жұма, 14 тамыз, 2026 14:19

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Нұрай Серікбайды өлтірген азамат өмір бойына сотталды

Нұрай Серікбайды өлтірген азамат өмір бойына сотталды
Видеодан кадр: otyrar.kz
Нұрай Серікбайды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Шерхан Аймаханнан сот 30 млн теңге өндірді.

Кеше Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты атышулы іс бойынша сот отырысы аяқталды. Сотталушы Шерхан Аймахан өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Шымкент соттарының Telegram-дағы арнасында үкімнің егжей-тегжейі жарияланды.

Сот анықтағандай, 2025 жылғы 4 қазанда сотталушы Нұрайды өз көлігіне отырғызып, Алматыдан Шымкент бағытына қарай жолға шыққан. Жолда ол жәбірленушіге "қарсыласқан жағдайда немесе басқа да әрекет жасайтын болсаң екеуміз жол-көлік апатына түсеміз" деп қорқытқан.

"Осыдан кейін 2025 жылғы 5 қазанда Шымкент қаласындағы үйіне алып келіп, жәбірленушінің қарсылығына қарамай, қолындағы ұялы телефонын тартып алып, еркінен тыс үйіне кіргізіп, некеге тұруға мәжбүрлеген. Алайда сол күні жәбірленушінің ағасы қарындасының өз еркімен келмегенін біліп, жәбірленуші өзін алып кетуді сұраған соң, оны алып кеткен.

Әрі қарай сотталушы 2025 жылғы қазан-қараша айларының аралығында жәбірленушінің Алматы қаласында уақытша жалдап тұрған пәтеріне және Шымкент қаласындағы үйіне бірнеше рет іздеп барып, аңдып, телефонына бірнеше рет қоңырау соғып, оның еркінен тыс қарым-қатынас жасауға тырысқан. Жәбірленуші абоненттік нөмірін ауыстырғанына қарамастан, сотталушы жаңа абоненттік нөмірін анықтап, жәбірленушіге тағы да көп рет қоңырау соққан", - делінген сот таратқан хабарламада.

2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкентте сотталушы Нұрай Серікбайға саябаққа серуендеп келу туралы ұсыныс жасаған, бірақ ол бұл ұсыныстан бас тартқан. Жәбірленушінің бұл жауабына намыстанып, сотталушы алдын ала өзімен дайындап келген туристік пышағымен жәбірленушіге соққылар жасай бастаған. Осы кезде оқиға орнына келген адамды байқап, өзінің іс-әрекетін тоқтатып, 5-6 метр жерге дейін қашып кеткен.

"Алайда сотталушы оқиға орнына қайтып келіп, алған ауыр дене жарақаттарынан жерге құлап, қиналып жатқан жәбірленушіге куәнің көзінше қайтадан көп соққы жасаған. Сотталушы жәбірленушіге жалпы 35 пышақ жарақатын салып, оны аса қатыгездікпен өлтірген", - деп толықтырды Шымкент соты.

Соттың мәліметінше, сотталушының кінәсі оның алғашқы мойындап берген жауаптарымен, куәлердің жауаптарымен, айғақ заттармен, сот сараптамаларының қорытындыларымен дәлелденген.

Сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Сот Шерхан Аймаханды ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінің 5) тармағымен, 125-1-бабының 1-бөлігімен және 115-1-бабымен кінәлі деп танып, оған қылмыстар жиынтығымен түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза кескен.

Сонымен қатар жәбірленушің талап арызы ішінара қанағаттандырылып, сотталушыдан жәбірленушінің пайдасына моральдық зиян ретінде 25 млн теңге және адвокаттың қызметі үшін 5 млн теңге өндірген.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар