Қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұловаға арналған "Әлия" көркем фильмі келесі жылы прокатқа шығады. Фильм мерген қыздың 100 жылдығы мен Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында көрсетілетін болады. Басты рөлге кастинг санаулы күннен кейін, яғни символикалық түрде 9 мамырда басталмақ.
Әлия Молдағұлова туралы көркем фильм түсіру ресейлік журналист, тележүргізуші және актриса Алена Кулешованың идеясы, әрі ол сценарий атворларының бірі болып саналады. Мұны 2019 жылы Санкт-Петерборда Молдағұлованың ескерткіші ашылған сәттен бастап, ойға алған екен.
"Қызмет атқарып жүрген телеарнам мені Санкт-Петерборға барып, репортаж түсіруге жіберді, – дейді Алена. – Бір күн бұрын сюжеттің жобасын дайындап қояйын деп, интернетке отырдым. Ол соғыста қаза тапқанда небәрі 18 жаста еді, снайпер болған. Бірақ Ленинградта тұратын. Ол Ташкентке эвакуацияланудан бас тартып, қоршаудан аман шықты. Майданға аттануға асықты. Әйелдер мергендік мектебінің алғашқы жыл құсы. Өзі көңілді және өте қамқор жан болған. Моласын ешкім таба алмаған. Бұл фактілердің бәрін оқып отырып, көз жасыма ерік бердім".
Ескерткіштің ашылу салтанатында Алена Кулешова Әлияның туысы Сапар Молдағұловпен кездесіп, танысады. Мәскеуге оралған соң, репортажы жарық көргеннен кейін, фильм түсіру туралы шындап ойлана бастайды. "Фильм түсіру туралы ойлаған сайын Әлияның бейнесі де айқын бола түсті. Сюжетке арналған эскиздерім де көз алдыма келе бастады. Мұны бірге істейтін досым Александр Шуховқа айтып едім, ол: "Әлия туралы фильм болуы мүмкін" деді. Бірақ мұндай фильмнің жоқтығына сене алмадым. Шынымен, бар екені белгілі болды" дейді Кулешова.
1985 жылы режиссер Болотбек Шәмшиев "Қазақфильмде" "Мергендер" фильмін түсіргені белгілі. Басты рөлді қырғыз актрисасы Айтурған Темірова ойнады. Кулешова "Мергендер" фильмін көріп шыққан соң, режиссер Шәмшиевпен де жолығып, сөйлеседі. Өкінішке қарай, сценарийді көрсетсем деген мақсаты жүзеге аспады. Шәмшиев арада жарты жыл өткенде қайтыс болады.
Фильмді түсіру үшін үш жылдай уақыт жұмсаған. Әлия туралы шындықтың бәрін айту, көрсету оңай шаруа емес. Режиссер "Мергендерде" айтылмаған оқиғаларды "Әлияда" көрсеткісі келеді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.