Бұл жағдайды аумақты аралау кезінде сенімгерлік басқару компаниясының өкілдері анықтады.
«Financial World» ЖШС директорының орынбасары Ануар Кужановтың айтуынша, отбасы қайтыс болған ұлы жерленген аумақтың маңынан ата-анасына және келініне деп орын дайындамақ болған. Тіпті бейіт іргетасын құю жұмыстары да басталып кеткен.
– Мен аумақты күнделікті аралап, бақылап жүремін. Бұл жолы да үлкен аумақта жұмыс жүріп жатқанын көріп, тоқтадым. Мұнда бір отбасының баласы жерленген екен. Кейін ата-анасына, келініне деп орын алып қалмақ болған. Бұл дұрыс емес. Ерлі-зайыптылардың бірі қайтыс болса, екінші орын қалдыруға рұқсат етіледі. Бірақ бір әулетке алдын ала бірнеше орын дайындауға болмайды. Жер жеткілікті, халық уайымдамауы керек, – деді Ануар Кужанов.
Компания өкілдерінің мәліметінше, олар 2022 жылдан бері Ақтөбедегі 45 зиратты сенімгерлік басқаруға алған. Мамандар күн сайын аумақты бақылап, тазалық жұмыстарын жүргізеді. Әсіресе жаз мезгілінде тұрғындардың қоқыс тастау деректері жиілейтін көрінеді.
Қазақстанда әр адамға зираттан 6 шаршы метр жер тегін беріледі. Сонымен қатар екінші адамға арналған орын қалдыруға заң бойынша рұқсат бар.
Қазір Ақтөбе қаласындағы бірқатар зираттар толып, жабылып жатқандықтан, қала әкімдігі қосымша 65 гектар жер бөлген. Ал сенімгерлік басқарушы компания бұл аумаққа қажетті инфрақұрылым тартылатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысындағы ескі қорымдардың бірінде адам сүйектерінің шашылып жатқаны туралы ақпарат тараған еді. Алдын ала мәлімет бойынша, ол қорым ХХ ғасырдың басына тиесілі.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





