"Қошқарбаев – қазақ, Булатовтың түбі – татар. Екеуі де баяғы «Алтын Орданың» ұрпағы" – Мұхтар Құл-Мұхаммед
- авторОймақ
- 7 мамыр, 2024
- 471
"Даңқты маршал, Кеңес Одағының Батыры атағын 4 мәрте иеленген Г.Жуков соғыстан кейін өзінің атақты «Воспоминания и размышления» атты кітабын жазады. Осы кітаптың екі нұсқасы болған. Алғашқысы 1969 жылы жарық көреді. Сонда былай деп жазады: «30 сәуір күні сағат 15 шамасында менің командалық пунктіме командарм Кузнецов телефон шалып, – Рейхстагта – Қызыл ту. Ура, жолдас маршал! – деген қуанышты хабар жеткізді» (Воспоминания и размышления, М., 1969, 655-бет). Мұны біз тудың түс кезінде тігілгенін дәлелдейтін бесінші құжатқа жатқызамыз. Алайда уақыт өте келе, маршалдың өзіне пікірін өзгертуге мәжбүр еткен, ресми дерекпен сәйкес келмей қалады ғой. Мына менің қолымдағы кейінгі 1974 жылғы басылымы. Мұнда ол оқиға: «21 сағат 50 минутта сержант М.Егоров пен кіші сержант М.Кантария армияның Әскери Кеңесі тапсырған Жеңіс туын Рейхстагтың бас күмбезіне тікті. Рейхстагты алуға бағытталған тарихи шабуылды өзі бақылап тұрған 3-Екпінді армияның қолбасшысы В.Кузнецов дереу менің командалық пунктіме телефон шалып: «Рейхстагта – Қызыл ту! Ура, жолдас маршал!» деген қуанышты хабарды жеткізді», – болып өзгертілді. Мінеки, осының барлығы қитұрқы саясаттың кесірінен болған дүние. Сталинге жағыну үшін, ұлы орыс халқын көтере дәріптеу мақсатында бұрмаланған, қолдан жасалған тарих. Қошқарбаев – қазақ, Булатовтың түбі – татар. Екеуі де баяғы «Алтын Орданың» ұрпағы. Екеуі Жеңіс туын тігеді. Штабта отырғандар мұндайды қалай қисын. Бұл Ұлы орыс халқының соғысы, сол ұлылардың жеңісі болуы керек деп ойластырған. Бүгінгі Ресейдің тарихшылары Рейхстагқа ту 14.25-те тігілгенін ақыры мойындады, ақиқат кешіксе де ақыры жетті. Ал мына құжаттар мен жаңа сізге келтіріп отырған құжаттар олардың қолында болмаған. Мұның барлығы «секретный архив» деп бұрыштама соғылған құпия жерде жатқан. Бұл құжаттар тек 2005 жылы жарыққа шыға бастады"...
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.