«Хуторский»: осы атпен танымал болған Хасан Қасымбаевтың ісі бойынша сот басталды
- авторОймақ
- 20 тамыз, 2025
- 57

Алматы облысының Талғар аудандық сотында Шерзат Полаттың қазасынан кейін атышулы «Хутор» тобының басшысы деп аталған Хасан Қасымбаевтың соты басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Айыпталушылар қатарында Мадияр Қалимжанов, Данияр Асқаров, Нұрмұхамет Сұлтанбеков, Руслан Әлиев және Сайлау Ақжанов бар. Істі судья Айнагүл Түкібаева қарап жатыр.
Хасан Қасымбаевқа «адам ұрлау», «ұрып-соғу» және «бопсалау» баптары бойынша айып тағылған.
Оның аты Шерзат ісінен кейін көпшілікке белгілі болды. Сол кезде ел ішінде «Талғарды Хуторлық топ билеп алған» деген әңгімелер тарады. Дегенмен ІІМ ресми мәлімдемесінде мұндай қылмыстық топтың барын жоққа шығарды.
2024 жылғы 4 қазанда «Қамажай» дүкенінде болған жанжал кісі өліміне ұласты. Бұл оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Осы жағдайдан кейін Талғар аудандық әкімдікте қызмет атқарған Хасан Қасымбаевтың бауыры Аслан Қасымбаев жұмыстан босатылды.
Ресми сот кабинеті дерегіне сүйенсек, Хасан Қасымбаевтың тағы бір бауыры Ержан Қасымбаев бұған дейін «адам өлтіру» бабымен істі болған. Ол кеден қызметкері Медет Жамашевты қасақана өлтірді деп айыпталған.
Orda.kz тілшісіне берген сұхбатында Хасан Қасымбаев: «Менің арым таза, заң бұзған жоқпын», – деген еді.
Алайда 4 қараша күні ол қамауға алынып, оған қатысты тергеу басталды. Тергеу шілде айында аяқталды. 29 шілдеде прокуратура айыптау актісін бекітіп, істі сотқа жіберді.
Сонымен қатар Хасан Қасымбаевпен суретке түскен подполковник жұрттың сынына ілікті. Кейін подполковник Еркебұлан Қасенұлы: «Хасанмен аңшылықта кездейсоқ жолықтым», – деп түсініктеме берген.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.