Алматы қаласының әкімдігі Бостандық ауданында бес адамның өмірін қиған түнгі өртке қатысты мәлімдеме жасап, зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына қандай көмек көрсетіліп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт салдарынан баспанасы зардап шеккен тоғыз адам қонақүйге орналастырылды. Сонымен қатар оларға құжаттарын қалпына келтіру бойынша және басқа да құқықтық мәселелер жөнінде көмек көрсетіліп жатыр.
Аудан әкімдігі дін өкілдерімен бірлесіп, қаза тапқандарды жерлеу рәсімін ұйымдастыруды өз мойнына алды.
Оқиға орнында Бостандық ауданының әкімі жедел қызметтердің жұмысын үйлестіріп, бірінші кезектегі мәселелерді шешумен айналысып жатыр.
«Қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Осындай ауыр кезеңде отбасыларға барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Жағдай тұрақты бақылауда», – делінген аудан әкімдігінің хабарламасында.
Азаматтар көмек алу және басқа да мәселелер бойынша Алматы қаласы әкімдігінің 109 бірыңғай байланыс орталығына хабарласа алады. Орталық тәулік бойы, демалыссыз жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері мен мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Барлық тиісті қызметтер жедел режимде жұмыс істеуде.
Еске салайық, бүгін таңертең Алматының Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйде болған өрттен бес адамның қаза тапқаны белгілі болды. Олардың денелері өртті сөндіру барысында табылған.
Полиция аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





