Емхананы онлайн ауыстыруға болады: өтініш бір жұмыс күнінде қаралады
- авторОймақ
- Бүгін, 08:58
- 23
Емханаға тіркелу – азаматтың алғашқы медициналық-санитарлық көмек (МСАК) көрсететін ұйымға ресми бекітілуі. Осы арқылы тұрғындар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясындағы қызметтерді ала алады. Бұл ретте емханаға тіркелу мен МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесі екі бөлек рәсім екенін ескерген жөн.
Азаматтар тұрақты немесе уақытша тұратын қала, аудан немесе облыс аумағындағы кез келген емхананы таңдай алады. Ал шекаралас елді мекен тұрғындарына өзіне жақын орналасқан көршілес ауданның медициналық ұйымына тіркелуге мүмкіндік берілген.
Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, жыл сайын 1 қыркүйек пен 1 қараша аралығында еркін тіркелу науқаны өтеді. Осы кезеңде тұрғылықты мекенжайын өзгертпей-ақ басқа емханаға ауысуға болады. Мұндай жағдайда жаңа емханадағы қызмет көрсету келесі жылдың қаңтарынан басталады. Бұдан бөлек, көшіп-қону немесе заңда көзделген өзге де жағдайларда емхананы жыл бойы ауыстыруға рұқсат етіледі.
Денсаулық сақтау министрлігі 2026 жылы емхананы жылдың кез келген уақытында ауыстыруға мүмкіндік беретін өзгерістер жобасын қоғамдық талқылауға шығарған. Алайда бұл түзетулер әзірге ресми түрде қабылданған жоқ.
Қызметті eGov.kz порталы арқылы алу үшін пайдаланушы электрондық цифрлық қолтаңба, NCALayer немесе Digital ID көмегімен жүйеге кіріп, «Денсаулық сақтау» бөліміндегі «Емханаға тіркелу» қызметін таңдауы қажет. Одан кейін тұрғылықты мекенжайы мен қажетті медициналық ұйымды көрсетіп, өтінішке қол қояды. Өтінімнің орындалу барысын «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінен бақылауға болады.
Сондай-ақ қызмет eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы да қолжетімді. Өтініш беру тәртібі порталдағы рәсіммен бірдей.
Өтініш бір жұмыс күні ішінде қаралады. Егер құжат жұмыс уақытынан кейін, демалыс немесе мереке күндері жіберілсе, қарау мерзімі келесі жұмыс күнінен бастап есептеледі.
Бұл қызмет арқылы баланы немесе қамқорлықтағы әрекетке қабілетсіз отбасы мүшесін де емханаға тіркеуге болады. Ол үшін заңды өкіл екенін растайтын құжаттарды, мысалы, туу туралы куәлікті немесе қорғаншылық құжаттарын ұсыну қажет.
Егер медициналық ұйым тіркеуден бас тартса, оның нақты себебін көрсетуге міндетті. Бас тартуға дәрігердің жүктемесінің шектен тыс болуы немесе қажетті құжаттардың толық ұсынылмауы себеп болуы мүмкін.
Мәселе туындаған жағдайда алдымен таңдалған емханаға жүгіну ұсынылады. Егер мәселе шешілмесе, 1414 байланыс орталығына хабарласуға немесе Денсаулық сақтау министрлігіне ресми өтініш жолдауға болады. Мамандар емхана ауыстыруды медициналық көмек шұғыл қажет болған сәтке қалдырмай, алдын ала рәсімдеуге кеңес береді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






