дүйсенбі, 16 қараша, 2026 15:45

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Қазақстанда педагогтердің жалақысы қайта қаралуы мүмкін: өзгеріс кімдерге қатысты?

Қазақстанда педагогтердің жалақысы қайта қаралуы мүмкін: өзгеріс кімдерге қатысты?
Magnific.com
Елімізде 11 мың арнайы педагог жұмыс істейді

Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін педагогтердің жалақысын қайта қарау мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы 2026 жылғы 16 қарашада Құрылтайдағы Үкімет сағатында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Инклюзивті білім беру саласында жұмыс істейтін мамандардың еңбекақысын арттыру мәселесі білікті кадрлардың тапшылығы мен арнайы білім беру қолдауына мұқтаж балалар санының өсуіне байланысты көтерілді.

237 мың балаға 11 мың арнайы педагог қызмет көрсетеді

Министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мың бала бар. Ал елімізде 11 мың арнайы педагог жұмыс істейді. Алайда бұл көрсеткіш көмекке мұқтаж балалардың барлығын қажетті қолдаумен қамтамасыз етуге жеткіліксіз.

«Арнайы педагогтерге қатысты үлкен мәселе бар. Соның ішінде еңбекақы мәселесі де өте өзекті. Сондықтан қазір Құрылтай қабырғасында талқыланып жатқан заң жобасы аясында инклюзивті білім берумен айналысатын педагогтердің жалақысын қайта қарауды қолдауға дайынбыз», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

10 мыңға жуық бала мамандардың қорытындысын күтіп отыр

Министр инклюзивті білім беру инфрақұрылымының дамуына да тоқталды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 541 арнайы мектеп, 240 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 126 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) және аутизмі бар балаларды қолдауға арналған 12 орталық жұмыс істейді.

Сонымен қатар мыңнан астам мектепте инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттері ашылған. Дегенмен қолданыстағы инфрақұрылым әлі де жеткіліксіз.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 10 мыңға жуық бала ПМПК мамандарының қорытындысын күтіп отыр. Кезекті қысқарту үшін қосымша 16 ПМПК және сегіз түзету кабинетін ашу қажет.

Арнайы педагогтер даярлау жұмысы күшейтіледі

Кадр тапшылығын шешу мақсатында еліміздегі тоғыз колледжде 900-ден астам болашақ дефектолог білім алып жатыр. Тағы сегіз колледжде 200-ге жуық арнайы педагог даярлануда.

Бұдан бөлек, Қазақстанда жаңа форматтағы арнайы мектептер салу жоспарланып отыр. Мұндай білім беру ұйымдарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған үш бағыт біріктіріледі. Олар – оқыту, оңалту және қолдау көрсету.

Оқу-ағарту министрлігі инклюзивті білім беру саласындағы педагогтердің еңбекақысын қайта қарау мәселесі ведомствоның бақылауында екенін атап өтті.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар