынды есімді жаңа белеске шығарды. Орта мектеп және жоғары оқу орындарына арналған оқу-әдістемелік құралдары, бағдарламалар мен «Қ.Ысқақ прозасы» тақырыбындағы монографиясы педагогтың парасат-пайымын әйгіледі.
Жоғары оқу орнында қызмет атқарған жылдарда университетте ментор, педагогикалық іс-тәжірибе жөніндегі жетекші, кураторлар кеңесінің төрағасы, факультет бойынша оқу-әдістемелік кеңестің төрағасы, аға куратор, топ кураторы жұмыстарын атқара жүріп жаңа қыры танылып, ашыла түсті. Аталған оқу орнының қабырғасындағы «Сырғалым» қыздар клубының, «Әдіскер әлемі» үйірмесінің жетекшісі, «Ең үздік студент-машықкер», «Білім үміткері», «Ең үздік практика жетекшісі» байқауларын ұйымдастырушылар құрамында болып, жоғары дәрежеде өтуіне атсалысқаны да, «Ментор-менти-жағдаят-басты мақсат» инновациялық мектепті дамытуға бағытталған педагогикалық білім беру саласындағы Ментор (тәлімгерлік) бағдарламасын жасап шыққаны да абыройын асырғаны қызмет екені анық.
Ғылым мен шығармашылықты ұштастырған ұстаз Раушан Қойшанқызы топ кураторы ретінде де студенттердің жеке тұлға боп қалыптасуын, жан-жақты дамып, рухани жағынан толысып шығуына зор үлес қосып, тағылым мен тәрбиеге толы әр түрлі іс-шараларды өткізетініне талай мәрте куә болдық. Жыл сайын университет қабырғасында өтетін студенттерге арналған конференциялардастуденттердің ғылыми жұмыстарына кеңесші болып, жетекшілік жасауынан да үлкен жанашырлық пен жауапкершілікті сеземіз.
Әрдайым сондай бір жаймашуақ күйде жүретін Раушан Қойшанқызының өзі де Семейпедагогикалық институтында 1982-1986 жылдараралығында білім көкжиегін толықтырып, ойдағыдай тәмамдап, түлеп ұшқан түлектердің бірі. Ұстаздары атағы дардай, тұлғасы нардай Қайым Мұхамедханов, Қуандық Пазылұлы, Қинаят Шаяхметұлы, Арап Еспенбетов, Жақсыбай Сарбалаев, Төкен Қонысбайқызы, БағилаСайлаубайқызы, Ғарифолла Есім, Нәубат Қалиұлысынды ұлағат дарыған ізгі жандар болды. Өз буынындағы Сайлаухан Қожағұл, Шағангүл Жанаева, Жанат Есенжолова, Гүлайым Қайдарова, Тыныштықбек Берікболұлы, Гүлғасыл Түйебаева, Айгерім Уалиева сияқты елге белгілі, көпшілікке танымал, бүгінгі күні білім мен ғылым саласында өз есім-сойын қалыптастырған тұлғалармен қатар білім алды.
Төрт жыл бойғы оқуымызды аяқтап, өзімізді үлкен өмірге бағыттаған оқу орнының шақыртуын қабыл алып, ұстаздық жолға түскенде де «ұлағат» дейтін ұлы ұғымды жұлын-жүйкесімен сезінген тәлім-тәрбие берген оқытушылар жылы қабылдады. Әріптестік қарым-қатынаста да білгенінен жаңылмаған аға оқытушы Раушан Қойшанқызы сол баяғы биязы мінезімен, орынды іс-әрекетімен, тәлім алушылармен тығыз байланыста жұмыс істеудің жолын көрсетті.
Алдыңғы лептен ұстаз ұлағатын ұғынған, кейінгі лекке ұғындырған Раушан Қойшанқызына сәт сайын студенттердің кіршіксіз таза көңіл шуағына шомылып, әріптестер арасында әрдайым абырой-беделінің биіктей беруін тілейміз.
Алпыс жас мерейтойыңыз – мерейіңізді өсірген, мейманаңызды тасытқан қайырлы, құтты жас болсын!
Қуат ҚАЗЕЗҰЛЫ,
Шәкәрім университетінің қазақ
филологиясы кафедрасының оқытушысы
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.