"Біздің дипломымызды алмаған": Перизат Қайраттың біліміне қатысты тағы ақпарат тарады
- авторОймақ
- 23 шілде, 2025
- 31

Перизат Қайраттың тек аяқталмаған орта білімі бар екені, тіпті оны аяқтап, қолына аттестат алмағаны жайлы дерек қазақстандықтарды таңғалдырды, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz Аikyn.kz. сайтына сілтеме жасап.
Естеріңізде болса, ол әлеуметтік желіде өзін Кембридж университетінің студенті ретінде таныстырып жүрген. Алайда Перизат Қайрат (бұрынғы тегі – Қасенғалиева) Ақтауда 9 «Е»-сыныбын бітірген. 2006 жылы Қаратаев атындағы Маңғыстау облыстық өнер колледжіне «хор дирижерлігі» мамандығына оқуға түсіп, 2008 жылы Алматыдағы Ж. Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне ауысады.
Бірақ сол жылдың 24 қазанында екінші курстан өз өтінішімен шығып кеткен. Колледж өкілдері оның тәртіп бұзбағанын растады. Сот процесі кезінде прокурор Мадина Оразалина Перизаттың есімі «Туран-Астана» университетінен табылған құжаттарда да кездесетінін айтты. Алайда университет ресми түрде «Перизат Қайрат біздің оқу орнымызда білім алмаған және біздің дипломымызды алмаған», – деп хабарлады.
Перизаттың Instagram парақшасында 2015-2016 жылдары Малайзиядағы Ноттингем университетінің кампусында суретке түсіп, сонда оқығанын жазған. Тіпті, 2016 жылы оның атына студенттік рұқсат қағазы да берілген. Бірақ толық орта немесе арнайы орта білім алмаған адам, жоғары оқу орнына қалай түседі.
Қазір Перизат Қайраттың анасы да, кейбірі танымал блогерге айналған құрбылары да бұл тақырыпта түсініктеме бермей отыр.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.