«Ахуал сегодня» YouTube-арнасының авторы әрі журналист Азамат Омаров әлеуметтік алауыздықты қоздырды деген іс бойынша кінәсін мойындап, өкініш білдірді. 15 қыркүйекте Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты оның кінәні мойындау туралы процессуалдық келісімін бекітті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Сот шешімінен кейін Омаров қамаудан босатылды. Оның адвокаты Төлеген Шайықовтың хабарлауынша, журналист қазір үйінде.
Сот қандай үкім шығарды?
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Азамат Омаровты ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.
Оған 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, осы мерзімге пробациялық бақылау белгіленді.
Сонымен қатар Омаровқа 5 жыл бойы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және публицистикалық қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Кінәні мойындау туралы келісімді өзі ұсынған
Соттың мәліметінше, қылмыстық іс кінәні мойындау туралы мәміле түріндегі процессуалдық келісіммен түскен. Келісімді Омаровтың өзі тергеу кезеңінде ұсынған.
Журналист кінәсін толық мойындап, өкініш білдірген. Сот отырысында да процессуалдық келісімді бекітуді сұраған.
Жаза тағайындау кезінде сот оның кінәсін мойындағанын, жасаған ісіне өкінетінін, кәмелетке толмаған балалары бар екенін және істі ауырлататын мән-жайлардың болмағанын ескерді.
Омаров не үшін сотталды?
Журналистке қатысты қылмыстық іс әлеуметтік алауыздықты қоздыруға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша қозғалған. Ол 18 шілдеде қамауға алынған болатын.
Бұған дейін қорғау тарабы журналистің қудалануын оның билік өкілдерін сынаған және сатиралық сипаттағы жарияланымдарымен байланыстырған еді. Омаров сол кезде тағылған айыпты мойындамай, материалдарының сатира мен юморға негізделгенін айтқан.
Даулы материалдарда не айтылды?
Омаров қамауға алынардан аз уақыт бұрын оның YouTube-арнасынан «Обнуление + мечеть святого Нурсултана» атты шығарылым өшірілген. Ақпарат бойынша, видео авторлық құқықтың бұзылғаны туралы шағымнан кейін бұғатталған.
Бұл шығарылымда журналист Қазақстандағы бас мешітке Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы шешімді сынға алып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік мерзімдерін «нөлдеу» тақырыбына ирониямен пікір білдірген. Сондай-ақ Ресейдегі жанармай тапшылығын сөз етіп, жағдайды Қазақстанмен салыстырған.
Қорғау тарапы не деді?
Адвокат Төлеген Шайықов бұған дейін журналисті қамауға алу туралы қаулыда Омаровтың сатиралық материалдары «қоғамда теріс пікір қалыптастыруы мүмкін» деп көрсетілгенін айтқан.
Қорғаушының мәліметінше, журналист үйінде ұсталып, тінту кезінде оның компьютері, телефондары және басқа да техникалық құралдары тәркіленген.
Бұған дейін «Шекарасыз тілшілер» (RSF) халықаралық ұйымы Қазақстан билігін Омаровқа тағылған айыптарды алып тастап, тәркіленген техникаларын қайтаруға шақырған. Ұйым журналистің ісін оның сатиралық роликтері мен билік өкілдерін сынаған материалдарымен байланыстырған.
Ал сол кезде экс-Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистің ұсталуына қатысты пікір білдіріп, қылмыстық істің сатира немесе шенеуніктерді сынауға байланысты емес екенін айтқан. Оның сөзінше, тергеу әлеуметтік алауыздықты қоздыру бабы бойынша жүргізілген.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





