Түркістан облысында 1,1 миллиард теңге бөлінген субсидияның ақшасын жымқырған
- авторОймақ
- Бүгін, 15:21
- 13
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға бөлінген 1,1 миллиард теңге субсидияның жымқырылуына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу мәліметінше, құжат жүзінде сатып алынған 81 жаңбырлатып суару қондырғысының 37-сі іс жүзінде жеткізілмеген, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті ауыл шаруашылығы жабдықтарын субсидиялауға бағытталған бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізуде.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті бірнеше коммерциялық ұйымды өз бақылауына алып, мемлекеттік субсидияларды заңсыз иемдену схемасын ұйымдастырған. Аталған компаниялар жабдық жеткізуші, лизинг беруші және мемлекеттік қолдау алушы ретінде әрекет еткен.
Атап айтқанда, «Агрохолдинг Туркестан» және «JMJ-Агро» ЖШС арқылы 81 жаңбырлатып суару қондырғысын сатып алуға субсидия алу жөнінде өтінімдер рәсімделген.
Ал лизинг беруші ретінде күдіктінің бақылауындағы «АгроПромЛизинг» микроқаржы ұйымы қатысқан. Мемлекеттік бюджеттен бөлінген субсидиялар осы ұйымның арнайы шотына аударылған.
Алайда тергеу барысында 37 жаңбырлатып суару қондырғысының мүлде жеткізілмегені және орнатылмағаны анықталған.
«Алайда 37 жаңбырлатып суару қондырғысы іс жүзінде жеткізілмеген және орнатылмаған. Соған қарамастан, міндеттемелердің толық орындалғаны туралы шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер көрсетілген қабылдау-тапсыру актілері рәсімделген», – деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
Ведомство мәліметінше, кейіннен бюджет қаражаты күдіктінің бақылауындағы ұйымдардың есепшоттарына аударылған.
Осының салдарынан мемлекетке 1,1 миллиард теңге көлемінде залал келтірілген.
Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынған. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





