«Әкейді ұстағандар өзгені де аяп қарық қылмас» – София Тастемірованың естелігінен
- авторОймақ
- 9 сәуір, 2024
- 1.4k
Қазақтың көрнекті жазушысы Хамза Есенжановтың жары София Тастемірованың естелігінен үзінді жариялауды жөн көрдік. Бұл естелік белгілі ғалым Сайлау Сүлейменов пен Дәметкен Сүлейменованың "Аққу махаббат" кітабына жарияланған.
...1937 жылы февраль айында үйленіп, бас қостық. Алдымызда жарқын болашақ, қызу еңбек, бақытты тұрмыс күтіп тұрғандай еді. Мен мединституттың студенті болатынмын. Ағаң Ленинградтан аспирантураны бітіріп келіп, Қазақ филармониясының, Қазақ мемлекеттік Опера және балет театрының директоры болды. Академияда әдебиет секторын басқарды. Сонымен бірге ҚазПИ-де ХІХ ғасырдағы орыс әдебиетінен лекция оқыды. Кадрдың тапшы кезі. Бір өзі осындай жауапты-жауапты төрт қызметті қатар атқарды. Беттен қағу көрмей тұрғанда жас адам моюшы ма еді? Ұйқы көрмей күндліз-түні жүре беруіне риза-тұғын.
Сондай күндердің бірінде Хамзаның үйге сұрқы қашып, дегбірсізденіп келгені. Жұмысында жайсыздық болды ма деп, жұбатайын десем, басылар емес.
–Бүгін таң алдында әкейді ұстап әкетіпті, – дегені көз аясы мөлтілдеп, жасқа толып. Бетімнен біреу шапалақпен салып жібергендей болды. Әкей деп отырғаны – кәдімгі Бейімбет Майлин! Қара сөздің зергерін Хамза соншама құрмет тұтатын. Атын атауға батпай, әкей дейтін. Біз де солай деп кеткенбіз. Жүрегім бір жамандықты сезгендей, буыны құрғыр босап, сүйегім үгітіліп, аяғымды баса алсамшы. Әлден уақытта: –Не үшін? Не үшін, құдай-ау?! – деп дауыстап жібергенімді білемін.
–Әкейдің тірі пендеге қылдай қиянаты болды дегенге мен сенбеймін. Жан иесін бұл заманда жақсылығы үшін де қинайды екен-ау.
Жаз айларында «Каменская платода» киіз үй тігіп, әкейдің үйімен көрші қонатын едік. Сенікі, менікі деген жоқ, емін-еркін араласатынбыз. Шіркін, Биағаң қандай еді. Адамның алдын кесе өтпейтін, кішіпейіл, қақсоқты сөзбен ісі жоқ. Көп сөйлемейтін, өмірі біреуді былай екен деп теріс пікір айтуды білмейтін, ерекше жаратылған жан еді ғой. Қаламын ұштап, қағазын ыңғайлап алса болды, жер таңдамай, күй талғамай көкейіне лықсып келіп қалған көрікті ойды арап әрпімен маржандай ғып түсіре жөнелетін.
–Әкейді ұстағандар өзгені де аяп қарық қылмас. Берік бол да дайын жүр. Кезегіміз келер біздің де, – деді. Өйткені Сәкен, Ілияс, басқа да халықтың көрнекті азаматтары бұл кезде жала жабылып, ұсталған шағы еді. Жұрт бір-бірімен араласуға қорқатын. Күні кеше өлең, жырын тақпақ қып жаттап өскен қадірлі қаламгердің атын ауызға алудан жасқанатын.
Айтқандай-ақ 1938 жылдың 19 март күні таңертеңгі онда телефон шыр ете қалды. Көтерсем бейтаныс дауыс Хамзаны сұрайды. – КазПИ-де лекциясы бар. Жұмысқа шығып кетті, – дедім. Сағат он бірдің кезінде үйге үш жігіт сау ете қалды. Өңдері суық, сөздері ызбарлы. Есім шығып кетті.
– Сенің ерің халық жауы ретінде ұсталды. Үйге тінту жүргіземіз, – деді. Құдайдың тас төбемнен ұрғанын сонда бір-ақ білдім. Тірнектеп жинаған әжептеуір кітапханасы бар еді. Армансыз ақтарды. Тәуір кітаптарды қолтықтарына қысып алды. Біздің үйден одан өзге не тапсын. Тап сол күні Сағыр Камалов та қамауға алыныпты. Бізбен көрші тұратын.
Сең соққандай боп, Тайыр Жароковтың әйелі Мүнира екеуміз базарға барып, ет алдық. Ойымыз – түрмеге төсек-орын мен тамақ апару. Хамзаның аз-ақ алдында «Хазіреттің баласысың» деп жездейді деп ұстап, он жылға кескен-ді. Осы қазіргі Дзержинский көшесінің бойында түрме бар еді, сонда екен. Бізді жібермеді. Төсек-орын мен апарған дәмімізді алып қалды. Бес-алты күнде бір келіп, тамақ әкеліп тұруға болады деді. Сұп-сұр қабырға, темір шілтерлі терезе. Бар асылымыз бен көз қуаныш, қымбатымыз соның ішінде жатыр ғой. Жар жағалап жылап, ішегіміз үзілердей боп үйге қайттық. Үйге келсем, кішкене балам шырқырап жылап жатыр екен. Атын әкесі Эмиль Золяға аттас қып Эмиль қойған. Үйде марқұм енем бар болатын.
Келесі барғанда «Әкелгендеріңнің бәрін алдық. Хамза-Қас» деген молданың ішірткісіндей тілдей қағаз жолдапты. Екіншісі Қасым екенін біле қойдым. Ақын Тоғызақовты айтамын. Оны да Хамзаның аз-ақ алдында алып кеткен. Сағыр Қамалов сол кеткеннен оралмады. Жігіттің жайсаңы еді ғой. Кәрі шешесі, әйелі, баласы бар болатын...
Сол бір ауыртпалықты көтере алмады ма, әйтеуір жаққан оты өшті. Халықты теңселтіп кеткен дауыл кімнің шаңырағын шайқамады десеңші. Осы күні ойлаймын, сол бір жазықсыз жандардың беймезгіл төгілген қаны мен көз жасы кінәлілерді екі дүниеде байыз таптырмас деп. Асыра сілтеу, жеке басқа табынушылық десек те, қиын-қыстау шақта бір-бірін көрсетіп, көз көре шырылдатып, от пен оққа байлап берген бейшаралардың өз ары өзін азаптамай қоймас. Тас түйін болып, бір ауыздан сөз, бір жеңнен қол шығарып отырса, айдаладан келген жау жоқ еді ғой. Бәрін бүлдіріп, елді алатайдай тоздырған бөрік астында жүрген бөлтіріктер емес пе?
Хамзаны көрсеткендер 1960 жылы анықталды. Қанша сырғақтаса да, айыбын мойнына алды. Олар кімдер деп тағат таппай отырғандарыңызды білемін. Пендеге берілген жан аманат, дем нәсіп қой. Бір аяғым анда, бір аяғым мұнда деп отырғанда шындықтың бетін ашпасам, ішіме сыймас. Атын атамай-ақ қояйын, түсін түстейін. Бірі – егіз төлдеген саулықтай мекіреніп сөйлейтін, жіпсік көзді, дүр қара-ды. Екіншісі – тумысынан кемтар, шанаш бет, шынжау сары. Таққан айыбы, тапқан кінәсі мынау: – Хамза Есенжанов Ленинград қаласында аспирантурада оқып жүргенде, «шіркін, қазақтың даласына не жетсін! Ақшаңқан киіз үйді жайлауға тігіп тастап, бие байлап, қымыз ішсе. Ат баптап, бәйгеге қосса» дейтін. Бұл нағыз ұлтшыл көзқарастың адамы. Әйтпесе әлгіндей сөзді айтып несі бар?
Бар айыбы – осы. Қарақтарым-ау, бұл 27-28 жастағы алаулап тұрған жігіттің алыстағы ауылын аңсаған бәйкүнә арманы емес пе? Мұның астарында қандай ұлтшылдық жатыр? Бүгінгі оқығаны, тоқығаны мол, ойы озық азаматтар, өздерің айтыңдаршы, әлде менікі қате ме? Елім деп, жерім деп жүрген сол боздақтар, түптің түінде алтын басы «қолшоқпардың» бір бет қағазы мен сасық ауыз пікірінің құрбаны боларын, сүйегін қай заманның желі үрлерін білді дейсің бе?
Ағаларыңды ақыры «халық жауы» деп танып, бас бостандығынан айырды. Қарғыс атқыр сол атаудың статьясының нөмірі 58 болатын. Өтебай Тұрманжанов пен Зейін Шашкин де Хамзамен бірге жазаланды. Өзім дәрігерлер институтын 1938 жылы бітірдім. Сол жылдың аяғында бұлардлы Семейдің түрмесіне әкетті. Анда-санда хаты келеді. Ол кезде қанша жылға кесілгендерін хатқа жаздырмайтын. Жазылған бослса сызып, өшіріп тастайтын. Тек конверттің бұрышына әр жерге «8», «8» деген санды қоя беріпті. Содан ұқтым, сегіз жылға кесілгенін...
«Аққу махаббат».
Орал. 2013 жыл.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.