8 наурыз қарсаңында алаяқтар көбейеді: Бас прокуратура қазақстандықтарға ескерту жасады
- авторОймақ
- Бүгін, 09:33
- 22
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында алаяқтық фактілері жиілеуі мүмкін, деп хабарлайды Oimaqnews.kz.
Осыған байланысты Бас прокуратура азаматтарды сақ болуға шақырып, мереке күндері интернет пен телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерден сақтануға кеңес берді.
Алаяқтар сізге тапсырыс бар деп код сұрайды
Ведомствоның мәліметінше, алаяқтар мереке кезіндегі қарбаласты пайдаланып, адамдардың ақшасы мен жеке деректеріне қол жеткізуге тырысады. Әсіресе гүлдер мен сыйлықтарға тапсырыстың көбейгенін және онлайн төлемдердің артқанын пайдаланып, түрлі сылтаумен хабарласуы мүмкін.
Сондай-ақ жалған ұтыс, акция немесе бонус туралы хабарлап, телефонға келген растау кодын айтуға көндіруге тырысады. Кей жағдайда өздерін банк қызметкері, қауіпсіздік қызметінің өкілі немесе курьерлік компания қызметкері ретінде таныстыруы мүмкін.
Бас прокуратура мұндай кодтардың қаржылық операцияларды растауға арналған құпия құрал екенін еске салды.
«Бір реттік SMS-код қаржылық операцияларды растауға арналған құпия құрал екенін есте ұстаған жөн. Мұндай кодты үшінші тұлғаларға беру ақшалай қаражаттың есептен шығарылуына, несие рәсімделуіне немесе банк қосымшаңызға қол жеткізілуіне әкеп соғуы мүмкін», – делінген хабарламада.
Жалған жарнамаға алдаңбаңыз
Сондай-ақ мереке қарсаңында әлеуметтік желілерде жалған дүкендер де көбейетіні айтылды. Алаяқтар Instagram мен TikTok платформаларында гүлдер мен сыйлықтарды арзан бағамен ұсынып, алдын ала төлем сұрайды. Ақша аударылғаннан кейін мұндай парақшалар жабылып, сатушымен байланыс үзілетін жағдайлар кездеседі.
«Гүлдер мен сыйлықтарды тек сенімді сатушылардан тапсырыс беруге, төлем жасаған кезде алушының деректемелерін мұқият тексеруге және қандай жағдай болмасын бөгде адамдарға SMS-кодтар мен банк деректерін бермеуге кеңес береміз», – деп ескертті Бас прокуратура.
Ведомство күмәнді жағдай туындаса, банкке ресми нөмір арқылы хабарласып, қажет болса құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырды. Мамандардың айтуынша, қарапайым цифрлық қауіпсіздік ережелерін сақтау азаматтардың қаржысы мен жеке деректерін қорғауға көмектеседі.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





