жұма, 29 мамыр, 2026 17:36

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Ауыл баласын кітап оқуға үндейтін жоба

Ауыл баласын кітап оқуға үндейтін жоба
Жобаның ауқымы алдағы уақытта одан сайын кеңеймек.

Мен Райымбек ауданындағы білім беру саласының қызметкерімін, қарапайым ұстазбын. Соңғы уақытта өңірімізде кең қанат жайып, үлкен қозғалысқа айналған «Балалықтан даналыққа» жобасының куәсі ретінде бұл бастаманың өскелең ұрпақ үшін қаншалықты маңызды екенін ерекше атап өткім келеді. 
Бұл мемлекетіміздің стратегиялық бағытымен де тікелей үндесетін жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің тапсырмаларында елдегі кітапхана ісін дамытуға, балалар әдебиетін қолдауға және ұлттық оқу мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Президенттің «Оқуға құштар мектеп» жобасы мен кітап оқуды насихаттау туралы мемлекеттік бастамалары бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде қолдау табуда. Жақында Президентіміздің «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар» туралы Жарлығы шықты. Бұл Жарлық әлеуметтік желілердегі жеңіл контенттерге ауып бара жатқан балаларымызды білім мен дәстүрдің қайнар бұлағы - кітап әлеміне бас қоюға игі жол ашты.
Райымбек ауданындағы кітап оқу жобасы дәл осы мемлекеттік саясаттың аймақтағы жарқын әрі нәтижелі көрінісі дер едім. 
Ең қуанарлығы, бұл жобаның бастамашысы ауданның іскер азаматтары -  «Хан Тәңірі қырандары» білім мен спорт жанашырлары қоры. Ел болашағына бейжай қарамайтын кәсіпкерлер бірігіп, ауыл балаларының кітап оқуына материалдық әрі рухани тұрғыдан үлкен қолдау көрсетіп отыр. Жоба аясында аудан мен ауыл мектептеріндегі оқушыларға демеушілік негізде кітаптар жеткізіліп беріледі. Бұл «Балалықтан даналыққа» жобасының авторы Айдар Мәсімғазы есімді азаматқа ұстаздар мен ата-аналардың алғысы шексіз. 
Ал біз, ұстаздар, сол кітаптарды балаларға оқытып, бағыт-бағдар береміз, кітап оқу сайыстарына дайындаймыз. Яғни бұл кәсіпкерлерді, ұстаздар мен оқушыларды ортақ мақсатқа біріктірген үлкен рухани майданға айналды.

Алғашқы нәтижелер мен биік белестер

Қазіргі таңда жоба Райымбек ауданындағы 22 мектепті толық қамтып отыр. Ай сайын мыңдаған оқушы жаңа кітаппен қауышады. Әр айдың соңында оқылған шығармалар бойынша арнайы білім сайыстары ұйымдастырылып, үздік шыққан оқушыларға қаржылай сыйлықтар мен бағалы жүлделер табысталады. Бұл балалардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың ойлау қабілеті мен сөйлеу мәдениетін дамытуға орасан зор ықпал етуде.
Бұрын кітап оқуға құлықсыз болған балалардың өзі қазір шығармаларды талдап, пікір айтып, өз ойын еркін жеткізетін болды. Әсіресе ауыл балаларының ғылымға, әдебиетке деген құштарлығының оянуы — біз үшін үлкен мәртебе.
Жобаның алғашқы жарқын жеңістері де ұзақ күттірген жоқ. Алматы қаласында өткен «Жас Қаныш» республикалық кітап оқу байқауында ауданымыздың оқушылары бас жүлде І орынды иеленді. Бұл — бүкіл аудан мектептері мен ізденімпаз балалардың ортақ жеңісі.

Алдағы жоспарлар

Ұйымдастырушылар жазғы каникулда үздік оқушыларды Қазақстанның мәдени-рухани орталықтары мен белгілі білім ордаларына апаратын танымдық тур ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Алматы қаласында осы қозғалыс аясында жастарға арналған кітап оқу клубы да тұрақты жұмыс істейді.
Сондай-ақ, жоба аясында жеңімпаз атанған оқушыларымыз 1 маусым күні Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың қабылдауында болып, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың ғылымға қосқан үлесі мен жастарға үлгі болатын тұлғалық қасиеттері туралы дайындаған баяндамаларын ұсынбақ.
Осындай игі бастаманы қолға алып, ұлттың интеллектуалдық әлеуетін көтеруге атсалысып жүрген іскер азаматтарға шынайы алғыс айтамыз. Президентіміз атап өткендей, озық ойлы ұлт болудың төте жолы -кітап оқу. Ал бүгін кітап ұстап өскен ауыл баласы -ертең ел тұтқасын ұстар білімді де білікті азаматқа айналары сөзсіз.

Айжан Жабгиева
Алматы облысы білім басқармасының Райымбек ауданы бойынша білім бөлімінің әдіскері

Бөлісу:
Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар