Алматы қаласының Алмалы аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотында мемлекеттік айыптаушы блогер Әділетхан Молдаханға тағылған айыпты ауырлау бапқа қайта саралады. Бүгін, 3 шілдеде өткен сот отырысында прокурор тиісті мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz informburo.kz-ке сілтеме жасап.
Сотта айыпталушының соңғы сөзі тыңдалады деп күтілген болатын, алайда прокурордың жаңа уәжіне байланысты процесс кейінге шегерілді. Бастапқыда Әділетхан Молдаханға Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы (онлайн-платформаларды пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша айып тағылса, енді іс осы баптың 3-бөлігімен (ірі залалға немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан көрінеу жалған ақпарат тарату) қаралмақ. Бұл баптың санкциясы 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Сот қорғаушы тарапқа жаңа айыптау позициясына дайындалу үшін уақыт беріп, келесі отырысты 9 шілдеге белгіледі.
Айыпталушының адвокаты Нұртуған Өмірзақ журналистерге берген сұхбатында жаңа саралаудың ықтимал жазаға әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, прокурор айыптаудан жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар туралы 54-бапты алып тастаған.
"Сот жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, неғұрлым жеңіл жаза тағайындау туралы 55-бапты қолдануы мүмкін. Ондай жағдайда ең жоғары жаза мерзімі санкцияда көзделген мерзімнің жартысынан, яғни бес жылдың жартысы – екі жыл алты айдан аспауы тиіс", – деді адвокат Нұртуған Өмірзақ.
Қорғаушы соттан Молдаханның қамауда отырған уақытын да есепке алуды сұрайтынын жеткізді. Айта кетейік, бұл іс бойынша Алматы қалалық полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы жетекшісі Серік Шумаев жәбірленуші деп танылған. Блогер Әділетхан Молдахан осы жылдың 21 наурызына қараған түні Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған қайғылы жол апатынан кейін заң органдары қызметкерлерінің түндегі жарыстарды ұйымдастыруға қатысы бар деген мазмұнда видео жариялағаны үшін 31 наурызда ұсталып, екі айға қамауға алынған болатын.
Ал апатқа себепкер болған "Zeekr" автокөлігінің жүргізушісі Александр Пак өз кінәсін толық мойындап, биылғы 22 маусымда сот шешімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Аталған жол апатынан кейін ІІМ Алматы қалалық ПД бірқатар басшыларын қызметінен босатқан еді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






