дүйсенбі, 9 маусым, 2025 17:06

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Назарбаев университеті: "балаларымызды көшеден ұстап әкетіп жатыр"

Назарбаев университеті: "балаларымызды көшеден ұстап әкетіп жатыр"
Коллаж Qaz365.kz
Әлеуметтік желіде ата-аналар жаппай үн қоса бастады.

Әлеуметтік желіде Эльмира Рамашева  есімді қолданушы інісінің Назарбаев университетінің Дайындық бағдарламасын (Foundation) аяқтап, студент атанғанына қарамастан көшеден әскерге ұстап әкеткенін жазған. Бұл желіде қызу пікірталас тудырды. Енді бүгін өзге ата-аналар университет басшысына хат жазды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап. 

Осы ретте Qaz365.kz тілшісі балалардың ата-аналарымен сөйлесті. Олар біздің портал арқылы Вакар Ахмадқа хат жолдады. Qaz365.kz назарларыңызға ата-аналардың хатын ұсынады:

“Біз, Назарбаев университетінің дайындық бағдарламасын (Foundation) 2025 жылы аяқтаған студенттердің ата-аналарымыз. Қазіргі таңда ұлдарымыз тап болған жағдайға байланысты көмек сұрмақпыз. 2025 жылғы сәуір айында олар оқу бағдарламасын сәтті аяқтап, қабылдау емтихандарын тапсырды. Сөйтіп Назарбаев университетінің 2025–2026 оқу жылына арналған бакалавриат бағдарламасына мемлекеттік грант тағайындалғаны туралы ресми хабарлама алды. Алайда ресми қабылдау туралы бұйрық тек тамыз айында шығарылады деп университет тарапынан түсіндірілді. Бұл жағдайда, сәуір мен тамыз айлары аралығында аталған жастардың ресми студент мәртебесі болмайды және олар 30 маусымда аяқталатын көктемгі әскери шақырылымның аясында әскерге шақырылу қаупіне тап болып отыр. Университет бұл жағдайды түсінгенімен, қабылдау мерзіміне ықпал ете алмайтынын және әскерден кейінге қалдыруға ресми негіздеме бере алмайтынын растады”, –  дейді ата-аналар.

Мысалы,  5 маусымда Нұрсұлтан Табынтайды кешкі уақытта әскери бөлімге алып кеткен, ұялы телефоны өшіріліп, жақындарына ешқандай хабар берілмеген. Оның ата-анасы мен туыстары біраз уақыт бойы оның қайда екенін білмей, ауыр күйзеліске түскен көрінеді.

“Бұл – білім алуды жоспарлаған жас жігіт үшін де, оның отбасы үшін де үлкен психологиялық соққы. Нұрсұлтанның әкесі ұлының 2025–2026 оқу жылына Назарбаев университетінің бакалавриат бағдарламасына қабылданғаны туралы шақыру хатын және 100 000 теңге көлеміндегі кепілдік жарнаның төленгені туралы түбіртекті әскери комиссариатқа тапсырды. Алайда, әскери комиссариат бұл құжаттарды қабылдаудан бас тартты. Қазіргі уақытта Нұрсұлтан әскери бөлімде орналасқан. Осы мәселені шешуге жәрдем беруіңізді және Нұрсұлтанның оқуын жалғастыруына мүмкіндік жасауға қолдау көрсетуіңізді сұраймыз.Осылайша, грант туралы хабарлама алған сәт пен ресми қабылдау арасындағы кезеңде құқықтық және ұйымдастырушылық алшақтық туындап отыр. Мемлекет бір жағынан жастарға білім алуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан — оларды осы мүмкіндікті пайдаланудан айырып отыр. Назарбаев университеті елдегі жетекші білім беру мекемесі ретінде мүдделі мемлекеттік органдар Білім және ғылым министрлігі мен Қорғаныс министрлігі арасындағы бұл мәселені шешуде үйлестіріп байланыстыруда маңызды үлес қоса алады деп сенеміз. Ата- аналар қауымдастығы тарапынан аталған министрліктерге де ресми түрде жүгінуді жоспарлап отырмыз”, –  дейді хат авторлары.

Ата-аналар бұдан былай дарынды түлектер осындай құқықтық және ұйымдастырушылық қиындықтарға тап болмауы үшін аталған мәселенің уақытша ғана емес, жүйелі шешімін табу аса маңызды деп отыр.

 Осыған байланысты сізден мынадай шешімдерді қарастыруда қолдап, ықпал етуіңізді сұраймыз:

 студенттерді оқуға қабылдау туралы бұйрық шыққанға дейінгі мерзімде жекелеп әскерге шақыруды кейінге қалдыру;

немесе мемлекеттік грант тағайындалған сәттен бастап студент мәртебесін беру;

Еліміздің дамуына үлес қосуға ниетті, сапалы білім алуға ұмтылған жастардың мүддесін қорғауға бағытталған іс-әрекет пен қолдау күтеміз.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Табынбайды қалай ұстап әкеткені туралы жазған едік. Еске салсақ, соңғы кездері осындай оқиғалар көбейді. Бұған дейін  журналист Бақытгүл Салидың Түркияның Болу қаласында оқитын ұлы Әлішер Елікбайды түнгі уақытта Астанадағы  көшелердің бірінен  ұстап әкеткенін жазған едік.

Ал Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Камалетдинов әскерге мәжбүрлі түрде шақыру фактілерін растаған болатын.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар