Өткен аптада полицияға жеткізілген әнші Алмас Кішкенбаевқа қашан сот шешімі шығатыны белгілі болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Әншіге қатысты іс Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралатын болды.
Сот өндірісінде Кішкенбаев Алмас Бексейітұлына қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі (“Ұсақ бұзақылық”) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралуда. 2024 жылғы 31 қаңтарда іс бойынша мән-жайларды қарастыру мүмкін болмады, себебі жәбірленуші, кәмелетке толмаған К.-ның заңды өкілі ауызша өтініш білдіріп, іс материалдарымен танысу үшін қарау күнін кейінге қалдыруды сұрады, – делінген ақпаратта.
Еске салайық, бұған дейін әнші Алмас Кішкенбаевтың жасөспірімге тиіскені үшін полицияға жеткізілгені туралы ақпарат тараған еді. 17 жастағы баланың айтуынша, сыраға шамамен 40 жастағы ер адам тапсырыс берген. Ол алкогольді алып, кейін курьерге бірге ішуді ұсынған. Оның үстіне, сол кезде ер адам 11-сынып оқушысының интимдік жағынан ұстап алған. Курьер дереу үйіне барып, әкесіне бәрін айтып, құқық қорғау органдарына хабарласқан.
Оған ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша айып тағылуда. Бұл бап бойынша - “Қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға зәбірлеп тиiсу және айналасындағыларға құрметпен қарамауды бiлдiретiн, қоғамдық тәртiп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер" үшін жауапкершілік қарастырылған.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.