Биылғы көктемгі шақыру науқаны аясында ведомство бөлімдеріне еліміздің 16 өңірінен 400-ден астам жас жігіт жіберілмек.
ТЖМ мәліметінше, соңғы жылдары мерзімді әскери қызметтен кейін келісімшарт негізінде қызметін жалғастыруға ниетті сарбаздар саны артып келеді. Өткен шақыру қорытындысы бойынша 51 әскери қызметші келісімшартпен жұмыс істеуге шешім қабылдаған.
Ведомство әскерге шақырылушыларды іріктеу жұмысына ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті. Осы мақсатта төтенше жағдайлар департаменттері мен әскери бөлімдерде офицерлер, дәрігерлер және психологтардан құралған арнайы жұмыс топтары құрылған.
– Бұл болашақ әскери қызметшілердің денсаулық жағдайы мен кәсіби жарамдылығын жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді, – делінген министрлік хабарламасында.
Қазіргі уақытта ТЖМ қарамағында азаматтық қорғаныстың бес әскери бөлімі жұмыс істейді. Олар Қарағанды, Ұзынағаш, Семей, Ақтөбе және Ақкөл қалаларында орналасқан. Сонымен қатар Алматы, Орал, Өскемен және Қостанай қалаларында екінші құтқару батальондары қызмет атқарады.
Министрлік сарбаздардың білім алуына да басымдық беріліп отырғанын мәлімдеді. «Мерзімді әскери қызметшілер – 2.0» бағдарламасы аясында былтыр 59 әскери қызметші жоғары оқу орындарына түсу үшін мемлекеттік грант иеленген. Оның 23-і әскери жоғары оқу орындарына қабылданған.
Бұдан бөлек, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында білім беру ұйымдарымен 20 меморандум жасалып, 500-ден астам сарбаз қосымша мамандықтар бойынша даярлықтан өткен. Олардың қатарында жүргізуші, аспаз, газэлектрдәнекерлеуші, альпинист, мобилограф және ұшқышсыз ұшу аппараттарының маманы секілді бағыттар бар.
Айта кетейік, ТЖМ әскери бөлімдері табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға жедел әрекет ету міндетін атқарады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





