Сенсіз төртінші қараша…: өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің жары әсерлі жазба жариялады
- авторОймақ
- Бүгін, 14:17
- 52
Астанада өрт кезінде адамдарды құтқарамын деп қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің жары Әнел Забикулина марқұм күйеуін еске алып, әлеуметтік желіде әсерлі жазба жариялады, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Ол күйеуінен айырылғанына төрт жыл өтсе де, сағынышы басылмағанын жеткізді. Әнел Забикулина кейде жолдасы есіктен кіріп келетіндей сезінетінін, әсіресе қыздарының әкесіз өсіп келе жатқаны жанына бататынын жазған.
«Сенсіз төртінші күз… Төртінші қараша… Уақыт өтіп жатыр, күндер ауысып жатыр, өмір өз ағысымен жалғасып жатыр. Бірақ менің жүрегімде уақыт тоқтап қалған бір күн бар… Сен кеткен күннен бері қанша таң атты, қанша кеш батты…Бірақ бір нәрсе өзгермеді – саған деген сағынышым. Кейде бәрі түс секілді көрінеді. Қазір есіктен кіріп келетіндей, даусыңды еститіндей, бәрі бұрынғы қалпына келетіндей. Бірақ артынша шындықпен қайта бетпе-бет келемін. Қыздарымыз өсіп келеді. Сен көрмеген сәттер, сен куә болмаған қуаныштар, айтылмай қалған әңгімелер көбейіп барады. Әрбір жетістігімде сені іздеймін. Әрбір қуанышымда жанымда болғаныңды қалаймын. Сағыныштың уақыты болмайды екен. Жылдар өтсе де, жүрек үйренбейді екен. Сен менің өткенім ғана емессің. Сен – жүрегімнің мәңгілік бір бөлшегісің», – деп жазды ол.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






