Белгілі әнші Димаш Құдайберген кеше ғана Дубайда алған DIAFA марапатын Қазақстан және КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Социалистік Еңбек Ері, бұлбұл әнші Бибігүл Төлегеноваға арнап, оны келе жатқан мерейтойымен құттықтады. Бұл туралы әнші өзінің Instagram парақшасында жариялады.
– Құрметті Бибігүл Ахметқызы! Күні кеше алған кезекті марапатымды алдағы келе жатқан 95 жылдық мерейтойыңыздың қарсаңында, сіздің құрметіңізге арнауға рұқсат етіңіз. Жастайымнан сіздің жоғары дәрежедегі өнеріңізге сусындап өсіп, сіздің аналық, ұстаздық өсиеттеріңіз бен батаңыздың арқасында қазіргі күні азды көпті жетістіктерге қол жеткізіп келемін. Құрметті #dears, құрметті жерлестер! Шын жүректен барлық құттықтауларыңызға көп рақмет айтқым келеді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!, – деп жазды ол.
Естеріңізге салсақ, биыл аңыз әнші Бибігүл Төлегенова 95 жасқа толады.
DIAFA – жыл сайын Дубайда өтетін беделді марапат. Ол аймақтық және әлемдік деңгейдегі көрнекті тұлғаларды, ұйымдар мен компанияларды олардың жетістіктері мен қоғамның өмірін жақсартуға қосқан үлесі үшін беріледі. Бұл жайында жазған болатынбыз.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.