Әкесі Алиса Льюдің спорттық мансабына шамамен 1 миллион доллар жұмсаған
- авторОймақ
- Бүгін, 09:27
- 246
Оның әкесі Артур Лью 1989 жылы Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңында болған студенттік көтеріліске қатысқан. Кейін ол 25 жасында АҚШ-қа қоныс аударған.
Артурдың бес баласы бар. Барлығы суррогат ананың көмегімен дүниеге келген. Үлкені — Алиса. Одан кейін Селена есімді сіңлісі және үш егіз інілері бар.
Алиса бес жасында мәнерлеп сырғанауда талантын көрсете бастаған. Әкесі Мишель Кван мен Кристи Ямагучи секілді азиялық жұлдыздардан шабыт алып, қызын қатаң тәртіппен жаттықтырған.
Артурдың айтуынша, қызының спорттық мансабына шамамен 1 миллион доллар жұмсаған. Бірнеше жаттықтырушы ауысып, нәтиже болмаса, басқасына ауыстырылып отырған. Нәтижесінде 13 жасында Алиса АҚШ тарихындағы ең жас ұлттық чемпион болған.
Алиса балалық шағын еске алып:
«Бұрын інілеріммен бірге шағын пәтерде ойнап, бірге ұйықтайтынбыз. Ал спортқа келген соң мен тек жаттығумен ғана айналысатын балаға айналдым. Шынын айтсам, мәнерлеп сырғанау — әкемнің арманы еді», — деген.
Пандемия кезінде алғаш рет үзіліс жасауға мүмкіндік туған.
«Сол кезде өмірдің қаншалық әдемі екенін сезіндім. Үнемі жаттығу мен жарыс болса, отбасыммен бірге болуға уақыт таппайтынмын», — дейді ол.
2022 жылғы Бейжің қысқы Олимпиадасынан кейін 16 жасында Алиса спорттық мансабын аяқтайтынын жариялап, көпшілікті таңғалдырды.
«Мен өз мақсатыма жеттім. Енді еркін өмір сүріп, отбасыммен және достарыммен бірге болғым келеді», — деген еді.
Кейін берген сұхбатында бұл шешімде әкесімен ақылдаспағанын айтты:
«Бұл — менің өмірім».
Алайда екі жылдан кейін ол мұз айдынына қайта оралды. 2024 жылы спортқа қайта келер алдында әкесімен нақты келісім жасайды:
— Бағдарламасының музыкасын өзі таңдайды;
— Қойылым идеясын өзі әзірлейді;
— Жүктемені өзі реттейді;
— Жеңіс туралы қысым болмайды;
— Тамақтану тәртібін өзі шешеді.
Бұл — әкесінің бұрынғы қатаң бақылауын тоқтату деген сөз еді.
«Әкем — жақсы адам. Бірақ мен өз өміріме шектен тыс араласуға жол бермеуім керек деп шештім», — дейді Алиса.
2025 жылы әлем чемпионы атанғанда, әкесі тек көрермен ретінде трибунада отырған.
Алиса Льюдің тарихы — тек спорт туралы емес. Бұл — еркіндік, өз жолыңды өзің таңдау және жеке шешім үшін жауапкершілік алу туралы ерекше тағдырлы оқиға.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






