Жасанды интеллект еңбек нарығын өзгертуде: қай мамандықтарға сұраныс сақталады?
- авторОймақ
- Бүгін, 09:53
- 19
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2035 жылға дейін жасанды интеллект 14 мамандықты толық автоматтандыруы мүмкін. Сонымен қатар 500-ден астам кәсіптің еңбек мазмұны айтарлықтай өзгереді. Қазіргі зерттеулерге сәйкес, мамандықтардың 53 пайызында жекелеген еңбек функцияларын автоматтандыруға болады, ал қызметкерлердің шамамен 70 пайызы жасанды интеллектінің көмегімен еңбек өнімділігін арттыра алады.
Qazaq Expert Club-тың HR және мемлекеттік қызмет саласындағы сарапшысы Асқар Есімсейітовтің айтуынша, бұл өзгерістердің алғашқы белгілері қазірдің өзінде байқалып отыр. Банктік қызметтер, мемлекеттік қызмет көрсету, билет сатып алу және құжат айналымы сияқты көптеген процесс толықтай цифрлық форматқа көшкен.
Сарапшының пікірінше, автоматтандыру ең алдымен қайталанатын және бірсарынды жұмыстарға әсер етеді. Бұған кассирлер, банк операцияларының мамандары, деректерді енгізу операторлары, әкімшілік қызметкерлердің бір бөлігі және колл-орталықтардың алғашқы желісіндегі операторлар жатады. Қазірдің өзінде жасанды интеллект стандартты сұрақтарға жауап беріп, құжаттарды өңдеп, хаттардың жобасын әзірлеу сияқты міндеттерді жылдам орындай алады.
Дегенмен, бұл еңбек нарығында жұмыс орындары тек қысқарады дегенді білдірмейді. Дүниежүзілік экономикалық форумның болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай әлемде технологиялық өзгерістердің нәтижесінде 92 миллион жұмыс орны жойылғанымен, олардың орнына шамамен 170 миллион жаңа жұмыс орны пайда болады. Алайда жаңа қызметтер мүлде басқа дағдылар мен біліктілікті талап етеді.
Асқар Есімсейітовтің айтуынша, бүгінде барлық маманға бағдарламашы болудың қажеті жоқ. Керісінше, өз саласын жетік меңгеріп, жасанды интеллектіні тиімді құрал ретінде пайдалана алатын бухгалтерлер, заңгерлер, HR-мамандар, маркетологтер мен менеджерлер еңбек нарығында жоғары бағаланады.
Оның сөзінше, дәстүрлі мамандықтардың мазмұны да өзгеріп келеді. Мәселен, бухгалтерлердің жұмысы есеп жүргізуден талдауға қарай ойысып жатыр. HR-мамандар цифрлық іріктеу жүйелерімен жұмыс істесе, заңгерлер құқықтық құжаттарды талдауда жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдана бастады. Ал дизайнерлер үшін техникалық орындаудан гөрі шығармашылық тұжырымдама әзірлеу маңыздырақ бола түсуде.
Сарапшы инженерлерге, энергетиктерге, құрылысшыларға, логистика және көлік саласының мамандарына, сондай-ақ білікті жұмысшы кадрларға сұраныс ұзақ уақыт бойы жоғары деңгейде сақталатынын айтады. Сонымен қатар дәрігерлер, педагогтер, психологтер, әлеуметтік қызметкерлер және күтім көрсету саласының мамандары сияқты адаммен тікелей қарым-қатынасқа негізделген кәсіптер де өз маңызын жоғалтпайды.
Клиенттермен жұмыс істеу және сату саласында да адам факторының рөлі сақталады. Жасанды интеллект қарапайым кеңес беру немесе хат алмасуды автоматтандырғанымен, келіссөз жүргізу, сенім қалыптастыру және клиентпен ұзақ мерзімді қарым-қатынас орнату әзірге адамның құзырында.
Сарапшы қазіргі өзгерістер әсіресе персоналды басқару саласында айқын көрінетінін атап өтті. Жасанды интеллект бос жұмыс орнының сипаттамасын дайындап, жүздеген түйіндемені саралап, бастапқы іріктеуді бірнеше минут ішінде жүргізе алады. Соған қарамастан, кандидаттың кәсіби және жеке қасиеттерін бағалау, оның ұжымға бейімделу мүмкіндігін анықтау сияқты шешімдерді әзірге адам қабылдайды.
Маманның айтуынша, бүгінгі еңбек нарығында жаңа технологияларды тез меңгеру, аналитикалық ойлау, коммуникация дағдылары, өзгерістерге бейімделу және өмір бойы білім алуға дайын болу басты артықшылыққа айналып келеді. Сондықтан еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілік жинақталған білім көлемімен емес, жаңа жағдайға бейімделіп, кәсіби дағдыларды үздіксіз жаңарта алу қабілетімен өлшенеді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.




