Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мұғалімнің балаға тек сабақ үстінде, мектеп қабырғасында болған кезде ғана жауап беретінін айтты. Ал демалыс уақытында немесе түнгі мезгілде балаға ата-ана жауапты. Сондай-ақ мұғалімдерге басы артық жұмыс бергендерге айыппұл салуды ұсынды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Ол оқушыларға сабақтан тыс, демалыс кезінде, түнде ата-ана жауапты болуға тиіс екенін айтты.
«Басты мәселе — біздің педагогтардың жауапкершілігі. Егер жазғы демалыс уақытында, жалпы демалыс уақытында біздің мұғалімдер балаларға жауап бермеуі керек. Өйткені олардың ата-аналары бар. Керек болып жатса, полиция бар. Біздің басты ойымыз осы. Кейбір өңірлерде педагогтардың балалары түнде құқық бұзушылық жасады деді де, педагогтарды жұмыстан шығарды. Педагогтың орны қандай? Педагогтың жұмысы қандай? Сол сияқты кейбін өңірлерде оларда жазда өзенді күзетуге шақырған кездер де болған. Бірақ онда еңбек демалысы болған. Енді біз тайға таңба басқандай жазып жатырмыз. Сабақтың үстінде, баланың мектепте болған уақытында, жалпы оқу процесі кезінде жауап беруі керек. Демалыста, түнде ата-анасы бар», — деді Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ ол мұғалімдерді қызметтік міндетіне жатпайтын іске салып қою мәселесіне тоқталды. Қазір мұндай әрекеттер үшін тек ескерту қарастырылған. Аймағамбетов аз мөлшерде болсын айыппұл салу қажет деп есептейді.
«Қазір біз егер ұстаздардан қажет етілмейтін, бекітілмейтін есептерді талап етсе, оларды өз құзіретіне жатпайтын жұмысқа салса, сенбіліктерге т.б. жұмсаса айыппұл салынбайды. Қазір тек ескерту бар. Біз кішкене мөлшерде болсын айыппұл болуы керек деген ұсыныс», — деді Асхат Аймағамбетов.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





