Асан Омаров, абайтанушы: Абай Алаш интеллигенциясының ұстазы болды
- авторОймақ
- 1 ақпан, 2025
- 55
Әсіресе, қазіргі алмағайып заманда қоғам ұлы Абайдан нәрленуге, сол арқылы болмысы бөтен ой-танымдарға қарсы иммунитет қалыптастыруға зәру. Хакім Абай қиыр шеттегі Шыңғыстау бөктерінен-ақ Еуропаның ақыл-ойы дамуын қалт жібермей қадағалап отырған. Қалың елі қазағының діншілдігі туралы Абай былай дейді: «Қазақ құлшылығым Құдайға лайықты болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды қылып, жығылып тұрса болғаны... Тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек болмайды». Бұл – абайтанушы ғалым Асан Омаровтың хакім туралы ойларынан үзінді. Абай мен Шәкәрімнің күллі адамзатқа жол сілтеген рухани көсем екені ақиқат. «Осындай данасы бар халыққа ұстазды сырттан іздеу де жараспас» дейді ғалым. Ендеше Абай ілімі туралы ғалым пікіріне ойыссақ.
– Асан аға, биыл Абай Құнанбайұлының туғанына – 180 жыл. Абай әлемінде зерттелмеген тақырып бар ма?
– Абайдың Шығысы әлі күнге толық зерттелген жоқ. Оның себебі көп. Абайдың Шығысы ұғымына иман, дін, ғибадат тақырыптары және толық адам, үш сүю, Хақ жолы ілімдері кіреді. Бүгінгі абайтанудың сүйекті мәселелері – осылар. Оларды тиянақтау үшін үлкен ғылыми жұмыстар атқарылуы керек.
– Абай ілімі деген – телегей терең мұхит. Ол мұхиттың біз әлі бетін қалқып жүрген секілдіміз. Тереңдей түссек, нені аңғарар едік?
– Абай іліміне тереңдей түссек, Алланың және адамның болмысын танып-білуге мүмкіндік туады. Бұл – адам өмірінің мән-мағынасын және оның рухани болмысы қайтсек жетілетінін білу деген сөз. Бұдан бөлек, әлемнің үйлесімділік заңын түсінетін боламыз. Осылайша, әр қазақ дүниенің кетігін тауып, соған қалай бір кірпіш болып қалануды білетін болады. Былайша айтқанда, көкірек көзі ашылады. Міне, Абай ілімін мемлекеттік деңгейде насихаттаудың қажеттілігі осы арада.
– Абайтану тұрғысында біз ең алдымен бас абайтанушы деп кімді айтар едік?
– Бас абайтанушы деп сөз жоқ, ғұлама Мұхтар Әуезовті айтамыз. Бұл ғылымды бастап берген – Әлихан Бөкейханов. Абайды насихаттауға барлық Алаш арыстары атсалысты. Мұхаңның орны бөлек болатыны – ол Абайды қазаққа ғана емес, әлемге танытты, «Абай жолы» эпопеясы жөнімен, сондай-ақ көптеген абайтанушы шәкіртін даярлап кетті.
– Абай өлеңдерінің Алаш зиялыларына әсері қандай болды?
– Абайдың қазақ халқына, оның ішінде Алаш зиялыларына әсері орасан зор болды. Абай ұлттың сана-сезімін оятып, ақыл-есін жаңа деңгейге көтерді. Бұл – ақиқат. Сәбит Мұқановтың кезінде «Қазақ» газеті төңірегіне жиналған қазақ оқығандары Абайды рухани әке қылып» алды дегені жайдан-жай емес. Ел болу идеясын алаштықтар Абайдан сіңірді. Мәселен, «Сегіз аяқта» Абай қазақты түзелуге, яғни елдікке үндеп, астарлы түрде отаршыл билікті сынайды. Бұл өлеңнің алғашқы атауы «Оян қазақ» болған деген болжам бар. Қайткен күнде де Міржақып Дулатов өзінің «Оян қазағын» жазғанда үстелі үстінде Абайдың 1909 жылғы тұңғыш жинағы жатқаны факт. Айта берсек, қазақ интеллигенциясына Абай ұстаз болғаны туралы деректер таусылмастай көп. ХХ ғасырда дүниеге Абайдың көзімен қарауды үйренген, үлгі-өнеге алғандар қаншама десенізші, санасаң санына жете алмайсың.
– Абай өлеңдерінде «қателесіп» өзге шумақтардың түсіп кетуі, кей өлеңдердің өзгеге таңылып кетуі дейтін тұсы көп секілді. Абайтанушылар бұл тұрғыда толық зерделеп бітті ме?
– Өкінішке қарай, Абайдың асыл мұрасы қатеден арылып болды деуге ертерек. Иә, текстологиялық қате қазір жоққа тән. Бірақ Абай өлеңдерінің датасында кеткен қателіктер баршылық. Оларды Кәкітай Ысқақов уақыт тығыздығы жағдайында жалғыз өзі қойып шыққан болатын. Сол қалпы қала берді. Сол сияқты бірігіп кеткен әлденеше өлең бар. Мысалы, ағасы Тәкежан сыналған өлең екі өлең арасына кірігіп, бүркемеленіп қалған. Мұны Кәкітай мен Тұрағұлдың ағайын арасында араздық тумасын деп жасағаны белгілі. Әйгерімге, Әкімбайға арналған өлеңдер тағдыры да осындай. Бір сөзбен айтқанда, Абай өлеңдерінің хронологиясы едеуір өзгерістерді қажет етеді. Оны түзету Абай мен халықтың арасын жақындата түсетін болады.
– «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген өлең жолындағы соңғы шумақтың «қайратың мен ақылың екі жақтап» екенін нақты дәлелдеп жазсаңыз да, әлі күнге қолданыста «еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп жазылады. Бұл қателікті қайтсек түзейміз?
– Еңбегің мен ақылың емес, қайратың мен ақылың болуы керек. Себебі бұл өлеңде де ақын адамның үш қасиетін (қайрат, ақыл, жүрек) өзек еткен. Бұл үшеуі ортағасырлық Ғазали сияқты ойшылдардың еңбектерінде де бар. Еңбек боп жазылып, түзетілмей қалуы – кешегі кеңестік идеологияның салдары. Сол стереотип әлі күнге тірі. Шындығында, еңбексіз жан-жануар да өмір сүре алмайды. Қайрат адамға ғана тән, ол ерік-жігер деген мағынаны білдіреді. Ақыл, ес, сана, түйсік, сезім сияқты Рухтан туады.
– «Қазаққа ес кіргенде, Абай ескіреді» деген Асқар Сүлейменовтің сөзін тікелей ұғатындар көп. Абайдың ескірмеуі бізге (қазаққа) ес кірмеуінде жатыр ма? Біз әлі күнге Абай айтқан кемшіліктерден ұзап (алыстап) кете қоймаған секілдіміз. Неге?
– Асқар Сүлейменов афоризм жүйрігі болған соң айтып қалған нақылының бірі ғой. Шындығында, Абай ешқашан да ескірмейді, өйткені тек қана руханиятты, рухани жетілуді айтқан. Адам бол идеясын қалыптап, қазақты соған көтеруге бар күшін сарқа жұмсады. «Мыңмен жалғыз алыстым» дейтіні – сол. Қазір неге оңалып кетпедік, бес асыл істі неге ұстанбадық десеңіз, оның өзіндік себебі бар. Бастысы, жан мен тән таласында билікті тән құмарына беріп қоюға тіреледі. Тек заттық өнімді өндіру, тұтынушылық психология бүкіл адамзат санасын жаулап алды қазір. Басқа түгіл АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Трамптың өзі де Америка америкалық болып қалуы керек, ол үшін өзіндік салт-сана, әдет-ғұрып сақталуы керек деп бастама көтеріп, глобализмнен бас тартып жатыр. Дұрыс-ақ. Бізге де прогресшіл, яғни батысшыл боламыз деп әрнеге еліктеп, әуесқой болуды азайтпай болмайды. Сонда ғана өз жанымызға үңіліп, ес жиятын боламыз. Тіліміз, дініміз қалпына келеді дегендей. Бүгінгі рухани тығырықты Абай, Шәкәрім көре білген, айтудай айтып, ескерткен болатын. «Пайда ойлама, ар ойла» дегендей.
– Мұхтар мен Қайымнан кейінгі абайтанушылар не жаңалық тапты?
– Уақыт бір орнында тұрмайды, ғылым да сол сияқты үнемі дамып отырады. Нақты айтар болсақ, тәуелсіздік дәуірінде ғұлама Ақжан Машани ағамыз «Фараби және Абай» атты кітабында Абайдың Шығысына есік ашты, кеше ғана дүниеден озған Мекемтас Мырзахметов Абайдың толық адам ілімін зерттеуге жол салды. Академик Ғарифолла Есім Абай хакім деген ұғымды ғылыми айналымға енгізді. Советтік цензура кезінде Абайды хакім демек түгіл ойшыл философ деуге қара құлып салынды. Тек қана ақын ағартушы деңгейінде зерттеп, зерделеуге мұрсат етілді. Кейінгі толқын арасынан да мықты абайтанушылар шығатын шығар деп үміттенемін.
– Абай ұрпақтары туралы қандай мағлұмат бар?
– Құнанбай ұрпақтарының тоз-тозы шыққаны белгілі. Сталиндік репрессия кімді аясын. Абайдың көп ұрпақтары арасынан екеуі ғана жер басып жүр. Бірі – Алматыда, екіншісі Ресейде тұрады. Орыстанып кеткендер екен.
– Абайдың 180 жылдығында не мәселе баса ескерілуі керек деп ойлайсыз?
– Иә, биыл – ұлы Абайдың 180 жылдығы. Ұлы ұстаздың мерейтойы ешқашан ескерусіз қалған емес. Осы жылы да халық пен биліктің назарында боларына сенемін. Абайды халық жүрегіне жақындатудың амалы – кемел ой, іргелі ілімдерін мектептің, ЖОО-ның бағдарламасына енгізу деген ойдамын. Педагог мамандардан абайтануды игеруді талап ету керек. Нақты биылға келер болсақ, ұлан-асыр той тойлау қажет емес, даңғаза шудан жұрт зәрезап болған. Қаржы Абай жинағын шығаруға құйылса. Қазіргі жинақтар ескіше, хронологиясы түзетілмеген, әр шығармаға түсінік берілмеген дегендей. Абай жинағы қазақтың бас кітабы емес пе? Абайтанушы ретінде менің көкейімді тескен осы – Абай кітабын сапалы қылып даярлау мәселесі екенін несіне жасырайын?! Әзірге өзімді Абайдың «Сен асықты екен деп, Алла әмірін өзгертпес» деген сөзімен жұбатып жүрмін.
– Президент Абайға қатысты толымды пікірлер айтты. Рим Папасы жоғары баға берді Абайға. Орталық Азия елдері Абай тұлғасын тану үшін біздің тараптан қандай бастама қолға алынғаны дұрыс?
– Абайды әлем халықтары мойындап, бірі ескерткіш, енді бірі көше атауын беріп ұлықтап жатқанын естіп жатамыз. Бұл жағынан өкпе жоқ. Бірақ бұлар аздық етеді. Абайдың ең құнды еңбегі – «Тасдиқ» қазіргіше 38-ші қара сөз. Оны кемеңгер берісі, түркі әрісі ислам әлеміне арнап жазған болатын. Демек, осы күрделі трактатты Орталық Азия елдері тілдеріне аударып, түсініктеме беріп тарату – аса маңызды шаруа. Тап осы іс-шара қолға алынса керемет болар еді. Аталмыш еңбек қазақ ойының, даналығының Эверест секілді шыңы. Мұны «Тасдиқты» көп жыл зерттеген адам ретінде айтып отырмын. Сұхбатқа шақырғаныңызға зор алғыс! AIQYN-ның ойлы оқырманы көбейе берсін!
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлзина БЕКТАС
Aikyn.kz
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.