"Біз үш есе артық ескерткіш салғанбыз": Қарин 1991 жылдан бері елде 1200 ескерткіш бой көтергенін айтты
- авторОймақ
- 2 қазан, 2024
- 156
Қазақстан Президентінің Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған видеода ономастикалық мәселелерді реттеу қолға алынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Ерлан Қариннің сөзінше, ономастика мәселесін қазір орталықтандырылып жатыр.
«Себебі жүйелілік жоқ. Біз көп нәрсені өңірлерге өз деңгейінде қабылдасын деп беріп қойдық. Ол бір жағынан дұрыс, бірақ идеология саласына келгенде кейбір өңірлерде жұмысты жүйелендіру керек», - дейді Мемлекеттік кеңесші.
Ерлан Қарин таяуда зерттеу жүргізіліп, 1991 жылға дейін және одан бері неше ескерткіш орнатылғаны саналғанын айтты. Сөзінше, 1991 жылға дейін совет үкіметінің 70 жылдық билігі кезінде елде 331 ескерткіш салынған. 1991 жылдан бері 1200 ескерткіш қойылған.
«Біз 30 жылда кеңес билігінің 70 жылда атқармаған жұмысын үш есе атқарып шықтық. Кеңес билігі кезінде ескерткіш орнатуға құмар болғанын менсіз де жақсы білесіздер. Ауыл-ауылда орнатты. Ал біз үш есе артық ескерткіш салғанбыз. Ара-қатынас қандай? Көп жерде белгілі бір белсенді азаматтардың ығына жығылады да, қалаған адамдарына орната береді. Олардың пайдасына шешкеннен кейін басқа азаматтар «біздің аталарымыз ескерусіз қалды» деп шығады. Содан кейін әрине, ары қарай тоқтаусыз кете береді. Мұның шегі болмайды. Өйткені бәрін қамту мүмкін емес. Бір жерде бес метрлік ескерткіш бой көтерсе, екінші жерде 8 метр қылып жарысады. Ескерткіштердің биіктігімен жарысар болсақ, жеткен жеріміз осы!? Біз не мақсатты көздеп отырмыз? Бабалардың өсиетін кейінгі ұрпаққа үлгі ету үшін бе, әлде мақтан ету үшін бе?» - дейді ол.
Ерлан Қариннің айтуынша, қазір жұмыс жүйеленіпп, мұндай мәселелердің идеологиялық, мазмұндық, эстетикалық жағын ескеріліп жатыр.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.