Мүгедектігі бар адамдардың жалақысынан заңсыз салық ұстап отырған
- авторОймақ
- Бүгін, 09:45
- 19
Ақмола облысының прокуратурасы мүгедектігі бар азаматтардан заңсыз ұсталған салықтарды қайтарды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Прокуратураның мәліметінше, 2024–2025 жылдары заңдылықтың сақталуына жүргізілген талдау нәтижесінде мүгедектігі бар адамдардың жеке табыс салығын (әрі қарай – ЖТС) ұстау кезінде олардың құқықтары жүйелі түрде бұзылғаны анықталды.
Қазақстан Республикасының Конституциясы барлық азаматтардың теңдігіне және кемсітушілікке жол берілмейтініне кепілдік береді. Осы қағидатты іске асыру мақсатында салық заңнамасында I, II және III топтағы мүгедектігі бар адамдар жылдық табысы айлық есептік көрсеткіштің 882 еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда жеке табыс салығын төлеуден босатылатыны тікелей көзделген. Алайда, заңның тікелей талаптарына қарамастан, жекелеген ұйымдарда мұндай қызметкерлердің жалақысынан салық негізсіз ұсталған, - деп хабарлады Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Прокурорлық ден қою шараларының нәтижесінде 344 мүгедектігі бар азаматтың құқықтары қалпына келтіріліп, оларға заңсыз ұсталған 12,8 млн теңгеден астам сома қайтарылды.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






