бейсенбі, 5 маусым, 2025 15:54

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Этноауыл: Астанада ұлттық құндылықтар жаңғырды

Этноауыл: Астанада ұлттық құндылықтар жаңғырды
Фото: Oimaqnews.kz
Астанада Назарбаев Университетінің аумағында «Жеті Қазына» атты этноауыл ашылды. Шара аясында көрме, концерттік бағдарлама және ұлттық мәдениетті насихаттайтын бірнеше бағыттағы алаңдар жұмыс істеді.

Этноауыл — қазақ халқының салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігін көпшілікке танытуға бағытталған жобалардың бірі. Шараны ұйымдастырушы — қоғамдық жобалармен айналысып жүрген азамат, этномәдениет жанашыры Бауыржан Білман. Оның айтуынша, этноауыл ұлттық болмысты заманауи форматта қайта ұсынуға бағытталған.

— Бұл — ұмытылғанды еске алу емес, тірі дәстүрді қайта қоғам санасына сіңіру. Біздің халықтың болмысы — тек тарих емес, қазіргі күннің де айнасы, — дейді жоба авторы.

Көрме аясында ағаш шеберлері, қолөнершілер мен зергерлер өз бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Киіз үй тігілді, ұлттық тағамдар ұсынылып, дала тұрмысына тән көріністер бейнеленді. Ағаштан түйін түйген ұсталар, теріден бұйым жасаған қолөнершілердің еңбегі көптің назарын аударды.

Этноауыл сахнасында концерттік бағдарлама өтті. Оған дәстүрлі музыка орындаушылары, жыршылар мен күйшілер қатысты. Шарада «Ата Мұра» ансамблі мен жас өнерпаздар бірнеше халық күйлерін орындады.

Салтанатты ашылу барысында бірқатар қоғам және мемлекет өкілдері сөз сөйледі. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смолякова этноауылдың жастар тәрбиесіндегі маңызына тоқталса, Назарбаев Университетінің вице-президенті Дәурен Біләлов оқу ордасының мұндай жобаларға қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Ал Kazakh Tourism ұлттық компаниясы төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы этноауылды ішкі және сыртқы туризмді дамытудағы маңызды қадам деп бағалады.

Шараның серіктестері қатарында Назарбаев Университеті (алаң ұсынған) және қоғамдық ұйым ретінде Ұлы Дала скауттары бар.

Айта кету керек, этноауыл бір реттік акция емес. Жоба жаз бойы әр сенбі сайын жалғасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл — ұлттық мәдениет пен руханиятты қалалық ортаға бейімдеудің бір тәсілі.

 

Жанұзақ Дүйсенбайұлы

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар