Алматы облысы полицейлері 14 жастағы қыздың өлімін тергеп жатыр
- авторОймақ
- 2 қазан, 2024
- 188
Алматы облысының полицейлері 14 жастағы қыздың өлімін тергеп жатыр. Деректерде мектеп оқушысы белгісіз таблеткалардан уланғаны айтылған. Оны ауыр жағдайда ауруханаға жеткізгенімен, дәрігерлер аман алып қала алмады. Мектептегілер 10-сынып оқушысы Алиманы жақсы оқушы ретінде сипаттайды. Ол "Алтын белгі" алуға үміткер болған, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
14 жастағы Алима қайтыс болғаннан кейін Еркін ауылының тұрғындары қатты есеңгіреп қалды. Ауыл кіші болғандықтан, қайғылы оқиға туралы хабар ауылға тез тарады.
Көршілердің айтуынша, қыз кенеттен үйде өзін жайсыз сезінген. Түнде жедел жәрдем шақырылған. Дәрігерлерге қыз дәрі-дәрмекпен уланғаны туралы хабарланған. Жергілікті тұрғындар қыздың жақсы отбасында өсіп, тәрбиеленгенін айтады. Ата-анасы азық-түлік дүкенінде жұмыс істейді. Үйде ешқандай ұрыс-керіс болмаған. Тұрғындар Алима суық тиіп ауырып қалып, дәрі ішкен болуы мүмкін деп топшылайды.
"Отбасы жақсы. Екі баласы бар сияқты. Көршісі айтады, тұмауратып қалған екен. Анасымен бірге дәріханаға барып, дәрі сатып алған. Сосын сол дәріге аллергиялық реакция болып, құтқара алмады. Мен осылай естідім", – деді Күлшетай Шахмұхамбетова.
Санат Смаилов есімді тұрғын қыздың әкесімен жақсы таныс екенін және сыпайы адамдар екенін айтты. Дәрігерлердің айтуынша, Алима түнгі сағат 03:00-те ауыр жағдайда ауруханаға түскен. Оқушы қыздың бірнеше дәрі-дәрмектен уланғаны анықталған. Оны жедел түрде жансақтау бөліміне жатқызғанымен, өмірін құтқара алмаған.
"Дәрі-дәрмектерден улану болды. Жансақтау бөлімінде алғашқы медициналық көмек толық көрсетілді. Көп мөлшерде инфузия жасалды, себебі бала уланған. Бұл уланумен түскенде істейтін негізгі емдеу шарасы", – деді облыстық балалар клиникалық ауруханасының ауыр соматика бөлімінің меңгерушісі Жанар Садықова.
Мұғалімдер Алима "Алтын белгіге" үміткер болғанын айтады. Алима ағылшын тілі курстарына қатысып, стюардесса болуды армандаған. Мектеп басшылығының айтуынша, оның ата-анасы баласының өміріне белсенді араласқан. Педагогтер бірден түсінік берді: оқушыға қатысты ешқандай қорлау немесе қатігездік байқалмаған.
"Қыз өте белсенді болды, барлық жарыстарға қатысты. Тоғыз жыл қатарынан сынып старостасы болды. 9-сыныпты үздік, қызыл аттестатпен бітірді. Оның мінезінде тиянақтылық бар еді, өз пікірі болатын. Ол "Алтын белгіге" үміткер болды. Айта кетейін, мектепте балаға ешқандай қысым көрсетілмеді. Қыздың анасы әрдайым мектеп жиналыстарына қатысып жүрді", – деді М.Мақатаев атындағы №13 орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сандуғаш Күзембаева.
Полицейлер Алима қауіпті интернет ойындар ойнамағанын және буллингке де қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
"Мотив пен жағдайлар анықталып жатыр. Сонымен қатар қыздың қазасының интернет ойындармен немесе буллингпен байланысты емес екенін нақтылаймыз. Алматы облысының Полиция департаменті әдейі жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертеді және ресми дереккөздерге сүйенуге шақырады", – деді Алматы облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Меруерт Морякова.
Полиция қылмыстық іс қозғап, сот-медициналық сараптама тағайындады.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында 14 жастағы қыздың өлімі туралы ақпарат әлеуметтік желілерде пайда болды. Трагедия туралы Өтеген Батыр ауылының тұрғындары хабарлаған. "Немолчи" қорының ақпаратына сәйкес, қыз бала 14 жаста болған, ал мектеп ұжымына бұл ақпаратты таратуға тыйым салынған.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.