сәрсенбі, 4 наурыз, 2026 17:33

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Таяу Шығыстан 946 қазақстандық елге қайтарылды: эвакуация жалғасып жатыр

Таяу Шығыстан 946 қазақстандық елге қайтарылды: эвакуация жалғасып жатыр
Нұрбибі Теміртасова/ Kazinform
Бұл туралы Қазақстан Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті мәлімдеді.

 

Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты Қазақстан азаматтарын елге қайтару жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Қазақстан Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды  Oimaqnews.kz 

Ведомство дерегінше, 4 наурыз күні Қазақстан әуежайларына Таяу Шығыс елдерінен оралған азаматтар мінген бірнеше рейс қонды.

Air Astana әуе компаниясы Медина және Жидда қалаларынан бірқатар рейс орындады. Ақтауға ұшып келген рейс 21:28-де қонып, бортта 142 жолаушы болды.

Атырауға түнгі уақытта үш рейс жетті:
– Мединадан 145 жолаушысы бар ұшақ 01:19-де қонды;
– Жиддадан тағы екі рейс 02:50 және 03:34-те келіп, олармен 174 және 179 жолаушы жеткізілді.

Сонымен қатар SCAT Airlines Алматы – Маскат – Алматы бағыты бойынша Boeing 767 ұшағымен (шамамен 290 орын) рейс орындап жатыр.

Көлік министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытқа дейін Қазақстанға барлығы 946 азамат қайтарылған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қақтығыс аймағынан азаматтарды шығару үшін алғашқы эвакуациялық рейстер ұйымдастырылғанын хабарлаған болатын. Алматы – Маскат – Алматы бағыты бойынша екі рейс жоспарланған.

Алғашқы топтағы 278 қазақстандық таңертең құрлық арқылы Маскат қаласына жеткізілген. Оларды Дубай қаласындағы Қазақстанның Бас консулдығы қызметкерлері алып жүрген. БАӘ мен Оман шекарасында азаматтарға шекаралық рәсімдерден жедел өту үшін консулдық көмек көрсетілген.

Кейін осы бағытпен тағы 189 қазақстандықтың ұшуы жоспарланған. Осылайша жалпы 467 азамат елге қайтарылады.

Азаматтарды эвакуациялау құрлық жолымен де жүзеге асырылуда. Қазақстанның Тегеран, Ашхабад және Горган қалаларындағы дипломатиялық өкілдіктері 15 азаматтың Иран мен Түрікменстан шекарасындағы «Инчебурун» бекеті арқылы қауіпсіз өтуін қамтамасыз еткен. Кейін олардың Ақтауға жетуіне көмек көрсетілген.

Сонымен қатар дипломаттар Ираннан «Заркух» компаниясының қалған 35 қызметкерінің шығуын ұйымдастырды. Олар автобуспен Иран мен Армения шекарасын кесіп өткен.

Бұған дейін Flydubai 3 наурыз күні Дубай – Астана және Дубай – Алматы бағыттарында екі рейс орындап, 306 жолаушыны тасымалдаған.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Алибек Бакаев Қазақстан алдағы екі күн ішінде БАӘ мен Қатардан Оман және Сауд Арабиясы арқылы 800-ден астам азаматты елге қайтаруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

СІМ мәліметінше, қазір БАӘ-де 3,5 мың қазақстандық, Сауд Арабиясында шамамен 3 мың, Қатарда 1,5 мың адам бар. Ал Иранда – 82, Бахрейнде – 168, Кувейт пен Иорданияда – әрқайсысында 134 азаматтан, Израильде шамамен 100 қазақстандық жүргені айтылды.

 

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар