Оқу-ағарту министрінің мектеп формасына қойылатын талаптарына қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
ҚМДБ мәлімдеуінше, Ислам шариғаты бойынша балиғат жасына жеткен мұсылман қызға орамал тағу – парыз. Діни басқарма бұл мәселедегі діни үкім өзгермейтінін атап өтті.
“Ислам шариғаты бойынша балиғат жасына жеткен мұсылман қызға орамал тағу – парыз. Бұл мәселедегі діни үкім өзгермейді. ҚМДБ бұған дейін де осы ұстанымды бірнеше рет ашық білдіріп, мектеп жасындағы қыздардың білім алуына кедергі келтірмей, діни міндетін орындауына мүмкіндік беретін оңтайлы шешім қабылдау жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстарын жеткізген. Атап айтқанда, мектеп формасының жалпы үлгісі мен түсіне үйлесетін орамалға рұқсат беру ұсынылған», - делінген мәлімдемеде.
Бұл ретте ҚМБД балиғат жасына жеткен мұсылман қыздардың мектеп формасына үйлесімді орамал тағуына мүмкіндік берілуі керек деп есептейді. ҚМДБ мәлімдеуінше, оқушының орамал тағуы оның білім алуына кедергі болмауы тиіс.
«Біздің пайымымызша, оқушының орамал тағуы оның білім алуына кедергі болмауы тиіс. Сол секілді білім беру ұйымдарының мұсылман қыздардың діни ұстанымына түсіністік танытуы мектепті лицензиядан айыруға негіз болатын мәселеге айналмағаны жөн. Осы себепті ҚМДБ орамал тағуға мүмкіндік берген жекеменшік мектептерді лицензиядан айыру секілді қатаң шараларды қолдануды құптамайды», - дей келе зайырлылық дінді жоққа шығару немесе азаматтың діни сенімін шектеу деген сөз емес екенін нақты білдірді.
Зайырлы мемлекетте дін мемлекеттен бөлінгенімен, азаматтардың ар-ождан бостандығына құрметпен қарау қағидаты сақталады.
«Зайырлылық – дінді жоққа шығару немесе азаматтың діни сенімін шектеу деген сөз емес. Зайырлы мемлекетте дін мемлекеттен бөлінгенімен, азаматтардың ар-ождан бостандығына құрметпен қарау қағидаты сақталады. Қазақстан заңнамасында да заңды діни қызметке кедергі келтіруге және адамның дінге көзқарасына байланысты азаматтық құқықтарының бұзылуына жол берілмейтіні көрсетілген», - делінген ұстанымда.
Діни басқарманың мәлімдеуінше, орамал мәселесі жылдар бойы қоғамда талқыланып келеді. Оны тек тыйым салу және әкімшілік шаралар арқылы шешу қоғамдағы түсініспеушілікті тереңдете түсуі мүмкін.
Осыған байланысты ҚМДБ Оқу-ағарту министрлігіне және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдарға мектеп формасының талаптарын сақтай отырып, балиғат жасына жеткен мұсылман қыздардың орамал тағуына мүмкіндік беретін нақты құқықтық тетікті қарастыруды ұсынады.
ҚМДБ мәлімдеуінше, балалардың әрі білімді, әрі тәрбиелі, әрі өз сеніміне құрметпен қарайтын азамат болып қалыптасуы маңызды.
Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы аталған мәселені мемлекеттік органдар, дін өкілдері, ата-аналар мен сарапшылардың қатысуымен сындарлы диалог арқылы шешуге дайын екенін жеткізді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп формасына қойылатын талаптарды бұзған, оның ішінде оқушы қыздарға орамал тағуға рұқсат берген мектептің лицензиясынан айырылуы мүмкін екенін айтқан болатын.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Шымкентте ер адам көршісін ұрып өлтірген
Ұқсас жаңалықтар
Қазгидромет Қазақстанның бірқатар өңірлеріне дауылды ескерту жариялады
- авторОймақ
- Бүгін, 06:53
Балалар денсаулығын қорғау: фастфуд өнімдері жарнамасына шектеу қойылмақ
- авторОймақ
- 9 қыркүйек, 2026




