Әлемде жыл сайын мыңдаған пластикалық операция жасалады – Айна Досан
- авторОймақ
- 24 шілде, 2025
- 51

"Қазір пластикалық хирургия дүниежүзіндегі топ 5 хирургияның біреуі болып отыр". дейді пластикалық хирург Айна Досан "Айқын" газетіне берген сұхбатында.
–Әлемнің әр елінде жыл сайын мыңдаған пластикалық операция жасалынады. Әсіресе, бұл тұрғыда Еуропа мен Америка, Оңтүстік Корея елдерінің қара үзіп алға шыққанын айтпасқа болмайды. Адамның өмір сүру салты, оның тұрмыс жағдайы жақсарған сайын медицинаның эстетикалық саласына жүгінетіндер саны артпаса, кемімейтін сияқты. Қазақстан да бұл үдерістен тыс қалып жатқан жоқ. Халықтың өмір салты бізде де өзгеріп жатыр. Адамдар бұрынғыдай денесіндегі тыртығымен, болмаса көзге көрініп тұрған кемшілігімен өмір сүргісі келмейтін болған. Мүмкіндігі болса, ондай кемістіктерін мүлде жойып жіберіп, алдырып тастауға, сырт көзге байқалмайтындай етіп, бет-әлпетінің кескінін немесе мүсінін бұрынғысынан әлдеқайда жақсартуға тырысады. Өмір салты өзгерді деп айтып отырмын ғой. Соған сәйкес, кеңседе отырып істейтін жұмыс түрлері көбейді. Сәйкесінше, қозғалысты көп қажет етпейтін мамандықтар саны артып келеді. Соған қарай нақты бір пластикалық ота түрлеріне деген сұраныс та жоғары. Бұл құбылыс біздің қоғамда жасырын емес. Мәселен, қазір липосакция, яғни майды сору операциясына деген сұраныс көп. Сонымен қатар қазір жеке тұлғаның өзін-өзі идентификациялауы, яғни өз ерекшелігін айшықтап, өзін әдемі етіп көрсетуге тырысуы, айналасына өзін-өзі танытуға, көрсетуге деген құлшынысы басым. Ал ол жерде әдемілік, сымбаттылық бірінші орында тұрады. Қоғамда адам өзінің тартымдылығы арқылы тауарына не болмаса көрсететін қызметіне сұранысты арттыру сипаты белең алған. Сол себепті осындай тенденция бірінші орында тұрған кезде, оған деген сұраныстың да арта беретіні анық. Қазір елімізде пластикалық хирург болғысы келетін дәрігердің саны көп. Жылдан-жылға артпаса, кемімейді. Өйткені көбі бұл мамандықты сұранысқа ие әрі табысты кәсіп деп санайды. Маған да «Оқытасыз ба, өз шеберлігіңізді үйретесіз бе?» деп келетіндер көп. Соған қарағанда, бұл саланың болашағы зор деп ойлаймын. Бізде де мықты дәрігерлер бар. Осыдан жиырма жыл бұрын тәжірибеңіз қаншалықты десе, көбі күмілжіп, жауап бере алмай қалатын еді. Қазір он жылдан аса тәжірибесі бар мамандар баршылық. Шетелдік әріптестерімізден де көп нәрсе үйреніп жатырмыз.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.