дүйсенбі, 27 шілде, 2026 10:52

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Қазақстандық брендтің "Борат" образындағы жарнамасы жұртшылықтың наразылығын тудырды

Қазақстандық брендтің "Борат" образындағы жарнамасы жұртшылықтың наразылығын тудырды
Дүкеннің ресми парақшасында жарияланған.

Қазақстандық бренд Shokan Suits-тің «Борат» образындағы жарнамасы жұртшылықтың наразылығын туғызды. Ерлер киімін тігетін дүкеннің ресми парақшасында «Борат» образында киінген модельдің ролигі жарияланған, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz. сайтына сілтеме жасап. 

Ізінше ролик өшірілгенімен, желі қолданушылары бұл роликті қызу талқылап, қазақ халқын келемеждейтін образды контентке айналдыру дұрыс еместігін айтып, пікір жазып жатыр.

Кейін брендтің негізін қалаушы, белгілі кәсіпкер Ұлықбек Шарипов жеке парақшасында мәлімдеме жариялап, түсініктеме берді.

«Бүгін бірнеше ай бұрын жарияланған ескі видеомызға байланысты брендімізге қатысты қызу талқылау басталды. Сіздердің пікірлеріңізді көрдік. Аталған видеоны алып тастадық. Біздің мақсатымыз Бораттың бейнесін хайп үшін пайдалану немесе Қазақстанға, қазақ халқына, ұлттық мәдениетімізге не мемлекеттік тілімізге құрметсіздік көрсету болған жоқ. Бірақ егер қоғам оны дәл солай қабылдаса, демек, біз бұдан міндетті түрде сабақ алуымыз керек», – дейді кәсіпкер.

Сонымен қатар ол барлық пікірді мұқият оқып шыққанын және оларды міндетті түрде ескеретінін айтып жеткізді.

«Біз үшін Қазақстанға, қазақ тіліне және ұлттық құндылықтарға деген құрмет – жай ғана сөз емес. Біз қазақстандық брендті осы елде дамытып келеміз, жұмыс орындарын ашып, білім саласына инвестиция салып жатырмыз. Сонымен қатар оқыту қазақ және ағылшын тілдерінде жүргізілетін мектеп аштық, онда аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың шамамен 40%-ы толық грантпен білім алады», – дейді ол.

Сонымен қатар ол алдағы уақытта дүкеннің ресми парақшасында қазақша контент үлесін арттыра түсіретінін тілге тиек етті.

«Контентіміздің тіліне қатысты да пікірлерді де түсінеміз. Бүгінде аудиториямыздың едәуір бөлігі – орыс тілді оқырмандар, сондықтан контенттің бір бөлігі сол аудиторияға бейімделіп орыс тілінде жарияланады. Бірақ бұл қазақ тіліне деген құрметтің жоқтығын білдірмейді. Біз қазақ тілінде де тұрақты түрде контент жариялап келеміз және алдағы уақытта оның үлесін одан әрі арттыра береміз. Біз үшін әрбір оқырманның өзін құрметтелген сезінуі маңызды.Кез келген адам да, кез келген компания да қателесуі мүмкін. Ең бастысы, қателікті мойындап, одан сабақ алып, қайталамауға тырысу. Бүгін біз дәл осыны жасап жатырмыз.Бейжай қалмай, өз пікірін білдірген әр адамға рақмет. Біз сіздерді естідік және бұдан да жақсы болуға тырысамыз», – дейді кәсіпкер.

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар