сәрсенбі, 29 қазан, 2025 22:43

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Жаңаөзенде мұнайшылар еңбек құқығы бұзылғанын айтып, ереуілге шықты

Жаңаөзенде мұнайшылар еңбек құқығы бұзылғанын айтып, ереуілге шықты
Фото: видеодан скрин stan.kz
Маңғыстау облысындағы "МунайСпецСнаб Компани" ЖШС жұмысшылары 28 қазанға қараған түні ереуілге шықты. Олар видеоүндеу жазып, еңбек құқықтарының бұзылуына байланысты жұмысты тоқтатты.

Мұнайшылар еңбек құқығындағы әділетсіздік пен әлеуметтік қорғаудың жеткіліксіздігіне алаңдайтындарын айтты.

“Біздің талабымыз – әділдікке қол жеткізу, жұмысшылардың құқығын қорғау және олардың үнін жоғарыдағыларға жеткізу”, – деді жұмысшылардың бірі. 

Олар Қазақстан президентіне, Маңғыстау облысы мен Жаңаөзен қаласының әкімдеріне, облыстық прокурорға және “ҚазМұнайГаз”  акционерлік қоғамының басқарма төрағасына жүгінді.

“МунайСпецСнаб Компани” компаниясы жұмысшыларының талабына жауап берді. Олар жалақы уақытында төленіп, әлеуметтік жеңілдіктер заңға сәйкес беріліп жатқанын мәлімдеді. Компания ешқандай бұзушылықтар болмағанын хабарлады. 

“Қызметкерлердің 28 қазанда түнгі ауысымда жұмыс істеуден бас тартуы және жұмыстың тоқтап қалуы заңсыз және себепсіз”, – делінген хабарламада.

“МунайСпецСнаб Компани” компаниясы 2008 жылдан бері жұмыс істейді. “ҚазМұнайГаз” еншілес компанияларына, мұнай кен орындарына қызмет көрсететін компанияларға көлік және логистикалық қызметтер көрсетеді. Egov мәліметінше, Нысангүл Абдуллаева жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің негізін қалаушы ретінде көрсетілген.

Бұл компаниядағы алғашқы еңбек дауы емес. Мұнда жұмысшылар үнемі жалақыны көтеруді және еңбек жағдайларын жақсартуды талап етеді. 2021 жылы шамамен 130 жүргізуші бір апта бойы ереуілге шықты. Ал 2023 жылы жүзден астам қызметкер Жаңаөзен көшелеріне шығып, әкімдікке дейін барып, президентке үндеу оқыды. Жанжал OzenMunaiService басшылығымен кездесуден кейін шешілді. 2024 жылы дәл осы компанияда да ереуіл болған. 

2022 жылдан бері Қазақстанда 97 ереуіл өтті. Олардың көпшілігі (87%) Маңғыстау облысында болды. Негізгі қатысушылар мұнай-газ компанияларының қызметкерлері мен қызмет көрсету мердігерлері.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар