Акцияны Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы елорда әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындар, әсіресе, жастар арасында есірткіге қарсы теріс көзқарас қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және қоғамның қауіпсіздігі мен болашағы үшін жауапкершілікті арттыру.
«Біз Астанада есірткіге қарсы күрес бағытында ауқымды жұмыс жүргізіп келеміз. Жыл басынан бері заңсыз есірткі айналымына қатысты 200-ге жуық құқықбұзушылық анықталып, жүзге жуығы есірткі сату фактісі бойынша тіркелді. Заңсыз айналымнан 100 келіден астам есірткі тәркіленді. Дегенмен, басты бағыттардың бірі — профилактика. Оқу жылы барысында 700-ден астам дәріс, спорттық және түсіндіру іс-шаралары өткізілді. Қазір балалар жазғы демалысқа шыққандықтан, олармен профилактикалық жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. «Заң мен тәртіп» қағидаты бәріне ортақ. Сондықтан жастарды тәртіп сақтауға, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырамыз. Бүгінгі акция аясында флешмоб ұйымдастырылып, кейін қатысушылар сенбілікке шығып, тұрғындарға ақпараттық буклеттер таратады. Бұл — жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды бастама», – деді Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Әлия Қибатқызы.
Акцияға елордадан шамамен 300 ерікті қатысты. Сондай-ақ Астана қаласы Полиция департаменті жанындағы есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері де жұмылдырылды.
«Қазіргі таңда жастар есірткіге қарсы белсенді түрде үн қатып жатыр. Бүгін Астана қаласындағы мектептердің жас белсенділері ерінбей алаңға шығып, есірткіге қарсы өз ұстанымдарын көрсетті. Менің ойымша, бүгінгі іс-шара арқылы біз «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» бағдарламаларын жастар арасында кеңінен насихаттай аламыз», – деді ерікті, «Жер елшілері» ұйымының көшбасшысы Нұрдәулет Мұхтарбек.
Іс-шараға қатысушылар «Астана – есірткісіз қала» деген ұранмен флешмоб ұйымдастырды.
Сонымен қатар акция аясында саябақта экологиялық сенбілік өткізілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, тазалық тек қала көшелерінде ғана емес, адамның ойы мен өмір салтында да көрініс табуы тиіс.
Сондай-ақ волонтерлер саябақта және Есіл жағалауы аумағында ақпараттық буклеттер таратты. Онда нашақорлық мәселесіне тап болған немесе көмекке мұқтаж азаматтарға арналған анонимді сенім телефондары мен байланыс деректері көрсетілген.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






