жұма, 6 маусым, 2025 22:01

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Құрбан айт: кімге құрбан шалу міндеттеледі?

Құрбан айт: кімге құрбан шалу міндеттеледі?
Фото: istockphoto
Ертең – Құрбан айт мерекесі.

Биыл Құрбан айт мерекесі 6 маусымда басталады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми мәліметінше, айт мерекесі үш күнге – 6, 7 және 8 маусым күндеріне белгіленген. Алайда дін мамандары ай күнтізбесіне негізделетін Құрбан айт уақыты айдың көрінуіне байланысты бір күн ерте не кеш басталуы мүмкін екенін ескертеді, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Aikyn.kz. сайтына сілтеме жасап. 

Құрбан айт қандай мейрам?

Құрбан айт – бүкіл ислам әлемінде ұлық саналатын қасиетті мейрам. Бұл мереке Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың Алла разылығы үшін ұлын құрбан етуге дайын болғандығын еске алу мақсатында аталып өтеді. Алла Тағала Ибраһимнің ықыласын қабыл етіп, құрбандыққа мал шалуды бұйырған. Содан бастап бұл ғибадат мұсылмандар арасында сүннетке айналды.

«Құрбан» сөзі араб тілінде «жақындау» деген мағынаны білдіреді, яғни Аллаға құлшылық арқылы жақындау. Бұл күндері мұсылмандар құрбан шалу арқылы Жаратушыға деген ықыласын білдіреді.

Құрбан шалу кімге міндет?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының түсіндіруінше, ханафи мәзһабында құрбан шалу – мынадай талаптарға сай келетін әрбір мұсылманға уәжіп, яғни міндет:

Балиғат жасына толған;

Ақыл-есі дұрыс;

Жолаушы емес;

Нисап мөлшерінен артық мал-мүлкі бар (85 грамм алтын немесе соған тең қаржы, артық үй немесе көлік) адамдарға.

Егер тек ер адам жұмыс істеп, отбасын асырап отырса, оның шалған құрбаны бүкіл отбасы атынан есептеледі. Ал әйелі де табыс табатын болса және зекет нисабына жетсе, ол да жеке құрбан шалуы керек.

Қандай мал құрбандыққа жарайды?

Құрбандыққа шалынатын мал:

Қой мен ешкі – кемінде 1 жаста болуы шарт (қозы өте ірі болса, алты айлығы да жарайды);

Сиыр – 2 жаста;

Түйе – 5 жаста.

Жылқы малы құрбандыққа жарамайды.

Малдың дені сау, көзі толық көретін, аяқ-қолдары бүтін, құлағы кесілмеген және жүруге қауқарлы болуы керек. Ауру, ақсақ немесе көзі соқыр мал құрбандыққа қабыл болмайды.

Бірігіп құрбан шалуға бола ма?

Иә, болады. Бірақ белгілі бір тәртіппен:

Қой мен ешкіні – тек бір адам ғана шала алады.

Сиыр мен түйені – бір адам жеке не жеті адам бірігіп шала алады.

Егер жеті адам бірігіп шалып жатса, барлығының ниеті – Алла разылығы үшін құрбан шалу болуы керек. Егер біреуі тек «ет алу» ниетімен қосылса, құрбандық қабыл болмайды.

Құрбандық шалу уақыты

Құрбан шалу уақыты – Айт намазынан кейін басталады. Бұл мерзім айттың бірінші күні (6 маусым) айт намазынан соң басталып, үшінші күнінің (8 маусым) күн батуына дейін жалғасады.

Осы уақыттан тыс шалған мал – құрбандық ретінде саналмайды.

Құрбандық шалу рәсімі қалай өтеді?

Құрбандық шалатын адам да, өкіл де мал бауыздар сәтте мынаны айтуы шарт:

«Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар!»

(«Алланың атымен, Алла ең ұлы!»)

Малды бауыздар алдында мына аятты оқыған жөн:

«Инна салати уа нусуки уа махйаиа уа мәмәти Лилләһи Раббил ‘Аламин. Лә шәрика ләһ»

(«Менің намазым, құрбандығым, өмірім және өлімім – бүкіл әлемдердің Раббысы Алла үшін»)

Содан соң тәкбір айтылып, мал бауыздалады.

Етті кімдерге тарату керек?

Шалынған малдың еті үшке бөлінеді:

Мұқтаждар мен жетім-жесірлерге таратылады;

Көрші, туыс, жақындарға үлестіріледі;

Өз отбасы үшін қалдыруға болады.

Еттің бәрін садақа ету – абзал амал.

Құрбан шалуға қатысты жиі қойылатын сұрақтар

Құрбан шалудың орнына садақа беруге бола ма?

Жоқ. Құрбан шалу – малдың қанын ағызу арқылы жасалатын құлшылық. Оның орнына ақша тарату – шариғатта құпталмайды.

Қарыз алып, құрбан шалуға бола ма?

Жоқ. Егер жағдайыңыз келмесе, құрбан шалу міндет емес. Қарыз алып шалуға шариғат рұқсат етпейді.

Марқұмның атынан құрбан шалуға бола ма?

Иә. Марқұм өсиет етпесе де, оның атынан сауап ниетімен құрбан шалуға болады. Етін де жеуге рұқсат. Ал өсиет қалдырса, еті түгелдей мұқтаждарға таратылады.

Онлайн құрбан шалу мүмкін бе?

Иә. ҚМДБ ресми түрде qurban.muftyat.kz сайтында онлайн құрбан шалуға мүмкіндік беріп отыр. Мұнда құрбандыққа арналған мал түрін таңдап, онлайн түрде төлем жасауға болады.

Құрбан шалудың сауаптары

Құрбандық шалу – Жаратушыға шүкіршілік білдірудің, мал-дүниеден садақа етудің, мұқтажға көмектесудің көрінісі. Бұл амал арқылы мұсылман адам жомарттық, мейірім, бауырмалдық қасиеттерін бойына сіңіреді. Қасиетті хадистерде құрбандыққа шалынған малдың әрбір қылшығына сауап жазылатыны айтылған.

Құрбандық малының бағасы 

ҚМДБ мал бағасына араласпайды. Әр аймақтағы нарыққа байланысты бағасы көрсетіледі. Қазақстанның әр аймағында малдың бағасы әртүрлі:

қой – 60-100 мың теңге аралығында;

ешкі – 50-75 мың теңге аралығында;

ірі қара – 400-700 мың теңге аралығында;

түйе – 700 мың мен 1,1 млн мың теңге аралығында.

Қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын бір немесе 7 адам бірігіп шалса болады.

Айт күні үй жинауға не кір жууға бола ма?

Шариғатта тыйым жоқ. Бұл – халық арасындағы ырымға байланысты кеңестер ғана. Дегенмен, айттың алдында тазалық жасап қойған абзал.

Айтта ауыз бекітуге бола ма?

Жоқ. Құрбан айттың үш күнінде (6–8 маусым) ораза ұстауға болмайды. Бұл күн – той, қуаныш, құрбан шалу күні.

Құрбандықты кім шалуы керек?

Егер адам мал шала алса, өзі шалғаны абзал. Шала алмаса, басқа адамға өкілдік беруіне болады. Бірақ құрбан шалу рәсіміне қатысып тұрғаны жақсы.

Құрбан айт – тек құрбан шалу емес, бұл – тазалық, мейірім, бауырмалдық пен сабырдың мерекесі. Жаратқанның разылығы үшін жасалған әрбір амал – сауап есігін ашады. Бұл күндері жетім-жесірге жәрдемдесіп, ауырып жатқанға көңіл айтып, туыстарды аралау – мұсылманның міндеті.

Гүлшекер Сүлейменова,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 3-курс студенті.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар