сенбі, 23 қараша, 2024 5:16

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың орындалуы қоғамдық бақылауға алынады

Мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың орындалуы қоғамдық бақылауға алынады
фото Мәжіліс
Әлеуетті жеткізушілердің рейтингін енгізу ұсынылады.

 

 

 

Мәжіліс жаңа редакциядағы «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жоба мен оған ілеспе түзетулер Мемлекет басшысының мемлекеттік сатып алудың сапалы жаңа жүйесін құру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленді.

Заң жобасына сәйкес әсіресе құрылысқа байланысты жұмыстарға қоғамдық мониторинг институты енгізіледі.

Мемлекеттік сатып алу (goszakup.gov.kz) веб-порталына жұмыстарды орындау кестелерін, шарттардың орындалуы бойынша есептерді (оның ішінде фото және бейне жазба) жалпы қолжетімді етіп жариялау ұсынылады. Қоғамдық бақылау субъектілері мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың орындалуын бақылауға құқылы болады. Мониторинг «Қоғамдық бақылау туралы» заңда көзделген тетіктерге сәйкес жүргізіледі. Норма ашықтықты арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған.

Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң жобасы процесті оңайлатуға және бюрократиядан арылтуға бағытталған.

Осы саладағы мәселелердің бірі – рәсімдердің ұзақтығы. Осыған байланысты алдын ала қабылдау кезеңін алып тастау, сондай-ақ жеке рәсімдерді өткізу мерзімдерін қайта қарау ұсынылады. Нәтижесінде мемлекеттік сатып алу рәсімінің жалпы ұзақтығы 2 айдан 1 айға дейін қысқарады. Конкурсқа қатысуға бір өтінім ұсынылған және оны біліктілік талаптарына сәйкес деп таныған жағдайда, мұндай сатып алу өткізілді деп саналады.

- Сондай-ақ бір көзден сатып алуды жетілдіру бойынша жұмыс жалғасады. Ауыл әкімдіктеріне тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді конкурс өткізбей 3000 АЕК-ке дейін сатып алу ұсынылып отырғанын атап өтті. Жұмыс тобы бұл шекті арттыруды қарастырып жатыр, - деді жұмыс тобының жетекшісі Руслан Қожасбаев.

Сонымен қатар әлеуетті жеткізушілердің рейтингін енгізу ұсынылады.

- Оң динамика көрсеткен рәсімдерді автоматтандыру элементтерінің бірі - мемлекеттік сатып алудың рейтингтік-баллдық жүйесі. Сатып алудың жеңімпазын портал мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің қаржылық тұрақтылық, әлеуетті жеткізушілердің тәжірибесі және басқа да деректері негізінде автоматты түрде анықтайды, - деді Руслан Қожасбаев.

Жаңа редакцияда шағын және орта бизнес субъектілері арасында жүзеге асырылатын жұмыстардың, қызметтердің, тауарлар мен сатып алулардың тізбесін енгізу ұсынылады. Осыған орай жұмыс жүргізіліп жатқан ауданда тіркелген өнім берушілерге 1 пайыздық шартты жеңілдік қарастырылған.

Өз кезегінде Ерлан Қошанов мемлекеттік сатып алу жүйесін қайта қарау мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқанын атап өтті. Ол мемлекеттік сатып алу барлық әлеуметтік маңызды жобаны жүзеге асыруға тікелей әсер ететіндіктен Мемлекет басшысы бұл саланы түбегейлі реформалауды тапсырғанын еске салды.

– Бұл заң жергілікті жерлерде туындайтын түйткілді мәселелердің шешілуіне оң ықпал етеді деп сенеміз. Көп жұмыс атқарылды. Енді заң жобасын тезірек пысықтап, екінші оқылымға шығару керек. Өйткені оны халық күтіп отыр. Өңірлердегі бизнес қоғамдастығы мен тұрғындар ұсынылған өзгерістер туралы өз пікірлерін білдіруі маңызды. Сондықтан бейінді комитет өңірлерге барып, көшпелі отырыс өткізгені жөн, – деді палата спикері.

Кәсіпкерлердің, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, қоғам өкілдерінің қатысуымен Мәжілістегі жұмыс тобының аясында заң жобасын әзірлеу жұмыстары жалғасады.

 

 

 

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар