бейсенбі, 20 наурыз, 2025 19:26

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Қазақтың ұлттық ойындары

Қазақтың ұлттық ойындары
фото: ашық дереккөз
Бүгін – Ұлттық спорт күні.

Оған себеп – Кеңес үкіметін құру кезеңіндегі ойындарды «ескінің қалдығы» деп ешкім ескермеді, баспа беттерінде жарық көрмеді.

– Негізінде, ұлттық ойындарымызды осы наурызда ойнауымыз керек. Ойнап қана қоймай, үлкен жарыс қылып, ел біріншілігін өткізу керек. Сол арқылы ұлттық спортымызды, өнерімізді, дәстүрімізді наурызға тиек етіп дамыта аламыз. Бір ғылыми еңбекте итальян саяхатшысы Плано Карпини 1200 жылдары Қарақорымға барады. Сол кезде естелігінде былай жазады: «Мен барғаннан кейін көктем тойында (яғни, бұны наурыз деп түсінсек болады) үлкен мемлекеттік дәрежеде сайыс өтті. Биік мұнараға жамбы не туды нысанаға тігіп қойып, жан-жақтан жиналған атақты мергендер сайысты. Бәрін атып түсірген мергенге «ұлыстың ұлы мергені» деген атақ берді» дейді. Міне, бұл орта ғасырда қазақ ұлттық ойындары ауқымды деңгейде қолданыста болғанын көрсетеді, – дейді журналист, этнограф Бекен Қайратұлы.

Журналист өз сөзінде ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғырту керек екенін алға тартады. Оның сөзінше, кейбір ескі деректерде бұл ойындарды «көктемгі ойындар» деп те атаған екен.

«АҚ БОРАН» МЕН «ҚАЛТЫРАУЫҚ ҚАМЫР КЕМПІР»

Қазақ халқының ойын-сауық, әдет-ғұрып ойындарының көпшілігі осы ойынмен басталады. Наурыз мейрамында бұл ойындар екі жақтың тартысы арқылы ойналып, қыстың қысылтаяң қаттылығын бейнелейтін болған. Наурыз кезінде жақын екі ауылдың келісуі бойынша мерекеге жиналғандар екі топқа бөлінеді. Бірінші топтың аты – «Ақ боран» да, екінші топтың аты – «Қалтырауық қамыр кемпір». Әр топ ойын басталмас бұрын өздерінің ішінен өнердің барлық саласынан хабары бар ақын, палуан, мерген, құсбегі, шабандоз сияқты ойыншыларын дайындап, сайлап алады да, жиналған қауым екі ауылдың ең үлкен ақсақалының батасын алады. Ойын ең алдымен екі жақтың ақындар айтысымен басталады. Мереке өнердің барлық саласы бойынша осындай қызу тартыспен өтеді.

ҚИМАҚ

Бұл ойында жіп керіп, сол керілген жіпке әртүрлі ұзындықта сан алуан заттар байлап қояды. Қалам, өшіргіш, кәмпит, кітап, әртүрлі ойыншық және ойын көңілді болуы үшін бос қағазды да домалақтап орап қояды. Ойынның шарты: бір адамның көзін байлап, ойын бастаушы оның қолына қайшы ұстатып, «Осылардың ішінен қалағаныңды қиып ал», – дейді. Ол адам қиғанз атын алады. Егер бірінші рет қия алмаса, екінші рет әрекеттенуге болмайды.

БҰҒЫНАЙ

Ойынға қатысушылар дөңгелене отырады. Ойын жүргізуші балаларды «бірінші бұғынай, екінші бұғынай, үшінші бұғынай…» деп ең ақырғы ойыншыға дейін белгілеп шығады да, кенеттен бір санды атайды (мысалы, жетінші бұғынай). Сол санның иесі орнынан жылдам тұрады да, бір санды айтып, тез орнына отырады. Ол санның иесі де тез тұрып, келесі бір санды айтып орнына отырады. Әрбір айтылған санның иесі «бұғынай» деген сөзді қосып айтып, қайталаумен болады. Егер айтылған санның иесі тұра алмай қалса немесе оның орнына басқа біреу тұрып қойса, онда ойында белгіленген тәртіп бойынша жаза қолданылады (билеу, өлең айту, жұмбақ шешу, т.с.с.). Ол жазасын орындап болған соң бір санды айтып орнына отырады. Ойын жалғаса береді. Әркім өзіне берілген санды ұмытпауға, тез қимылдап, жедел шешім қабылдауға жаттығуы керек.

АЙДАП САЛ

Бұл ойынға қатысушыларға шек қойылмайды. Ойыншылар екі топқа бөлінеді. Бірінші топтың ойыншылары сыртқа шығып кетеді де, екінші топтағылар үйде отырып қалады. Ойын жүргізуші сыртта тұрғандардың есімін үйде отырғандардың әрбіреуіне қойып, өзі белгілеп алады да, сырттан келген ойыншыларға қойылған есімді білдірмейтіні жөнінде ескертеді. Енді сырттағы ойыншыларды бір-бірлеп шақыра бастайды. Сырттан келген ойыншы үйдегі ойыншылардың біреуін көрсетіп, яғни өз есімімен аталған ойыншыны табуы керек. Егер таба алмаса, онда ойыншылар орындарына барып отырады. Осылайша, сыртта тұрған ойыншылар жеке-жеке кіріп, өз есімі қойылған жігітті іздеп болғаннан кейін белгілеген адамын дұрыс таппағандар айып тартады. Ал өз есімін тапқандар сол ойыншының қасына барып отырады, айып тартпайды. Айып тартушылар көпшіліктің ұйғаруымен өлең айтады, би билейді. Әйтеуір, білген өнерін көрсетеді. Осылайша, ойын қайталанып біткеннен кейін екі топтың ойыншылары орындарын ауыстырады, ойын қайта басталады.

АЙҚҰЛАҚ

Қасқыр болатын баланың екі шекесіне қияны тікейтіп, орамалмен маңдайын байлап, арқасына киім-кешекті тығып томпайтып, белін астынан буып «қасқыр» қылып болған соң балаларға жуытпай, анадай бір бұтаның тасасына жатқызады. Айқұлақ – көктемнен бастап жаз бойы ойнайтын ойын. Айқұлақты ойнау үшін кешке таман жұрт аяғы басылған соң балалар жиналып, өздерінің арасынан үш баланы шығарады: бірі – «қасқыр», бірі – «қойшы», бірі – «ит». Қойшы болатын баланың үстіне жыртық шапан, басына жаман бөрік кигізіп, қолына бір таяқ беріп, «ит» болған баланы қасына ертіп, қойлардың жанына жатқызады. Қалған бір топ баланы «қой» қылып көгендеп қояды. Біраздан соң «қойлар» дүр етіп үркеді, сол уақытта «ит» те абалап, «қасқырменен» арсылдасып қалған кезде «қойшы» да айтақтап, «лақ-қозыны» айырып қалады. Сөйтіп, «қасқыр» бірде құр кетіп, бірде алып кетіп жүріп, ақырында сол «қойлардың» бәрін де тауысады. Міне, ойын осылай бітіп, екінші басталғанда да сол бұрынғы тәртіппен өтетін болады. Бұл ойын жастарға таза ауада демалуға, көңіл көтеруге, шынығуға, өмірді түсініп, білуге жәрдемдеседі.

БЕЛБЕУ ТАСТАУ

Ойынға жиналғандар дөңгелене шеңбер бойына отырады. Жүргізуші шеңбер сыртында белбеуді қолына ұстап жүгіре басып айналып жүреді де, өзінің көңіліне жаққан ойыншысының артына білдірмей тастауға тырысады (егер ол біліп қойса тастамау керек). Жүргізуші білдірмей тастап кетсе, шеңберді айналып қайтып келіп, белбеуді алады да, артында белбеу жатқан ойыншыны «Орныңды тап» деп белбеумен ұрады. Сөйтіп, шеңберді айналдыра қуалап, қайтып орнына келгенше соғады. Ал ойнаушы белбеуді артына тастап кеткенін біліп қойса, белбеуді ала салып, ойын жүргізушінің өзі босатқан орынға жеткенше қуалайды. Ойын осылай жалғаса береді.

Әсет ҚАЛИ

Aikyn.kz

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар